Жарғы
Жарғы
Бекітілді «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ЗТБ мүшелерінің кезекті жалпы жиналысымен 2019 жылғы 7 маусымдағы №1 хаттама.
 
1-бап. Жалпы ережелер

1.1.

Қауымдастықтың ресми атауы:

Толық атауы:

 

қазақ тілінде: «Қазақстанның қаржы ұйымдарықауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі;

орыс тілінде: объединение юридических лиц «Ассоциация финансовых организаций Казахстана»;

ағылшын тілінде: Union of legal entities «Financial Institutions’ Association of Kazakhstan»;

Қысқаша атауы:

 

қазақ тілінде: «Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы» ЗТБ

орыс тілінде: ОЮЛ «Ассоциация финансистов Казахстана»

ағылшын тілінде: ULE «Financial Institutions’ Association of Kazakhstan».

1.2.

Қауымдастықтың заңды мекенжайы: 050040, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Байзаков көш., 280, «Almaty Towers» көп функционалдық кешені, солтүстік мұнара, 12-қабат.

1.3.

Қауымдастықтың Нұр-Сұлтан қаласында өкілдігі бар.

1.4.

Қауымдастықтың қызмет ету мерзімі шектелмеген.

2-бап. Заңды мәртебесі

2.1.

Қауымдастық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлға болып табылады, меншік құқығында оқшауланған мүлкі бар және осы мүлікпен өзінің міндеттемелері бойынша жауап береді. Қауымдастық мемлекеттік тіркеуден кейін және бұл жөніндегі жазба Ұлттық бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің тізіліміне енгізілгеннен кейін заңды тұлғаның құқықтарын иемденіп алады.

2.2.

Қауымдастық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық емес ұйым болып табылады және заңды тұлғалардың бірлестігі ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылды. Қауымдастық мүшелері өзінің дербестігін және заңды тұлғаның құқықтарын сақтайды.

2.3.

Қауымдастық өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді, сол сияқты Қауымдастық мүшелері де оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

2.4.

Қауымдастықтың кәсіпкерлік қызметінен кірістер Қауымдастық мүшелерінің арасында бөлінбейді және Қауымдастықтың жарғылық мақсаттарына жіберіледі. Қауымдастық өз мүшелерінің кіру және мүшелік жарналары есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен қызмет етеді.

2.5.

Қауымдастық қолданыстағы заңнамада және Қауымдастық мүшелерінің жалпы жиналысымен белгіленген шектерде өз мүлкіне иеленуді, пайдалануды және оған билiк етуді жүзеге асырады.

2.6.

Қауымдастықтың дербес балансы, банк шоттары, мөрі, логотипі, бланкілері және қазақ әрі орыс тілдерінде атауы көрсетілген басқа да белгілері бар.

2.7.

Қауымдастық өз атынан мәмілелер жасасуға, мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды иемденiп алуға және міндеттерді атқаруға, сотта талапкер және жауапкер болуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.

2.8.

Қауымдастық қорғау құжаттарын, «ноу-хау» технологияларын және басқа да ақпаратты иемденіп алуға және пайдалануға құқықтарды сатып ала алады және ұсына алады.

3-бап. Қауымдастық қызметінің мақсаттары мен нысанасы

3.1.

Қауымдастық қызметінің негізгі мақсаттары:

(а)

мемлекеттік органдарда және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда Қауымдастық мүшелерінің мүдделерін білдіру және Қауымдастық мүшелерінің атынан ортақ пікірді және ортақ мүдделерді білдіру, сондай-ақ олардың қорғалуын қамтамасыз ету;

(b)

Қауымдастық мүшелерінің қызметіне жататын және мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру;

(c)

Қауымдастық мүшелерінің қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту үшін мемлекеттік органдармен және өзге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

(d)

Қауымдастықтың мүшелеріне және Қауымдастықтың әлеуетті мүшелеріне құқықтық, ұйымдастырушылық, ақпараттық-аналитикалық, әдістемелік, консультациялық және өзге көмек көрсету;

(e)

қаржы жүйесін, экономиканы, кәсіпкерлік қызметті дамыту және нығайту, олардың сенімділігі мен орнықтылығын арттыру;

(f)

экономиканың, қаржы нарығы мен кәсіпкерліктің жағдайын және даму беталыстарын талдау;

(g)

Қауымдастық мүшелері үшін өзекті мәселелер бойынша конференцияларды, симпозиумдарды, көрмелерді, «дөңгелек үстелдерді», семинарларды, тренингтерді және өзге де іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу, өткізуге қатысу;

(j)

отандық және шетелдік одақтармен, қауымдастықтармен және қаржы (өзге) ұйымдар мен кәсіпкерлердің басқа бірлестіктерімен ынтымақтастық құру және өзара іс-қимыл жасау;

(k)

қаржы (және өзге) ұйымдарының басшылары мен қызметкерлерінің және кәсіпкерлердің кәсіби деңгейін арттыруды ұйымдастыру және көмектесу, қаржы ұйымдарының қызметкерлеріне арналған банк мектептерін, орталықтарды және қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, Қазақстан Республикасында және шетелде тағылымдамаларды ұйымдастыру.

3.2.

