Конгресс

Выступление Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева

Основные направления экономической политики государства, И.Н.Тасмагамбетов.

Резолюция III Конгресса финансистов Казахстана

Толығырақ...

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан қаржыгерлерінің ІІ Конгресінде сөйлеген сөзі

Алматы, 1999 жылғы 15 қараша

 

Қаржыгерлердің ІІ Конгресіне құрметті қатысушылар!

Қымбатты меймандар!

 

Сіздерге шын жүректен сәлем жолдаймын және осы Конгрестің ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін.

Бұл ржыгерлер күні өткізіліп отырған екінші мәжіліс. Мен бұл оқиғаға зор мәнберемін, Конгреске қатысушылардың бәріне сәтті жұмыс тілеп, қаржы қызметкерлерін басталған кәсіптік мерекесімен құттықтаймын.

Естеріңізде болар, Бірінші Конгресте инвестициялық мүмкіндіктер жасау және экономиканы дамытудың маңызды мәселелерін шешу үшін жаңа қаржы құралдарын қалыптастыру проблемалары кеңінен талқыланған-ды.

Өткен кезеңде қаржы рыногін дамытудың маңызды мәселелері шешілгенін атап айтуға болады. Жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банкілердегі мерзімді салымдарын ұжымдық міндетті сақтандыру Ережелері әзірленіп, енгізілді. Муниципалдық бағалы қағаздар рыногін дамытуға жол ашылды. Салық және кеден заңнамасын өзгерту жөніндегі жұмыс басталды, ол нақты секторды ынталандыруға және дамытуға бағытталды.

Халықтың жинақ ақшасын ынталандырып, тарту мәселелері бойынша оңтайлы шешімдер іздестіріле бастады.

Халықты тарта отырып инвестицияландырудың ұжымдық пішіндерін енгізу, бағалы қағаздар рыногін, сақтандырылатын жинақтаушы жүйелерді одан әрі дамыту қажеттігі атап өтілді.

Жоспарланған міндеттерден алдағы уақытта әлі де көп істі тындыру керек, демек, осы жылдың мамырында көтерілген проблемалық мәселелердің бәрін шешуді жеделдету қажет.

Алайда, бүгін таңда кейбір қорытындыларды жасап, қаржыгерлердің алдына экономикада болған өзгерістерден туындаған жаңа міндеттерді қоюға болады.

Бірінші. Теңгенің еркін өзгермелі бағамын енгізудің алдын-ала шығарылған қорытындылары туралы қазірдің өзінде айтуға болады.

Үшінші тоқсанда сауда балансы оң болғаны, доллармен есептегенде экспорттың көлемі бірінші тоқсанмен салыстырғанда 60 пайызға өскені неғұрлым елеулі жәйіт.

Қазанда теңгенің бағамы біраз нығайды, ал Ұлттық банкінің алтын-валюталық сақтық қоры бір айда АҚШ-тың 143 миллион долларына өсті.

Менің ұсынысым бойынша Ұлттық банкінің экспорттан алынған түсімнің 50 пайызын міндетті түрде сатудың күшін жою жөніндегі қабылдаған шешімі де рыноктағы тұрақтануды және теңгеге деген сенімнің арта түскенін көрсетеді.  Инфляция деңгейі үшінші тоқсанда және қазанда жеткілікті түрде төмен болды және қайта қаржыландыру мөлшерлемесі 18 пайызға дейін төмендеді.

Экономикалық жағдаят біраз жақсарып отырған жағдайда Үкімет пен Ұлттық банкінің үйлестірілген іс-қимылымен оң тенденцияларды қолдау қажет.

Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қаржы және өндіріс секторларындағы барлық шаралардың жалпы экономикалық саясатты бірауыздан түсінушілікке сай келуі қажет.

Тиісінше, ақша-несие саясаты нақты сектордың проблемаларына неғұрлым баламалы саясат болуға тиіс.

Екінші. Теңге бағамының ауытқуына қарамастан соңғы жарты жылда банк жүйесінде халық пен заңды тұлғалар салымдарының тек шетел валютасымен ғана емес, сонымен бірге ұлттық валютамен де ұдайы құйыла бастағаны байқалды.

Соңғы жарты жалда банк жүйесіндегі депозиттер атаулы түрде 74 пайызға (бағамдағы айырманы есептемегенде – 42 пайызға) өсті, сөйтіп қазір 126 миллииардтан астам теңгені құрайды.

Бұл соманың үштен біріне жуығы – 41 миллиард теңге – халықтың салымдары болып табылады. Олар 40 пайызға дерлік артты (бағамдағы айырманы есептемегенде – 12 пайызға артты).

Бұған Ұлттық банкінің банк жүйесін нығайту жөніндегі алдыңғы жылдары қолданған шаралары, сондай-ақ жаңа жағдайларға тез бейімделе алған банкілердің өздерінің сауатты іс-қимылдары да жәрдемдесті.

Салымдардың өсуі экономиканы несиелендіруге оң ықпалын тигізді. Осы уақыт ішінде несиелердің көлемі бір жарым есе дерлік өсіп, 142 миллиард теңгені құрады. Орта мерзімді  және ұзақ мерзімді несие үлесінің көбеюінің (39 пайыздан 47 пайызға дейін) тұрақты тенденциясы да байқалып отыр.

Сонымен бірге мемлекеттік бюджеттің кірісін қалыптастыруда және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқаратын өнеркәсіпті несиелендіру небәрі 32 миллиард теңгені құрайды (бағамдағы айырманы есептемегенде өткен жылғыдан аз), яки барлық несиенің төрттен бірінен төмен (салыстыру үшін, саудада ол 36 миллиард теңгеге тең).

Әлбетте, несиелендірудің қазіргі тетігі шеңберінде таяудағы уақытта нақты секторды қаржыландыру айтарлықтай өседі деп күту қиын.

Банкілердің депозиттік базасында қысқа мерзімді депозиттердің басым болуы себепті олар негізінен қысқа мерзімді несие түрінде берілуі мүмкін.

Алайда экономиканың нақты секторының өрлеуі негізгі құрал-жабдыққа ұзақ мерзімді инвестициялар салуды талап етеді. Бұл экономиканың әбден ескірген негізгі қорларды жаңғыртып, қайта жарақтандыруды көп қажетсінуінен туындап отыр.

Сондықтан, әзірге пайдалы жобалардың, бірінші сыныпты қарызгерлердің және ұзақ мерзімді несиелендірудің тапшылығы проблемасы болып отырғанда Қазақстанның қаржы институттарын қайта құру жөніндегі батыл да шұғыл шараларды қолдану талап етілуде.

Бүгін таңда мемлекеттің несие саясатының негізін мыналар құрауға тиіс:

отандық өндірісті дамытуға жәрдемдесу және экспорттық операцияларды несиелендіруге жәрдемдесу;

экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының бірінші сыныпты коммерциялық вексельдерін есепке алатын банкілерді вексельдік қайта қаржыландыру тетігін енгізу;

ипотекалық несиелендіру жүйесі мен құрылыстық жинақ ақша жүйесін енгізу;

қаржы лизингісін енгізу;

қор рыногін енгізу.

Өзінің жұмысында тек алып-сатарлыққа ғана баса ден қоймай, қайта ең алдымен сүбелі несие қоржынына иек артып отырған банкілер неғұрлым орнықты банкілер екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп берді.

Үшінші. Бүгін – біздің ұлттық валютамыз – теңгенің енгізілгеніне алты жыл толды. Өздеріңізге мәлім, ұлттық валютаның күші оның басқа валюталарға айырбасталу бағамында ғана емес, сонымен бірге еліміз халқының қажеттеріне толық көлемде қызмет көрсете алуында.

Әрине, бұл тек ұлттық валютаға толық сенгенде ғана мүмкін болмақ. сонымен бірге теңгеге сенімді нығайтуға нақты сектордың тиісті халіне қол жеткізбейінше және банк жүйесінің сенімділігін арттырмайынша қол жеткізу мүмкін емес.

Осы проблемалардың шешілуі, өз кезегінде, бізде бар ресурстарды пайдалануға байланысты. Өздеріңізге мәлім, сарапшылардың бағалауынша, банкіден тыс жүйеде бір жарым миллиард АҚШ доллары сомасында қолма-қол шетелдік валюта айналыста жүр.

Олар ел экономикасына қызмет етпейді, өйткені не «текшелерде» жатыр, не тауарлар мен көрсетілетін қызметтер, шетел банкілеріне салынған салымдар түрінде, сондай-ақ ұлттық валютаны ақша айналысынан ығыстыру жолымен дамыған елдердің экономикасына қызмет көрсетуде.

Ал Қазақстан экономиканы дамытуға елеулі пайызбен көп көлемде шетелдік несие тартуға мәжбүр болып отыр.

Осыған байланысты ваюталық реттеу жөніндегі заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің мүлтіксіз орындалуын неғұрлым қатаң қадағалау қажет. Теңге ішкі ақша айналысындағы бірден-бір заңды төлем құралы ретінде пайдаланылуға тиіс.

Меншікті қаражаттың тиімді де сенімді сақталуы үшін халыққа қосымша мүмкіндіктер беру керек.

Экономиканың «долларлануын» еңсерген жөн. Бұл үшін бірқатар дәйекті шараларды іске асыру қажет.

Олардың ішінде мына шараларды ерекше бөліп көрсетемін:

қолма-қол ақша айналымының көп бөлігін қолма-қол ақшасыз айналымға аудару;

есеп айырысу кезінде ұлттық және шетелдік валютаның пайдаланылу аясын бір мәнде айқындайтын заңнаманы жетілдіру;

қорланудың долларға баламалы құралдарын дамыту.

Төртінші. Қазіргі Конгресс жинақ ақша мен қорланудың өркениетті пішіндерін енгізу қағидаттарын талдап жасауға тиіс.

Ұлттық банк екінші деңгейдегі банкілермен, Банкілер қауымдастығымен және Қаржыгерлер қауымдастығымен бірге бесінші қарашадан бастап жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банкілердегі мерзімді салымдарын Ұжымдық міндетті сақтандыру Ережелерін енгізді. Сақтандыру жүйесі шеңберінде жарғылық капиталы бір миллиард болатын «Салымдарға кепілдік берудің қазақстандық қоры» ЖАҚ құрылмақ.

Қазақстанның қызметті халықаралық стандарттар негізінде жүзеге асыратын неғұрлым тұрақты банкілері жүйеге қатысушыларға айналады. Бізде осындай 15 банк бар. Бұл банкілер халықтың барлық мерзімді салымдарының 90 пайыздан астамын қамтиды.

Үкіметте банк құпиясын құрайтын мәліметтерді мемлекеттік органдардың алуы құқығын шектейтін заңнамалық актілердің жобасы қазір пысықталып жатыр.

Азаматтардың банкілердегі дербес шоттарындағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы деректерді анықтау және алдын ала тергеу органдарына тек прокурордың санкциясы болғанда, ал салық және кеден органдарына бірінші басшыдан жазбаша сұрау салу түскенде ғана берілетін болады.

Жеке тұлғалардың банкідегі ақшасы мен мүлкіне тек прокурор санкция берген соттардың, анықтау және алдын ала тергеу органдарының  қаулылары негізінде ғана тыйым салынуы мүмкін

Қаржы секторына халықтың жинақ ақшасын тартуға неғұрлым қолайлы жағдай жасау үшін ең алдымен клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру және депозиттік өнімдердің ауқымын кеңейту қажет.

Банкілер халықтың депозиттерін сенімді орналастырудың түрлі пішіндерін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлуге тиіс. Ұжымдық сақтандырудың құрылатын банк аралық жүйесімен қатар мұның өзі банкілердің ресурстық базасын кеңейтеді, отандық тауар өндірісі мен қызмет көрсетуге инвестиция салуға және несие беруге ынталандырады.

Сонымен бірге халықтың қаражатын салу құралдарының басқа түрлерін де – сақтандыру полистерін, инвестициялық алтын мәнеттерді, бағалы қағаздарға салымдарды және басқаларды да дамыту қажет.

Бесінші. Бейбанкілік қаржы институттарының қорланым мен жинақ ақшаны ынталандыру жүйесін дамытуға салымы қазіргіден гөрі әлдеқайда жоғары болуға тиіс екенін тағы да атап өткім келеді.