Қауымдастық қызметінің нысанасы:

(a)

қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарының қызметі, оларды дамыту және реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге қатысу;

(b)

Қауымдастық мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын талдау және жинақтау, Қауымдастық мүшелерінің қызметі, оны дамыту және мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша Қауымдастықтың шоғырландырылған сараптамалық пікірді даярлау және ұсыну;

(c)

Қазақстан Республикасындағы қаржы, бюджеттік, салықтық және валюталық саясатты жүзеге асыруға қатысу;

(d)

Қазақстан Республикасының азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қызмет көрсету инфрақұрылымын әрі қарай жетілдіруге қатысу;

(e)

қор нарығының инфрақұрылымын жетілдіру мен дамытуға қатысу;

(f)

отандық кәсіпкерлер мен Қауымдастық мүшелерінің мүдделерін қолдау және қорғау бойынша іс-шараларды әзірлеу мен іске асыруға қатысу;

(g)

Қауымдастық мүшелеріне ақпараттық және әдістемелік көмек көрсету.

4-бап. Қауымдастықтың құқықтары мен міндеттері

4.1.

Өзінің жарғылық мақсаттарына қол жеткізу үшін Қауымдастық:

(a)

бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметі туралы ақпаратты еркін таратуға;

(b)

өзіне берілген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарда және өзге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда Қауымдастық мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге және қорғауға;

(с)

банктік, сақтандыру, құпиялы, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға жатқызылған ақпаратты қоспағанда, өз мүшелерінен олардың қызметі туралы ақпаратты алуға;

(d)

заңнамада белгіленген тәртіппен баспа өнімін шығаруға және таратуға;

(e)

егер Қауымдастықтың мақсаттарына қол жеткізу үшін қажеттілігі болса, заңды тұлғаларды құруға, өкілдіктер мен филиалдарды ашуға;

(f)

үшінші тұлғаларға құқықтық, консультациялық, ақпараттық, әдістемелік және өзге көмекті, оның ішінде қаржы мәселелері бойынша көмек беруге, тауарларды сатуға, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қызмет түрлерін жүзеге асыруға;

(g)

Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қауымдастық қызметінің мақсаттары мен нысанасына қайшы келмейтін басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқылы. 

4.2.

Қауымдастық:

(a)

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына және құрылтай құжаттарына сәйкес әрекет етуге;

(b)

Қазақстан Республикасы заңнамасының, осы Жарғының және Қауымдастықтың оған сәйкес қабылданған ішкі құжаттарының талаптарын сақтауға;

(c)

Қауымдастыұ мүшелеріне өзінің қызметі туралы толық ақпаратты, оның ішінде Қауымдастық мүшелерінің Жалпы жиналыстарының, Қауымдастық Кеңесі отырыстарының хаттамаларын және Қауымдастықтың басқа да құжаттарын ұсынуға міндетті.

5-бап. Қауымдастықтағы мүшелік

5.1.

Қауымдастық Кеңесінің шешімі бойынша Қауымдастықтағы мүшелік толық құқылы және қауымдастырылған болуы мүмкін. Мынадай тізімге жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары Қауымдастықтың толық құқылы мүшелері бола алады:

(a)

Банктер;

(b)

Кредиттік серіктестіктер;

(c)

Банк операцияларының жекелеген түрлерін орындайтын ұйымдар;

(d)

Жинақтаушы зейнетақы қорлары;

(e)

Зейнетақы активтерін басқару бойынша компаниялар;

(f)

Инвестициялық компаниялар;

(g)

Басқарушы компаниялар;

(h)

Сақтандыру ұйымдары;

(i)

Бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушылар;

(i-1)

Аудиторлық және консалтингтік ұйымдар;

(j)

Қаржы, қор, валюталық нарыққа басқа кәсіби қатысушылар;

(k)

Ғылыми және білім беру ұйымдары, БАҚ, сондай-ақ басқа да коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар.

5.1.1.

Осы Жарғының 5.1-тармағының тізілімінде көрсетілгендерге ұқсас заңды тұлғалар – Қазақстан Республикасының бейрезиденттері, халықаралық ұйымдар, қауымдастықтар, одақтар, шетелдік қаржы институттарының бірлестіктері, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдары және олардың бірлестіктері, мемлекеттің үлесі бар қазақстандық компаниялар Қауымдастықтың қауымдастырылған мүшелері бола алады.

5.2.

Қауымдастық мүшелігіне кандидат Қауымдастық Кеңесінің қарауына Қауымдастық мүшесі болу туралы белгіленген үлгідегі өтініш беруге тиіс.

5.3.

Мүшелікке қабылдау не одан бас тарту туралы шешім өтініш берушіге өтініш берілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей ұсынылуға тиіс.

5.4.

Қауымдастық мүшелеріне қабылдаудан бас тарту қабылданған шешім негізделіп, жазбаша нысанда ұсынылады. Мүшелікке үміткер бұл шешімге мүшелердің жалпы жиналысында шағымдануға құқылы.

5.5.

Қауымдастық өз мүшелерінің тізімін жүргізеді. Қауымдастық мүшелері туралы ақпарат әрбір мүшенің атауы және орналасқан жері, басшысы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс. Сондай-ақ тізілімде мүшелікті тоқтату және Қауымдастық құрамынан мүшелерді шығарып тастау жағдайлары көрсетілуге тиіс. 

5.6.

Қауымдастық мүшелері Қауымдастыққа тізілімдегі өз деректерінің барлық өзгерістері туралы уақытында хабарлауға міндетті.

6-бап. Қауымдастық мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

6.1.