Конгреске банкирлерден басқа сақтандыру ұйымдарының, зейнетақы қорларының, активтерді басқару компанияларының, қор рыногіне кәсіпқой қатысушылар мекемелерінің өкілдері мен басқа да қаржыгерлер қатысып отырғандықтан да осы жайында айтамын.

Сондықтан назарды тек банк жүйесін ғана дамыту мәселелерінен қаржы рыногінің басқа да буындарына аудару қажет. Ал бұл ең алдымен сақтандыру рыногіне қатысты.

Қолданыстағы сақтандыру заңнамасының жетілдірілмегендігі, сақтандыру компанияларының капитал деңгейінің және қызмет көрсету сапасының төмендігі, өмірді сақтандырудың іс жүзінде жоқтығы сақтандыру рыногінің неғұрлым өткір проблемаларының бірі болып қалып отыр.

Ұлттық банкінің сақтандыруды қадағалау органы ретіндегі атқарымын кеңейтуге мүмкіндік беретін заңнамалық базаны жасау үшін шара қолдану қажет.

Сақтандыру ұйымдары мен брокерлерінің қызметін реттеу мен лицензиялау жөніндегі жұмысты жүзеге асыру, сақтандыру ұйымдарының ашылуы мен жабылуын реттеу жөніндегі, сондай-ақ сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығы талаптарын белгілеу қажет.

Бірақ бұл жеткіліксіз ─ сақтандыру рыногі әлеуметтік қорғаудың жалпы жүйесінің дамуымен тікелей байланысты. Онсыз толымды жүйе құрудың сәті түспейді.

Келешекте зейнеткерге зейнетақы қорындағы өзінің жинақтаушы шотынан қаражатты өмірді сақтандыру компаниясына аударуына мүмкіндігі болатындай жағдай жасау қажет. Бұл компания оған ай сайын рента төлеп тұрады.

Мүгедектік бойынша және асыраушысынан айрылуы бойынша жәрдемақыны да сақтандыру компаниялары жинақталған жарналар есебінен төлей алар еді.

Сақтандыру рыногін одан әрі дамыту ең алдымен сақтандыру компанияларының қызметін қадағалау және реттеу жүйесін жетілдірумен және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендірумен байланыстырылуға тиіс.

Сақтандыру ұйымдарының қызметін капиталдандыруға және  басқа көрсеткіштерге қойылатын талаптарды күшейту керек. Бұл үшін Ұлттық банкіге дамытудың стратегиялық бағыттарын мүмкіндігінше тезірек айқындауды және тиісті мемлекеттік бағдарлама қабылдауды тапсырамын.

Алтыншы. Ағымдағы кезеңде елдің қаржы жүйесін нақты секторды инвестициялауға бағдарлау міндеті алға қойылып отыр. Алайда, қаржы рыногінің қазіргі жағдайында бұл тым проблемалы мәселе болып көрінеді.

Инфляция салдарынан қаржы активтерінің құны азайғаны, мұның өзі бағалы қағаздардың ішкі инвесторлар үшін тартымдылығын төмендеткені мәлім.

Сондықтан қазіргі кезде қор рыногі, мемлекеттік шаралармен ынталандырылмаса, елеулі даму жолына түспейді.

1999 жылы маусымда бекітілген жекешелендірудің және мемлекеттік мүліктің басқарылуын жақсартудың кешенді бағдарламасын дәйектілікпен орындау қажет. Ол, өздеріңіз білесіздер, «көгілдір фишкалардың» қатарынан акциялардың мемлекеттік пакеттерін сатуды, ірі кәсіпорындардың жекешелендірілуін, «екінші эшалондағы» кәсіпорындардың жекешелендірілуінің аяқталуын көздейді.

Сондай-ақ зейнетақы қорларының ішкі қаржы рыногінде зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың қызметін жандандыру, инвестициялық құралдарды кеңейту қажет.

Өздеріңізге мәлім, қырғыздың үш компаниясының акциялары Қазақстанның қор рыногінде айналысқа жіберілді.

Бұл дұрыс. Алматының Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық-Азия аймағының да қаржы орталығына айналуына нақты мүмкіндігі бар.

Ұлттық банкіге және Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияға Алматыны аймақтық қаржы орталығы ретінде дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын.

Жетінші. Өткен жылы Қазақстан «Акционерлік қоғам туралы» заң қабылдады. Бұл көптеген мәселелерді шешкен жақсы заң. Бірақ ол кейбір мәселелерге кедергі келтіріп отыр. Заң бойынша акционерлік қоғамдар өзінің есептемесін ұдайы жариялауға және Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияға табыс етіп тұруға тиіс. Бірақ олар мұны істемей, заңды ашықтан-ашық аяққа басуда.

Соның салдарынан инвесторлар Қазақстан компанияларының бағалы қағаздарын сатып алуға тәуекел етпейді, әйтсе де бұл қызметтің аясы тартымды және, шын мәнінде, аса пайдалы болуға тиіс. Алайда, іс жүзінде, керісінше болып отыр: пайда болмашы, акциялар бойынша дивидендтер азғантай немесе мүлде жоқ.

Барлық қатысушылардың бағалы қағаздар туралы заңнаманы сақтауын қатаң бақылап, заңның бұзылуын тоқтату қажет.

Заңдарда олардың бұзылғаны үшін тиісті жауапкершілік көзделуге тиіс. Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссия Үкіметпен бірге осы мәселені шешудің тетігін ойластыруы қажет.

Әкімшілік кодекске, егер керек болса, тіпті Қылмыстық кодекске, инвесторлардан ақпаратты жасырғаны және бағалы қағаздар рыногі туралы басқа да заң бұзушылық үшін қатаң жауапкерішілікті жедел түрде енгізу керек, сөйтіп «Трансферттік баға және қосылма тұлғалармен қарыз қатынастары туралы» заңның әзірленіп, енгізілуін дереу қолға алу керек.

Сегізінші. Экономиканың ақшамен бейинфляциялық тәсілдер арқылы қамтамасыз етілуін арттыру қажет. Экономиканың төлем құралдарымен төмен деңгейде қамтамасыз етілуі оның дамуы жолындағы үлкен кедергі болып қалып отыр.