Қауымдастықтың толық құқылы мүшелері:

(а)

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және осы Жарғымен белгіленген тәртіппен, Қауымдастықты басқаруға қатысуға;

(b)

Қауымдастықтың қызметі туралы ақпаратты алуға, оның ішінде Қауымдастық мүшелерінің Жалпы жиналыстарының, Қауымдастық Кеңесі отырыстарының хаттамаларымен, Қауымдастықтың бухгалтерлік, қаржылық және басқа да құжаттамасымен танысуға;

(c)

Қауымдастықтың басқару органына Қауымдастықтың қызметі туралы жазбаша сұрауларды жіберуге және сұрау түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жауап алуға;

(d)

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің, халықаралық шарттардың, сондай-ақ қаржы саласын және қаржылық ұйымдардың қызметін және Қауымдастық қызметінің нысанасы болып табылатын өзге мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен талқылау кезінде Қауымдастықтың жұмысына қатысуға;

(e)

шешім қабылдау кезінде Қауымдастық мүшелерінің жалпы жиналысында уәкілетті өкіл арқылы дауыс беруге;

(f)

сайлауға және Қауымдастықтың басқару органдарына сайлануға;

(g)

Қауымдастық көрсететін қызметтерді пайдалануға;

(h)

Қауымдастыққа тиістілікті жарнамалық мақсатта пайдалануға;

(i)

Қауымдастық мүшесінің қызметіне тікелей қатысты мәселелерді талқылау және қарау кезінде Қауымдастық кеңесінің отырыстарына қатысуға;

(j)

Қауымдастықтың өз мақсаттары мен міндеттерін орындауымен байланысты неше түрлі сұраулармен Қауымдастықтың органдарына жүгінуге;

(k)

өз еркімен Қауымдастық құрамынан шығуға құқылы.

6.1.1.

Қауымдастықтың қауымдастырылған мүшелері (а), (е), (f), (i) тармақшаларын қоспағанда, осы Жарғының 6.1-тармағында белгіленген құқықтарды иеленеді.  

6.2.

Қауымдастық мүшесі:

(a)

өз қызметінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, осы Жарғының, Қауымдастықтың ішкі құжаттарының талаптарын сақтауға, сондай-ақ осы Жарғыға сәйкес қабылданған Қауымдастық органдарының шешімдерін орындауға;

(b)

кіру және мүшелік жарналарды уақтылы енгізуге;

(c)

Қауымдастыққа тиістілікті теріс пайдалану жағдайларына жол бермеуге;

(d)

Қауымдастық мүшелерінің тізілімінде өзі туралы ақпараттың барлық өзгеруі туралы Қауымдастыққа уақтылы хабарлауға;

(e)

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің, қаржы саласын және қаржылық ұйымдардың қызметін және Қауымдастық қызметінің нысанасы болып табылатын өзге мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен талқылауға қатысу арқылы Қауымдастық қызметіне көмектесуге;

(f)

Қауымдастық мүшелерінің арасында жасалған әрі тиісінше қол қойылған кез келген келісімдердің ережелерін сақтауға міндетті.

6.3.

Қауымдастық мүшелерінің басқа да міндеттері болуы мүмкін, егер олар жазбаша жасалған шарттарға, Қауымдастықтың басқару органдары белгіленген тәртіппен қабылдаған басқа да құжаттарға сәйкес қабылданған болса.

7-бап. Жарғылық капитал және мүшелік жарналар

7.1.

Қауымдастықтың жарғылық капиталын 4 050 000-00 (төрт миллион елу мың) теңге құрайды.

7.2.

Құрылтайшылар қауымдастық заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап бір ай ішінде Қауымдастықтың жарғылық капиталын құруға міндетті.

7.3.

Қауымдастық мүшелері Қауымдастық Кеңесімен белгіленген мөлшерде кіру және ай сайынғы мүшелік жарналарды енгізеді.  

7.4.

Қауымдастыққа ену кезінде мүшелер Қауымдастық Кеңесі Қауымдастыққа мүше болып қабылдау туралы шешімді қабылдаған сәттен бастап бір ай ішінде кіру жарнасын төлейді. 

7.5.

Қауымдастық мүшесі алдын ала кез келген мерзімнің мүшелік жарналарын төлей алады.

7.6.

Қауымдастық мүшелері үшін кіру және ай сайынғы мүшелік жарналардың мөлшері және оларды төлеу мерзімдері Қауымдастық Кеңесінің шешімі бойынша өзгертілуі мүмкін.

8-бап. Қауымдастыққа мүшелікті тоқтата тұру және тоқтату

8.1.

Егер мүшелік жарналар бойынша берешегі бар Қауымдастық мүшесі Қауымдастықтың жазбаша хабарламасын алғаннан кейін оны бір айдың ішінде өтемесе, Қауымдастыққа мүшелік Қауымдастық Кеңесінің шешімімен тоқтатылады.

8.2.

Қауымдастық Кеңесінің Төрағасы үш күндік мерзімде Қауымдастық мүшесіне оның мүшелігін тоқтата тұру туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

8.3.

Қауымдастық Кеңесі мүшелігі уақытша тоқтатылған мүшенің мүшелік жарналары бойынша берешекті толық төлеген күннен бастап Қауымдастықтағы мүшелікті қайта қалпына келтіру туралы шешімді бір аптаның ішінде шығаруға міндетті.

8.4.