Қазіргі кезде экономиканың мәнеттендірілуінің ресми деңгейі 10 пайыздан астам. Бірақ, ресми ақша айналымында ескерілмеген долларды ескерсек, бұл деңгей 25-30 пайызға жетеді.

Экономиканың мәнеттендірілуінің одан әрі өсуі үшін мыналар қажет:

─ мемлекеттік бюджеттің тапшылығын және сыртқы мемлекеттік берешек деңгейін бірте-бірте төмендету;

─ ұлттық валютаны ішкі өндіріс тауарларының бәсекелесе алатын түрлерімен қамтамасыз ету;

─   келешекте елдің төлем балансының оң сальдосын қамтамасыз ету қажет;

─ бейтөлемдер (клиринг, вексельдер айналысы, нақты банкроттық) мәселелерін шешу қажет.

Сондықтан экономиканың төлем құралдарын қажетсінуін бейинфляциялық тәсілдермен неғұрлым толық қамтамасыз ету және ең алдымен дамудың мемлекеттік басымдықтарына сай келетін жобалар мен бағдарламаларды іске асыру міндеті қойылып отыр.

Соңғы жылдары біздің ақша-несие саясатымыз ақша массасын сығымдау жолымен инфлиялық үдерістерді тежеуге бағытталған. Бұл саясат өзінің оң жемістерін берді, инфляция қарқыны айтарлықтай төмендеді, қаржы жүйесі нығайды.

Сонымен бірге кемшіліктер де байқалды: негізгі өндірісті қаржыландыру үшін қаражаттың тапшылығы анықталды, халықтың сатып алу қабілеті төмендеді.

Осыған байланысты ақша-несие саясаты көбінесе экономикалық өсуге, төлем балансының жақсаруына және экономиканың ақшамен бейинфляциялық тәсілдер арқылы қамтамасыз етілуін арттыруға бағдарлануы тиіс.

Биылғы көктемде еркін өзгермелі айырбас бағамы саясаты енгізілгеннен кейін Үкімет пен Ұлттық банк қазыналық және ақша-несие саясатын жүзеге асырудың жаңа құралдарын пайдалана бастады. Инвесторларға атаулы құны шетел валютасымен белгіленген мемлекеттік бағалы қағаздар ұсынылды.

Бұл әрекеттерді туғызған себептер айдан анық: теңгенің күрт девалвациялануы және оның айырбасталу бағамына қатысты тұрлаусыздық инвесторлардың теңгелік қағаздарға ықыласын төмендетті. Иә, валюталық құралдар айналыстағы мемлекеттік қағаздардың көлемін қалпына келтіруге және тіпті оларды көбейтуге мүмкіндік берді. Халықтың жинақтаушы зейнетақы қорларындағы салымдарын сақтауға мүмкіндік берді.

Бірақ сонымен бірге валюталық бағалы қағаздар экономиканың сіздермен біз қарсы күресіп келе жатқан «долларлануын» ушықтырып қана қойған жоқ, сонымен бірге республикалық бюджетті айырбастау бағамының ауытқуына тәуелді етті. Өткен аптада Қаржы министрлігінің валюталық қағаздарының теңгемен есептегендегі табыстылығы орта есеппен 36 %-ды құрады.

Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк өзара қарыз құралдарын және ең алдымен валюталық өзара қарыз құралдарын таңдауға неғұрлым байыптап қарауы керек.

Және соңғысы. Республикада түрлі қаржы құралдарына қатысты тең салық жағдайы қалыптаспаған. Мысалы, МБҚ және жеке тұлғалардың банкілердегі депозиттері бойынша табыстарына салық салынбайды, ал акциялар мен корпоративтік бағалы қағаздардан алынған табыстарға салық салынады.

Сондықтан Үкіметке қаржы құралдарына қатысты тең салық жағдайларын жасаудың тиімділігін бағалауды тапсырамын.

Еліміздің қаржы институттарының алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер, меніңше осындай. Бүгін осы және басқа пролемалар байсалды да сындарлы талқыланады деген үміттемін.

Қатысушылардың бәріне Конгреске қатысқаны үшін тағы да алғыс айтқым келеді және басталған Қаржыгерлер күнімен, ұлттық валютаның – теңгенің алты жылдығымен құттықтағым келеді.

Тыңдағандарыңыз үшін рахмет айтамын!

Қазақстан қаржыгерлері ІІ Конгресінің қарары

Конгресс І

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан қаржыгерлерінің І Конгресінде сөйлеген сөзі

 

Қаржыгерлердің І Конгресіне құрметті қатысушылар!

Қымбатты қонақтар!

Мен отандық экономиканың өзекті проблемаларын талқылауға зияткерлік күш-жігерді біріктіруге патриоттық бастама көтергені үшін осы басқосуды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Қазақстанның қаржы зиялыларының жиналуын көру қуанышты екенін мойындаймын және ортақ күш-жігермен «ақылмандардың атойлауы» біздің қиын мәселелерді шешуімізге мүмкіндік береді деген сенімдемін. Әсіресе қаржыгерлердің І Конгресіне қатысушылардың құрамын ерекше атап өткім келеді: мұнда қаржы құралдары қозғалысының дәстүрлі қауымдасуын білдіретін банкирлер ғана емес, сонымен бірге сақтандыру ұйымдарының, зейнетақы қорларының, басқарушы компаниялардың, қор рыногіне кәсіпқой қатысушылар мекемелерінің өкілдері де келіпті. Бұл қаржы рыноктарының отандық экономиканың дәуірлеуіне қосатын үлесі қазіргі сәттегіден гөрі әлдеқайда елеулі болуы мүмкін және солай болуға тиіс.

Шығу төркінін өздеріңіздің қызметіңіздің тегі бойынша баршадан гөрі жақсы білетін әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасының алдына үсті-үстіне жаңа міндеттер қойып отыр. Әрине, біз уақытты босқа өткізген жоқпыз, экономиканың нарықтық тұрпатына өтудің бүкіл үдерісі бойына бірдеңені үйрендік.  Біз шығыстарымызды өз кірістерімізбен жақсы өлшемдестіре бастадық, сыртқы рынокта ақшаны ақылға салыңқырап, бажайлаңқырап қарызға алатын болдық, тікелей инвестициялардың пайдасын ұғындық. Біздің осы тұрғыдан кәсіпқойлық өсуімізді қуаттайтын бірнеше мысалдар келтіруге болады.

Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып несие рейтингін алды және оны оң деңгейде ұзақ уақыт бойына қолдаумен келеді. Ұлттық валюта ─ теңге соңғы үш жылда өте тұрақтылығымен ерекшеленіп отыр. Елдің банк және қаржы жүйесі қазір өзінің сенімділігін көрсетуде, әйтсе де, біз көрші және алыс мемлекеттердің мысалынан біліп отырғанымыздай, нақ осы теңге қазіргі әлемдік дағдарыстың бірінші құрбаны болып табылады.

Біздің осы оң сапаларды сақтауымыз өте маңызды.

Біз сәуірде теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамын енгізгеніміз өздеріңізге жақсы мәлім. Осы қадамның түпкілікті бағасын төртінші тоқсаннан кейін жасауға болады, ол кезде экспортшы-кәсіпорындардан салық түсімдерінің қаншалық көбейгені (соның ішінде еркін айырбасталатын валютаға қайта шаққандағы түсім де) және инфляцияның қандай деңгейге жеткені, яғни теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы халықтың тұрмыстық деңгейіне қалай әсер еткені белгілі болады. Ең бастысы, осы сәтте экспорттық өндірістер жұмысының тиімділігін арттыру үшін мүмкіндік жасай отырып, біз қаржы жүйесінің орнықтылығын құрбан еткеніміз жоқ.

Біз теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамын енгізу ­ тек экономикалық қадам ғана емес, сонымен бірге саяси қадам да екенін, ең алдымен өз халқымыздың алдындағы саяси қадам екенін түсінеміз. Сондықтан ішінара халықаралық қаржы ұйымдарының ұсыныстарына қарамастан, біз жеке және заңды тұлғалардың жинақ ақшасын қорғау жөніндегі ықтимал шараларды барынша қолдандық. Біз банкілердің клиенттеріне өздерінің салымдарын теңге девальвацияланғанға дейін қолданылған бағам бойынша айырбастауы құқығын бердік.

Ең алдымен зейнетақы активтерінің сақталуының маңыздылығын атап айтқым келеді. Қазақстан  ТМД мен Шығыс Еуропа елдерінің ішінде зейнетақы реформасын жүргізуге және жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізуге барған алғашқы ел. Бұл қадамның ұзақ мерзімді келешекте маңызы зор екені соншалық, біз өзіміздің отандастарымызда олардың зейнетақы қорланымдарының қорғалуы деңгейіне титтей де болса күмән келтіруіне тіпті де қақымыз жоқ. Нақ сондықтан да Үкімет пен Ұлттық Банк жинақтаушы зейнетақы қорларына өздерінің теңгемен есептелген мемлекеттік бағалы қағаздар түріндегі  активтерінің шетел валютасымен белгіленген жаңа бағалы қағаздарға айырбастауына мүмкіндік берді. Сөйтіп, 22 миллиард теңге айырбасталды, мұның өзі зейнетақы активтерін девальвациядан жаңадан шығарылған валюталық бағалы қағаздардың айналысы мерзіміне дейін – яғни таяудағы бес жылға сенімді түрде қорғады.

Зейнетақы активтерінің жалпы көлемінде жеке меншік зейнетақы қорлары үлесінің өсуін халықтың зейнетақы реформасына сенімінің аса маңызды көрсеткіші деп есептеген жөн, ал соңғы уақытта мұнда ұдайы көбейе түсудің байқалып отырғаны қуантады. Үстіміздегі жылдың 1 мамырында жеке меншік зейнетақы қорларындағы қорланымның жалпы көлемдегі үлес салмағы 27,6 пайызды құрады және әлі де өсе түсуде. Алайда бұл шаманы қанағаттанарлық деп есептеуге болмайды.

Мемлекеттік қызметшілердің өздері зейнетақы реформасына ашық сенім білдірмейінше, халық оған сенбейді. Сондықтан таяудағы уақытта мемлекеттік қызметшілерге жеке меншік зейнетақы қорларының қызмет көрсетуіне өтуі барынша табанды түрде ұсынылады.

Қаржы дағдарысы тақырыбына қайтып оралайық. Қайсыбір дамушы елдің бюджетінен көбінесе асып түсетін ақшаны өзінің иелігіне шоғырландыратын ірі алып-сатарман ойыншылардың өз мүдделері үшін оның қаржы рыногін шайқалта алатынын жалпы жұрттың ұғынуы оның сабақтарының біріне айналды. Екінші жағынан, болмашы жағымсыз тенденцияларда үрейленген халықаралық алып-сатармандар асығыс түрде өз капиталдарын әкете бастайды, сөйтіп жас мемлекеттердің валюта және қор рыноктарын қожыратады.

Осы проблемалардан қорғануға бола ма? Әрине, шетелдік инвесторларды біздің рынокқа жіберместен бұрын «сұрыптауға» болады. Нарықтық ауытқулар жағдайында инвестициялардың шетке күрт және бақыланбайтындай ағылуына қалай жол бермеудің тәсілдерін ойластыруға болады. Сондықтан мен Үкіметке, Ұлттық банкіге және маған тікелей есеп беретін мемлекеттік органдарға осы мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеуін тапсырамын.

Бірақ қаржы қаражатының әлемдік практикада жақсы мәлім басқа бір көзі бар, соның арқасында АҚШ, Жапония, Германия сияқты мемлекеттер, басқа да көптеген дамыған елдер кезінде дағдарыстарды еңсерген-ді, соның арқасында қазір Польша да жақсы көтеріліп келеді. Ол көз ішкі жинақ ақша деп аталады.