Қауымдастыққа мүшелік ерікті түрде және Қауымдастық Кеңесі қабылдаған шешім негізінде тоқтатылуы мүмкін.

8.5.

Ерікті түрде тоқтату Қауымдастық Кеңесіне ұсынылатын Қауымдастық құрамынан шығуы туралы жазбаша өтініш негізінде іске асырылады.

8.6.

Қауымдастық Кеңесі Қауымдастықтағы мүшелікті тоқтату туралы шешімді қабылдайды. Қауымдастықтағы мүшелік шығару туралы шешім қабылданған сәттен немесе Қауымдастық Кеңесінің шешімімен белгіленген күннен бастап тоқтатылады.

8.7.

Қауымдастық Кеңесінің шешімі бойынша Қауымдастықтағы мүшелікті тоқтату үшін негіздемелер:

(a)

Жарғының ережелерін бұзу, сондай-ақ қол қойылған міндеттемелерге, бекітілген ережелерге және Қауымдастықтың белгіленген тәртіппен қабылданған басқа да ішкі құжаттарына сәйкес қабылданған міндеттемелерді орындамау;

(b)

құпиялы ақпаратты, оның ішінде Қауымдастық және оның мүшелерінің қызметі туралы банктік, сақтандыру, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын басқа да құпияны ашу;

(c)

Қауымдастық қызметіне айтарлықтай зиян келтіру;

(d)

мүшелікті тоқтату туралы шешімді қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде мүшелік жарналар бойынша берешекті өтемеу;

8.8.

Қауымдастықтағы мүшелікті үшінші тұлғаларға беруге жол берілмейді.

8.9.

Шығарғаннан кейін Қауымдастықтағы мүшелікті қайта бастау мәселесі бір жылдан өтпей қаралмайды.

9-бап. Қауымдастықтың басқару органы

9.1.

Қауымдастықтың басқару органдары:

(a)

Жоғарғы басқару органы – Қауымдастық мүшелерінің жалпы жиналысы;

(b)

Басқару органы – Қауымдастық Кеңесі;

(b-1)

Атқарушы орган – Қауымдастық Кеңесінің Төрағасы;

(c)

Бақылау органы – Тексеруші (тексеру комиссиясы).

10-бап. Қауымдастық мүшелерінің жалпы жиналысы

10.1.

Қауымдастық мүшелерінің Жалпы жиналысы (бұдан әрі – Жалпы жиналыс) Қауымдастықтың жоғарғы басқару органы болып табылады.

10.2.

Жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне мыналар жатады:

(a)

Қауымдастықтың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар қабылдау, енгізу;

(b)

Қауымдастық Кеңесінің мүшелерін және Төрағасын сайлау және  өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

(b-1)

Қауымдастық Кеңесінің Құрметті Төрағасын сайлау;

(c)

Қауымдастық Кеңесі Төрағасының қаржылық есептілікті ұсыну тәртібі мен кезеңділігін, сондай-ақ Қауымдастық Тексерушісінің тексеруді жүргізу және оның нәтижелерін бекіту тәртібін анықтауы;

(e)

заңнамалық актілермен белгіленген шектерде Қауымдастықтың басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өзінің филиалдары мен өкілдіктерін құруға және олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;

(f)

Қауымдастықты ерікті қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдау.

10.3.

Осы Жарғының 10.2-тармағының (a) және (f) тармақшалары бойынша шешімдер Жалпы жиналысқа қатысқан мүшелердің кемінде үштен екі бөлігі дауыс берген жағдайда қабылданады. Қалған мәселелер бойынша Жалпы жиналысқа қатысқан мүшелердің санынан жай көпшілігі жеткілікті.

10.4.

Жалпы жиналыста шешім қабылдау кезінде Қауымдастықтың әрбір толық құқылы мүшесінің бір дауыс беру құқығы бар.

Қауымдастық мүшелерінің Жалпы жиналысын өткізу күніне қарай Қауымдастыққа ай сайынғы мүшелік жарналар бойынша үш айдан асып кеткен берешегі бар Қауымдастық мүшесі Қауымдастық мүшелерінің Жалпы жиналысында дауыс беру құқығы жоқ.

10.5.

Жалпы жиналыстар кезекті және кезектен тыс болуы мүмкін.

10.6.

Қауымдастық Кеңесі Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген мерзімде, бірақ жылына кемінде бір рет кезекті Жалпы жиналысты шақырады. Қауымдастықтың жылдық қаржылық есептілігін бекітуге арналған Жалпы жиналыс Қауымдастықтың жылдық қаржылық есептілігі бойынша аудиторлық қорытындының күнінен кейін бір айдан кешіктірмей өткізіледі.

10.7.

Кезектен тыс Жалпы жиналыс Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Жарғыда көзделген жағдайларда, сондай-ақ Қауымдастықтың мүдделері осындай жиналысты шақыруды талап ететін кез келген басқа жағдайларда шақырылады. Кезектен тыс Жалпы жиналыс Қауымдастық Кеңесімен немесе дауыстардың жалпы санынан үштен екі бөлігі бар Қауымдастық мүшелерінің бастамасы бойынша шақырылады.

10.8.

Жалпы жиналысты шақыратын орган немесе тұлға (тұлғалар) Қауымдастық мүшелерінің тізілімінде көрсетілген электрондық мекенжай бойынша Қауымдастықтың әрбір мүшесіне оны өткізу туралы ашылуына дейін кемінде 10 күн бұрын жазбаша нысанда хабарлауға міндетті. Хабарламада Жалпы жиналысты өткізу орны және уақыты, сондай-ақ ұсынылатын күн тәртібі көрсетілуі тиіс.  