Мен қазір сауатсыздықты жоюмен айналыспаймын және сіздерге отандық коммерциялық банкілерде халықтың өз қорланымын жинауын қайда және қалай көтермелеу керек екенін, капиталдың өнеркәсіпті дамытуға қайдан келгенін егжей-тегжейлі әңгімелеп жатпаймын. Тек бір ғана мысал: жоғары индустриялы Жапонияда жеке меншіктегі жинақ ақша қазіргі күнге дейін инвестициялық сұранымнан асып түседі. Ал жинақ ақша бағдарламасының өзі соғыстан күйреген мемлекет ақшаға ділгер болған кезде іске қосылды ғой. Сондай-ақ іс жүзінде әрбір мемлекетте жинақ ақшаның осы бағдарламалары әлеуметтік сипатта болды және орасан зор патриоттық серпіліс әкелді. 70-ші жылдары әлемдік экономикадағы ең ауқымды инвестициялық дағдарысты еңсере отырып, Рональд Рейган жинақ ақшаның өзіндік бағдарламасын жасады, сөйтіп «Американдық арман-қиял әрқашанда әрекетшіл болған!» деген ұран тастап, белгілі ұлттық кейіпке екінші тыныс берді.

Ішкі жинақ ақшаның түрлі елдердің өрлеуіне және қалыптасуына қандай игі ықпал еткенінің басқа да қызғылықты фактілерін айта беруге болады, одан да отанымызға оралайықшы. Қазақстанда халықта қанша ақша қорланды анығын ешкім де білмейді. Екінші деңгейдегі банкілерде жеке тұлғалардың 30  миллиард теңгеге жуық  депозиттері шоғырланған. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінде жұмыс істей бастаған бір жарым жылға жетпейтін уақыт ішінде 40 миллиардқа жуық теңге жиналды. «шұлықтарға тығылған» ақша сомасы қанша? Түрліше сарапшылық баға берілген. Біреулер бір миллиард АҚШ доллары дейді, енді біреулер үш миллиард дейді. Тіпті қолма-қол доллар қорлану қаражаты ретінде пайдаланылып қана қоймай, сонымын бірге автомобильдер мен тұрғын үйлер рыноктарына да, сондай-ақ «әбжіл» бизнеске де толық қызмет көрсететінін ескергеннің өзінде, Қазақстан халқында іскерлік айналымға тартылмаған бір миллиардтан астам АҚШ доллары қорланған деп пайымдауға болады,  Ал бұл  Қазақстаннан әкетілген және шетелдегі банкілерге салынған қаражатты есептемегенде. Азаматтарда есептелмеген қорланым бар екенін қаржы «пирамидаларымен» ұдайы қайталанып жататын ұрыс-керістерге қарап пайымдауға болады, мұнда белгілі фактілер көрініс табады  наннан және сүттен қысып үнемдейтін нақ сол зейнеткерлер, соған қарамастан алаяқтарға жүз мыңдаған теңгемен және мыңдаған доллармен есептелетін ақшаны сеніп тапсырады.

Бұл миллиардтарды қалай айналымға тартуға болады? Біздің отандастарымызды өздерінің долларын «шұлықтарда» сақтаймын деп, Қазақстандағы инвестициялардан табыс алудың орнына, тіпті Құрама Штаттарда да бар инфляция салдарынан жоғалтатынына қалай сендіруге болады? Халықтың отандық қаржы жүйесіне сенімін арттыру үшін, менің ойымша, мынадай жүйелі шаралар кешенін әзірлеп, іске асыру қажет.

Бірінші. Халық пен ұйымдардың екінші деңгейдегі банкілердегі салымдарының төлем төлеуге қабілетсіз банкілердің тәуекелдіктерінен қорғалуын қамтамасыз ету. Тәуекелдіктер мен пайданы бөлісу қағидаты бойынша жұмыс істейтін қаржы мекемелері жөнінде  олардың клиенттері алдында ықтимал нарықтық тәуекелдіктер туралы ақпараттың ашылуын қамтамасыз ету. Мен Ұлттық Банкіге екінші деңгейдегі ең ірі банкілермен бірлесіп ең қысқа мерзімде халықтың депозиттерін ұжымдық сақтандыру жүйесін әзірлеп, іске қосуды тапсырамын.

Екінші. Банк құпиясының қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Заңға құлақ асатын шаруашылық жүргізуші субъектілер мен жеке тұлғалар өз салымдары құпиясының сақталуына және қорғалуына сенімді болуға тиіс  бұл заңның басым нормасы. Оның үстіне бүгін таңда банкілер клиенттердің шоттарындағы ақшаның бар болуы мен қозғалысы туралы сұрауларға жауап қайтарумен жұмыс басты болып отыр: тек аса ірі төрт банкі бойынша ғана 1998 жылы мемлекеттік органдардан 1200-ден астам сұраулар түскен, оның үстіне сұраулардың негізгі бөлігі (70 пайыздан астамы) салық салушылардан түседі. Қолданыстағы заңнама бойынша салық органдарының банк құпиясын ашуға қатысты сұраулар жасауға құқы бар, бірақ мұндай хат алысудың осындай көп тасқыны олардың осы құқықты дәлелді де, дәлелсіз де себептермен пайдаланып, заңмен белгіленген шектеулерді жиі-жиі бұзатынын айғақтайды.

Мәселен, Алматы қаласы бойынша Салық полициясы Комитеті Бас басқармасының бастығы Әзбергенов мырза  1999 жылдың басынан бері «Қазкоммерцбанк» ААҚ-ын өзінің өкімдерінің астында қалдырған десе де болғандай, солардың бірінде 1998 жылдың 1 желтоқсанынан 1999 жылдың 15 қаңтарына дейінгі кезеңдегі жаңа есеп айырысу, валюталық және басқа шоттарды ашуды талап етеді.

Бетіне перде тұтып, Калашниковтың автоматын оңды-солды кезейтін «әуесқойларға» салық қызметінің өкімдерін тапсыратын  кез келді, қаламмен, калькулятормен және заңдар жинағымен қаруланып, өркениетті тәсілмен жұмыс істеуді үйрену керек.

Заңнаманың мемлекеттік органдардың банк құпиясын құрайтын мәліметтерді алуына рұқсат ететін нормаларын сын көзбен қайта қарау, оларды беру тәртібін қатайту, лауазымды адамдардың жіберген жолсыздықтары үшін жауапкершілікті күшейту қажет.

Үшінші. Күш қолданатын құралымдардың олар соншалықты әуес болып отырған шоттарға «тыйым салу» бөлігіндегі зорлық-зомбылығы тоқтатылсын. Кәсіпкерлер өздерінің ақшасы титтей себеппен немесе себепсіз тұтқындалуы мүмкін қаржы жүйесіне өздерінің қорланымын сеніп тапсырмайтын болады. Пагон таққан мырзалардың шаруашылық жүргізуші субъектілердің қалыпты іскерлік қызметін тоқтатпай, өркениетті түрде жұмыс істеуді үйренетін кезі келді. Қасқыр да тоқ, қой да аман болатын әлемдік практика бар ғой. Яғни: мемлекет те салық алады, бизнес те өркендейді. Әзірге бұл проблеманы шешпейінше, Қазақстанның кәсіпкерлері өздерінің табыстарын барынша жасыруға тырысады, банкілердегі шоттарында тек есептесу үшін қажетті азғантай ғана ақша қалдырады. Бұл проблема да заңнаманы жетілдіруді талап етеді, оның үстіне оны мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің тең жауапкершілігі тұрғысында қарау қажет.

Бүгін таңда салық органдарының қате әрекеттері үшін мемлекет сан миллиондаған шығасыға батып отыр, ал салық инспекторлары мен полиция қызметкерлері ешқандай жауап бермейді.

Төртінші. Ерекше әңгіме  сақтандыру компаниялары туралы. Олардың қызметін реттейтін менің Жарлығым шыққан сәттен бастап қанша жыл өтті, осындай қаншама компаниялар құрылды  бәрібір адамдар өзінің өмірін немесе мүлкін сақтандырғысы келген жағдайда жүгінетін ешкім де жоқ. Сақтандырудың жалғыз ғана кең тараған түрі  автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру, ол да мемлекеттің бастамасымен енгізілді. Сақтандыру компанияларының өздері сақтандыру жарналарын мүмкіндігінше көбірек алуға тырысып, сақтандырудың осы түрлері бойынша жеңілдіктер беруге әуестенгені соншалық, өздеріне қабылдаған тәуекелдіктер бойынша төлем төлеуге қабілеттілігіне елеулі күмән келтірді. Сақтандыру бизнесі  арнаулы реттеуді талап етпейтін жай ғана қызмет көрсету деген түсініктен арылатын кез келді. Сақтандыру компаниялары  банкілер, брокерлік компаниялар және зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар сияқты қаржы делдалдары, сондықтан дәл солар сияқты қатаң түрдегі мемлекеттік реттеу объектісі болуға тиіс. Ең таяу мерзімде сақтандыру компанияларының жеткіліксіз капиталдануы проблемасы шешілуге тиіс, міндетті сақтандырудың жаңа түрлері (соның ішінде асыраушысынан айырылуы, мүгедектігі, дүлей апат салдарынан тұрғын үйлердің зардап шегуі немесе қирауы бойынша қатерлерді өтеу үшін)  енгізілуге тиіс. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қосымша аннуитеттер жүйесі іске қосылуға тиіс, ол зейнетақы қорларынан қорланымдарды төлеу кезеңін «бастан кешіру» дейтін тәуекелдікті өтеуге тиіс. Сонымен бірге сақтандыру компаниялары толымды институциялық инвесторлар ретінде дамып, үлгі ретінде зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларды пайдалануға тиіс.

Бесінші. Қазақстанның барлық азаматтары мен ұйымдарына олардың тұрғылықты мекендеріне  және қай жерде тұратынына қарамастан, қаржы жүйесіне қол жеткізуі үшін тең мүмкіндіктер беру қажет. Тіпті Алматы мен Астанада қаржы делдалын іздеп табу оңай шаруа болмай отырғанда, провинциялық кенттеріміз бен ауылдарымыз жайында не айтуға болады? Қаржы желісін құруға әрбір жекелеген қаржы мекемесінің күші келе бермейтіні  ақша да, кадрлар да жетіспейтіні түсінікті. Менің ойымша, бұдан шығар жол  жалпы республикалық тәуелсіз агенттер желісін құруда. Әрбір жекелеген елді мекендерде кез келген тілек білдіруші жүгініп, мейлі ақшаны депозитке салу болсын, бағалы қағаздарды сату немесе сатып алу болсын, меншік құқықтарын бағалы қағаздарға немесе басқа нәрсеге қайта тіркеу болсын, кез келген қаржы делдалынан өзіне қажетті қызмет көрсетуін ала алатын жер болуға тиіс. Бәлкім, бұл үшін пошта жүйесін қайта құрып, оны жалпыға бірдей трансфер-агентке айналдыру қажет болар. Бұл орайда деректерді берудің және ақпаратты қорғаудың қолайлы жылдамдығын қамтамасыз ету жөніндегі тиісті техникалық міндеттер шешілуге тиіс. Бұл мәселелерді мұқият зерделеп, тиісті шешімдер дайындау қажет.

Алтыншы. Қаржы жүйесіне тартылған жинақ ақша есебінен инвестицияларды жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктер жасау керек. Қаржы рыногінде Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкінің дәстүрлі мемлекеттік бағалы қағаздарынан, банк несиелерінен, шетел валютасынан және тазартылған асыл металдардан басқа жаңа құралдар, ең алдымен корпоративтік облигациялар, сондай-ақ муниципалдық органдардың облигациялары жеткілікті көлемде пайда болуға тиіс. Бұл мәселені шешуде тағы да сол мемлекет алғашқы қарлығаш рөлін атқаруға тиіс, мысалы, ұлттық компанияларды банк несиелерінен қор рыногінде облигациялар шығару арқылы өзара қарыз алысуға қайта бағдарлауы және оларды осы мақсатта әлеуетті инвесторлар үшін өз қызметінің «риясыздығын» қамтамасыз етуге мәжбүрлеуі керек. Муниципалдық бағалы қағаздар рыногін дамыту мүмкіндігі «Бюджет жүйесі туралы» заңда жуырдағы уақыттан бері көзделді.