10.9.

Жалпы жиналыстың күн тәртібін Қауымдастық Кеңесі әзірлейді және бекітеді.

10.10.

Қауымдастықтың әрбір мүшесі Жалпы жиналысты өткізу күніне дейін бес жұмыс күні бұрын Қауымдастық Кеңесіне алдағы Жалпы жиналыстың күн тәртібіне қосымша сұрақтарды енгізу туралы ұсынысты жіберуге құқылы. Қауымдастық Кеңесі Жалпы жиналыстың күн тәртібіне оның басталуына дейін толықтыруларды енгізу туралы негізделген шешімді шығаруға міндетті. Қауымдастықтың әрбір мүшесі Жалпы жиналыста Қауымдастық Кеңесінің осындай шешіміне шағымдануға құқылы.

10.11.

Егер осындай шешім үшін Жалпы жиналысқа қатысып отырған Қауымдастық мүшелерінің санынан кемінде үштен екі бөлігі дауыс берген болса, Жалпы жиналыс осындай күн тәртібін өзгерте алады.

10.12.

Егер Жалпы жиналысқа қатысып отырған Қауымдастық мүшелерінің Қауымдастықтың толық құқылы мүшелері дауыстарының жалпы санынан кемінде үштен екі бөлігіне ие болса, Жалпы жиналыс заңды, ал кворум шарттары сақталған болып саналады.

10.13.

Жалпы жиналыстың Төрағасы мен Хатшысы жиналысқа қатысқан Қауымдастық мүшелерінің санынан дауыстардың жай көпшілігімен жиналыста сайланады.

10.14.

Кворум болмаған жағдайда, Жалпы жиналыс бірінші шақырылған күннен бастап қырық бес күннен кешіктірілмей қайта шақырылады. Қайта шақыру кезінде осы Жарғының 10.7 және 10.8-тармақтарымен белгіленген ережелер сақталуға тиіс. Қайта шақырылған жиналыс Жалпы жиналысқа қатысқан Қауымдастық мүшелеріне тиесілі дауыстардың санына қарамастан, заңды болып табылады.   

10.15.

Жалпы жиналыстың хаттамасы Жалпы жиналыс өткізілгеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ресімделеді.

10.16.

Жалпы жиналыстың хаттамасы мынадай ақпаратты қамтуға тиіс:

(a)

Қауымдастықтың толық атауы және орналасқан жері;

(b)

Жалпы жиналысты өткізу орны мен уақыты;

(c)

Жалпы жиналыстың күн тәртібі;

(d)

Жалпы жиналыстың кворумы;

(e)

Жалпы жиналыста дауыс беру тәртібі;

(f)

Жалпы жиналыстың күн тәртібінің дауыс беруге шығарылған әрбір мәселесі бойынша Қауымдастық мүшелерінің жалпы дауыстар саны;

(g)

жиналыстың Төрағасы (президиумы) және Хатшысы;

(h)

Жалпы жиналысқа қатысатын тұлғалардың сөйлеген сөздері;

(i)

Дауыс беруге шығарылған сұрақтар және олар бойынша дауыс беру қорытындылары;

(j)

Жалпы жиналыспен қабылданған шешімдер.

10.17.

Жалпы жиналыстың Төрағасы мен Хатшысы хаттамаға қол қояды.

10.18.

Жалпы жиналыстың хаттамалары тігіледі және Қауымдастықтың іс-құжаттарында сақталады.

11-бап. Қауымдастық Кеңесі

11.1.

Қауымдастық Кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қауымдастықтың басқару органы болып табылады.

11.2.

Жарғыда Жалпы жиналыстың немесе Тексерушінің ерекше құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, Кеңес Қауымдастық қызметінің барлық мәселелері бойынша шешімдерді қабылдауға құқылы.

11.3.

Кеңес Қауымдастық мүшелерінің өкілдерінен екі жыл мерзіміне Жалпы жиналыспен дербес тәртіппен сайланатын алқалы орган болып табылады.

11.4.

Қауымдастықтың әрбір мүшесінен Кеңеске бір адам ғана сайланады. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар сайланған болып саналады.

11.5.

Кеңес мүшелері осы Жарғыда немесе Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген тәртіппен өз функцияларын жүзеге асырғаны үшін сыйақы алуы мүмкін.

11.6.

Кеңестің сандық құрамы Жалпы жиналыстың шешімімен бекітіледі.

11.7.

Кеңестің негізгі міндеті жарғылық мақсаттарға қол жеткізу мақсатында Қауымдастықты басқару болып табылады.

11.8.

Қауымдастық Кеңесінің ерекше құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

(a)

Жарғыға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын әзірлеу және оларды Жалпы жиналыстың қарауына шығару;

(b)

Жалпы жиналысқа жылдық қаржылық есептілікті ұсыну;

(c)

алдағы жылға арналған қызметтің бағдарламасын және жалпы шығындар сметасын (бюджетті) бекіту;

(d)

Жалпы жиналыстың күн тәртібін қарау және Жалпы жиналыстың қарауына шығару;

(e)

кезекті және кезектен тыс Жалпы жиналысты шақыруды ұйымдастыру;

(f)

Жалпы жиналыстың, Кеңес Төрағасының немесе Тексерушінің құзыретіне жатпайтын және осы Жарғыда немесе өзге құжаттарда белгіленген өзге мәселелер.