Корпоративтік бағалы қағаздар рыногін жандандыру қажет. Бүгін таңда бұл рыноктағы мәмілелердің көлемі мемлекеттік бағалы қағаздар рыногіндегі айналымнан үш есе аз, мұның өзі оның дамымағандығын көрсетеді. Бағалы қағаздардың ұсынысын ұлғайту үшін қалған мемлекеттік акциялар пакеттерін стратегиялық инвесторларға сатуға арналғандарынан басқасын қор биржасында кезең-кезеңмен сатқан тиімді. Бұл үдеріс зейнетақы қорларын дамытуды ынталандырады, оларда зейнетақылық жинақ ақшаны инвестициялау үшін мүмкіндіктер пайда болады. Дивидендтердің төленуін, эмитенттердің қызметі туралы жарияланатын ақпараттың растығын бақылауды күшейту, институциялық инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі шаралар корпоративтік бағалы қағаздарға сұранысты ұғайтуға және оларға деген сенімнің артуына жәрдемдеседі.

Және соңғысы.

Еліміздің халқы өз Үкіметінің жүргізіп отырған экономикалық саясатына сенбейінше, халықтың ақшалай қаражатын банк айналымына тарту бағдарламасы іске асырылмайды. Бұл үшін, әрине, баяндамада межеленген шаралардан басқа әлі де қыруар істерді тындыру керек. Сөйтіп, ең алдымен, экономиканың нақты секторына бет бұру қажет, ақыр соңында, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, қызмет көрсету секторының жұмыс істеуі проблемаларымен жүйелі түрде айналысу, салық жүйесіне, кеден заңнамасына айқындық енгізу қажет. Мұнда үкіметтің тындырар жұмысы көп. Банкілер, қаржы компаниялары тауар өндірушілерді басымдықпен қаржыландыруға бағдарланып, несие беру саясатын өзгертуге тиіс. «Жалған» қағаз капиталында нақты негіз  таза өнімнің өсуі бар деген үміт пайда болған кезде ғана адамдар өз ақшасын банкілерге апарады. Экономиканың  өрлеуі ісінде тек шетелдік инвестицияға ғана үміт арту бүгін таңда жеткіліксіз. Мынадай оғаш жағдай қалыптасып отыр: шетелдіктер елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, оған өз капиталдарын салады, ал өз халқы әлі де  бірдеңе күтуде. Азаматтар, ақыр соңында, еліміздің тағдырына өзінің ортақтығы бар екенін, қиын-қыстау өтпелі кезеңде оның қаржы жүйесін қолдауы қажет екенін ұғынуға тиіс.

Бүгінгі таңда бізде жаппай жұмылып, бұрын айтқанымыздай, елді дағдарыстан шығарып алуға әлі де мүмкіндігіміз бар. Экономиканы қалпына келтіруге әркім өзінше көмектесуге тиіс: қажетті қабілеті, кәсіпқойлығы, тәжірибесі мен ниет-тілегі барлары - өндірістік, қаржы, сауда бизнесін ұйымдастырсын, басқалары  жалданып, жеке өзі жұмыс істесін. Бірақ екеуінде де қолда бар қорланымын тиімді жолмен жинауға мүмкіндігі болуға тиіс. Әрбір уақытша бос ақша шоғырландырылған инвестициялық ресурстар түрінде елдің ұлттық байлығын ұдайы өндіруге жегілуі тиіс, тұтас алғанда елдің ұлттық табысын, демек, жеке алғанда оның әрбір азаматының табысын көбейтуге жәрдемдеспей, атышулы «шұлықта» өлі капитал болып жатпауға тиіс.

Халыққа жинақ ақша саясатының мақсаттарын, міндеттері мен тетіктерін түсіндіру жөніндегі кең ауқымды насихат жұмысын өрістету, еліміз экономикасының өрлеуі үшін халықтың қаржы ресурстарын шоғырланлыру ісінде патриотизмді жандандыру сияқты қуатты ресурсты іске қосу қажет.

Мұның бәрі, ең алдымен, қаржы институттарының, сенімділігін, тиімділігін, риясыздығын, тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларымен қуатталуға тиіс. Банкілер лицензиялау жүйесі арқылы қадағалау, бақылау және реттеу атқарымдарын  күшейтуге тиіс. Бәлкім, «Смағұлов және К» және сол сияқты кейіптегі нұсқаларды барынша болдырмау мақсатымен салымшылардың мүдделерін қамсыздандыру үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін, соның ішінде қылмыстық жауапкершілігін де күшейту жөнінде неғұрлым қатаң шаралар енгізіу қажет болар. Мұнда заңгерлер мықтап жұмыс  істеуге тиіс.

Мен өзімнің сөйлеген сөзімнің басында осы құжырада қаржы айналысының мейлінше алуан түрлі аясының өкілдері бас қосып отырғанын айтып өткен едім. Бәлкім, қор, сақтандыру рыноктары мен басқа да рыноктардың әлсіз дамуының себебі олардың проблемаларын біз оқшаулап, экономиканың басқа аяларынан алшақ түрде шешуге тырысқандығымызда жатқан болар. Сондықтан, меніңше, бүгінгі бас қосудың тәжірибесі негізінде барлық қаржы институттарын бірыңғай құрылымға, ерікті және өзінің табиғаты бойынша бейкоммерциялық құрылымға біріктіру туралы ойластырған жөн болар ма еді. Бұл қаржы рыноктарының жұмыс істеуінің құқықтық тетіктерін бірлесіп әзірлеуге, заң шығарушы және атқарушы биліктермен өзара іс-қимылды өркениетті түрде құруға, ортақ проблемаларды шешуге көмектеседі. Бүгінгі конгрестің бет-бейнесіне қарап, мұндай бірлестікті Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы деп атауға болар еді.

Күш-жігерді біріктірсек, мен айтқан міндеттерді  Жинақ ақша бағдарламасын да тындыруымыз оңай болар еді. Халықты белсенді ете отырып, отандық экономиканы дамытуға қорланымды пайдаланудың қажеттігіне, дұрыстығына және тиімділігіне оның көзін жеткізе отырып, біз дағдарыстан шыға аламыз. Біз халықпен бірлескен жалпыға ортақ күш-жігермен ғана ұлан-ғайыр қаражатты қаржы айналымына тарта аламыз, бұл қаражат ортақ игілікке  еліміздің экономикасын көтеруге, халық табысының өсуіне, мемлекеттің қаржы жүйесінің нығаюына жегілетін болады.

Ықылас қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет

Қазақстан Қаржыгерлері 1-ші Конгресінің қарары

FacebookMySpaceTwitterDiggStumbleuponGoogle Bookmarks