11.9.

Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері

11.10.

Кеңес мүшелері өз міндеттері шегінде немесе Жалпы жиналыстың және Кеңестің шешімдерімен белгіленген арнайы өкілеттіктерге орай Қауымдастықтың мүддесін мемлекеттік органдарда және өзге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда білдіруге құқылы.

11.11.

Кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін жеке өздері немесе сенімді тұлғалары арқылы жүзеге асыра алады. Кеңес мүшесінің уәкілетті тұлғасы (өкілі) Кеңес мүшесі берген және өзі қол қойған сенімхат негізінде әрекет етеді. Кеңестің немесе Жалпы жиналыстың шешімі бойынша Кеңес мүшесіне ұсынылатын арнайы өкілеттіктер үшінші тұлғаларға берілмейді.  

11.12.

Кеңестің отырыстарын шақыру тәртібі

11.13.

Кеңестің отырыстары қажет болған сайын шақырылады.

11.14.

Кеңес Төрағасы немесе Кеңес мүшелері көпшілігінің Кеңес Төрағасына жіберген талабы бойынша Кеңес отырыстарын шақырады.

11.15.

Кеңестің отырысы туралы хабарлама Кеңестің әрбір мүшесіне отырысты өткізу күніне дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын жазбаша немесе өзге нысанда жіберіледі. Хабарламада отырысты өткізу орны мен уақыты, талқыланатын мәселелер көрсетілуі тиіс.

11.16.

Хабарламаға күн тәртібінің мәселелерімен байланысты барлық қажетті материалдар қоса беріледі.

11.17.

Кеңестің шешімдерін қабылдау тәртібі

11.18.

Кеңес мүшелерінің немесе олардың уәкілетті өкілдерінің кемінде үштен екі бөлігі отырысқа қатысқан жағдайда, кворум бар деп саналады. Кеңестің отырыстарына Кеңес Төрағасы, ол болмаған жағдайда қатысқан Кеңес мүшелерінің санынан жай көпшілігімен сайланған кез келген Кеңес мүшесі төрағалық етеді. Кеңес Кеңес отырыстарының хатшысын тағайындайды.

11.19.

Кеңестің барлық шешімдері дауыстардың жай көпшілігімен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда, Кеңес Төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

11.20.

Дауыс беруді өткізу нысанын Кеңес айқындады.

11.21.

Кеңес шешімдері сырттай дауыс беру арқылы қабылдануы мүмкін. Сырттай дауыс беруді өткізу тәртібін Кеңес айқындайды.

11.22.

Көпшілік пікірімен келіспеген Кеңес мүшесі отырыс аяқталғаннан кейін бір тәулік ішінде өзінің ерекше пікірін ұсынуға құқылы, ол міндетті түрде Кеңес отырысының хаттамасына қоса тігілуі тиіс.

11.23.

Қауымдастық Кеңесінің шешімдеріне Кеңес Төрағасы қол қояды және Кеңес отырысының хаттамасымен ресімделеді. Кеңес Төрағасы және хатшы хаттамаға қол қояды.

12-бап. Кеңес Төрағасы

12.1.

Кеңестің Төрағасы Қауымдастықтың атқарушы органы болып табылады және Қауымдастық Кеңесінің мүшелерінен екі жыл мерзіміне Жалпы жиналыспен сайланады.

12.1-1.

Төраға мерзімінен бұрын өзінің өкілеттіктерінен бас тартқан жағдайда, Кеңес Жалпы жиналыстың шешіміне дейін Төрағаның міндетін атқарушыны тағайындайды.

12.2.

Кеңес Төрағасы осы Жарғыда белгіленген құзырет шегінде Кеңесті басқарады және Жалпы жиналыс пен Кеңестің шешімдерін орындау үшін жауап береді.  Кеңес Төрағасы үшінші тұлғалардың алдында Қауымдастықты сенімхатсыз табыс етеді және Қауымдастықтың банктік және өзге қаржы құжаттарына бірінші қол қою құқығы бар. 

12.3.

Кеңес Төрағасының құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

(a)

алдағы жылға арналған Қауымдастық қызметі бағдарламасының (жоспарының) және жалпы шығындар сметасының (бюджеттің) жобаларын әзірлеу және Қауымдастық кеңесінің қарауына шығару, олардың іске асырылуына бақылауды жүзеге асыру;

(b)

кезекті және кезектен тыс Жалпы жиналыстарды шақыруды және өткізуді ұйымдастыру;

(c)

Қауымдастық Кеңесінің және Жалпы жиналысының күн тәртібінің жобаларын әзірлеу және Қауымдастық Кеңесінің қарауына шығару;

(d)

уәкілетті мемлекеттік органдармен және өзге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;

(e)

Жалпы жиналыстың және Қауымдастық Кеңесінің шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету;

(f)

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен Қауымдастықтың жалпы шығындар сметасының (бюджетінің) кіріс бөлігін қалыптастыру бөлігінде өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;

(g)

үшінші тұлғалардың алдында Қауымдастықты табыс ету құқығына сенімхаттарды беру;

(h)

Қауымдастық аппараты қызметкерлеінің штат кестесін бекіту;

(i)

материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының дұрыс қолданылуына бақылауды жүзеге асыру;

(j)

өз құзыреті шегінде Қауымдастықтың барлық қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтарды, нұсқаулықтар мен өкімдерді шығару;

(k)

Қауымдастық аппаратының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау, басқа лауазымға ауыстыру және жұмыстан шығару, еңбек шарттарын жасасу, көтермелеу және тәртіптік жаза қолдану шараларын қолдану, еңбекақы төлеу жүйесін анықтау, Қауымдастық аппараты қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларының және Қауымдастық аппараты қызметкерлерінің штаттық кестесіне сәйкес жалақыға дербес үстеме ақылардың мөлшерін орнату, Қауымдастық аппараты қызметкерлерінің сыйлықақы мөлшерін анықтау;

(l)

кандидатураларды, оның ішінде Қауымдастық аппаратының қызметкерлерінен Қауымдастықтың қоғамдық наградаларымен (ордендер, медальдар, грамоталар және т.б.) марапаттау үшін бекіту;

(m)

Жарғыға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың жобаларын әзірлеу және Қауымдастық Кеңесінің қарауына шығару;

(n)

Қауымдастықтың ішкі құжаттарын, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеу және бекіту;

(o)

Кеңеспен бекітілген, жалпы шығындар сметасы (бюджет) шегінде Қауымдастықты күтіп-ұстауға және ағымдағы қызметін жүзеге асыруға шығындардың баптары бойынша өзгерістерді әзірлеу және бекіту;

(p)

аудиторды таңдау, Қауымдастықтың жылдық қаржылық есептілігіне аудит жүргізу туралы шарт жасасу және Қауымдастық Кеңесіне жылдық қаржылық есептіліктің жобасын ұсыну;

(q)

Қауымдастық аппаратының қызметін бақылау және үйлестіру;

(r)

шарттарды жасасу, Қауымдастықтың банк шоттарын ашу;

(s)

үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда Қауымдастықты сенімхатсыз табыс ету;

(t)

бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;

(u)

Жалпы жиналыстың, Қауымдастық Кеңесінің немесе Тексерушінің құзыретіне жатқызылмаған және осы Жарғыда не өзге құжаттарда айқындалған басқа мәселелер.

12-1-бап. Құрметті Кеңес Төрағасы

12-1.1.

Жалпы жиналыс Құрметті Кеңес Төрағасын сайлайды және оған ерекше мәртебе табыстайды.

12-1.2.

Құрметті Кеңес Төрағасы Кеңестің отырыстарына және Жалпы жиналыстарға дауыс беру құқығымен қатыса алады.

12-1.3.

Құрметті Кеңес Төрағасы Қауымдастық Кеңесі айқындайтын тәртіппен сыйақы ала алады.

13-бап. Қауымдастық Аппараты

13.1.

Қауымдастықтың ұйымдастырушылық құрылымы Аппараттан тұрады.

13.2.

Аппарат өз қызметінде Кеңес Төрағасына бағынады.

13.3.

Аппарат Қауымдастықтың ағымдағы қызметін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

13.4.

Аппарат Қауымдастық қызметінің бағдарламасын (жоспарын) жүзеге асыруды қамтамасыз етеді, Жұмыс топтарының қызметін үйлестіреді, ішкі құжаттарды әзірлейді, Қауымдастықтың жылдық қаржылық есептілігін дайындайды, Жалпы жиналыстың күн тәртібінің жобасын әзірлейді, Қауымдастық мүшелеріне ақпараттық және консультациялық қызметтердің ұсынылуын қамтамасыз етеді, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

13-1-бап. Қауымдастықтың Жұмыс топтары, Комитеттері

13-1.1.

Қауымдастықтың нақты белгіленген жарғылық міндеттерін шешу үшін Жұмыс топтары, Комитеттер құрылады.

13.-1.2.

Қауымдастық мүшелерінің өкілдері, Қауымдастық аппаратының штат қызметкерлері, уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлері және Кеңес Төрағасы тағайындаған өзге тұлғалар Жұмыс топтарының Комитеттердің мүшелері бола алады.

13-1.3.

Комитет Кеңеске және Кеңес Төрағасына бағынады.

13-1.4.

Комитеттің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін, қызметкерлерінің жалақысын қоса алғанда, Комитетті күтіп-ұстау Кеңес белгілеген қаражат есебінен жүргізілуі мүмкін.

14-бап. Қауымдастықтың Тексерушісі

14.1.

Тексеруші Қауымдастықтың әкімшілік-қаржылық қызметіне бақылауды жүзеге асырады.

14.2.

Өз қызметі аясында Тексеруші ішкі аудитті, Қауымдастық жыл бойы жүргізген кассалық, банктік және басқа да қаржы операцияларының тексерілуін, сондай-ақ Қауымдастық активтерінің бар-жоғына және жай-күйіне тексерісті жүргізеді.

14.3.

Қауымдастық Тексерушісі Қауымдастық мүшелерінің өкілдерінен екі жыл мерзіміне Жалпы жиналыспен сайланады. Кеңес мүшесі Тексеруші болып сайланбайды.

14.4.

Тексерістер Жалпы жиналыстың шешімі бойынша немесе Қауымдастық мүшелерінің жалпы санынан Қауымдастық мүшелерінің кемінде үштен бір бөлігінің талабы бойынша жүргізіледі.

14.5.

Тексерушінің құқықтары мен міндеттері:

(a)

Тексеруші Қауымдастықтың қаржы-шаруашылық қызметімен байланысты бухгалтерлік есептілікті қоса алғанда, барлық қажетті құжаттармен және материалдармен танысуға құқылы;

(b)

тексерісті жүргізу барысында Тексеруші Қауымдастықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінен тексеріс мәселелері бойынша барлық қажетті құжаттарды ұсынуды және түсінік беруді талап етуге құқылы, ал соңғылар талаптарын орындауға міндетті;

(c)

Қауымдастықтың қызметіне тәуелсіз тексеру үшін Тексеруші Кеңеске сарапшылар мен аудиторларды тартуды ұсынуға құқылы. Сарапшылар мен аудиторлардың қызметтеріне ақы төлеуге арналған құжаттарды Кеңес осы мақсаттарға бекітілген сомалар шегінде жоспарлайды;

(d)

Тексеруші өзі жүргізген тексерістердің нәтижелерін үнемі Жалпы жиналысқа, Кеңеске және Кеңес Төрағасына жіберуге міндетті. Тексеріс нәтижелері Тексеруші қол қоятын акт түрінде ресімделеді;

(e)

Тексеруші Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалатын тәртіппен өзіне жүктелген міндеттердің дұрыс орындалуына және объективтілігіне дербес жауаптылықта болады;

(f)

Қауымдастықтың айтарлықтай мүдделеріне қауіп-қатер туындаған жағдайда немесе Қауымдастықтың лауазымды тұлғалары тарапынан теріс пайдалану анықталған жағдайда, Тексеруші кезектен тыс Жалпы жиналысты шақыруға құқылы;

(g)

аудитор болмаған жағдайда, Тексеруші жылдық есептер мен баланстар бойынша қорытынды жасайды және оларды Жалпы жиналысқа ұсынады. Осындай жағдайларда Қауымдастық балансы Тексерушінің қорытындысы болмаса, Жалпы жиналыспен бекітілмейді.

15-бап. Қауымдастықтың мүлкі және қаржыландыру көздері

15.1.

Қауымдастық өзінің жарғылық мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті мүлікті заңды негіздерде сатып алуға және меншік құқығында иеленуге құқылы.  

15.2.

Қауымдастықтың мүлкін қалыптастыру көздері:

(a)

Қауымдастық құрылтайшыларынан түсімдер;

(b)

кіру және ай сайынғы мүшелік жарналар;

(c)

ерікті мүліктік жарналар және қайырмалдықтар;

(d)

өзінің жарғылық мақсаттарына қол жеткізу мақсатымен Қауымдастықтың тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өткізуінен түсімдер (кірістер);

(e)

дивидендтер (акциялар, облигациялар, басқа бағалы қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынатын табыс, сыйақы (мүдде);

(f)

Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген басқа түсімдер.

16-бап. Қауымдастықтың қызметін қайта ұйымдастыру және тоқтату шарттары мен тәртібі

16.1.

Қауымдастық Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда көзделген тәртіппен Қауымдастық мүшелерінің Жалпы жиналысының шешімі бойынша қайта ұйымдастырылуы мүмкін.

16.2.

Қауымдастықты қайта ұйымдастыру қосу, біріктіру, бөлу, ажырату, қайта құру нысандарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да нысандарда жүргізілуі мүмкін.

16.3.

Қосу нысанында қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, Қауымдастық жаңадан пайда болған ұйым (ұйымдар) мемлекеттік тіркелген сәттен бастап қайта ұйымдастырылған болып саналады. Қауымдастыққа басқа ұйымды қосу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде Қауымдастық Ұлттық бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің тізіліміне қосылған ұйымның қызметін тоқтату туралы жазбаны енгізген сәттен бастап қайта ұйымдастырылған болып саналады.  

16.4.

Қауымдастық ерікті түрде, Жалпы жиналыстың шешімі бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда көзделген тәртіппен және негіздерде мәжбүрлеп (соттың шешімі бойынша) таратылуы мүмкін.

16.5.

Қауымдастықты тарату туралы шешімді қабылдаған кезде Жалпы жиналыс тарату комиссиясын тағайындайды және тарату тәртібі мен мерзімдерін белгілейді. Тарату комиссиясын тағайындау сәтінен бастап оған Қауымдастықтың мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер өтеді.

16.6.

Тарату комиссиясы Қауымдастықты тарату, сондай-ақ заңнаманың талаптарына сәйкес оның кредиторларының талаптарын мәлімдеу тәртібі мен мерзімі туралы ақпаратты жариялайды. Талаптарды мәлімдеу мерзімі Қауымдастықты тарату туралы ақпаратты жариялау сәтінен бастап екі айдан аз болмауға тиіс. Тарату комиссиясы кредиторларды анықтауға және берешекті алуға шаралар қабылдайды, кредиторларға Қауымдастықты тарату туралы жазбаша хабарлайды.   

16.7.

Кредиторлардың талаптарды қою үшін мерзімі біткен соң тарату комиссиясы Қауымдастық мүлкінің құрамы, кредиторлардың мәлімдеген талаптарының тізілімі, сондай-ақ оларды қарау нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын аралық тарату балансын құрайды.  Аралық тарату балансын Жалпы жиналыс бекітеді.

16.8.

Егер Қауымдастықтың кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін ақшасы жетпеген болса, тарату комиссиясы сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен жария сауда-саттықтан Қауымдастық мүлкін сатуды жүзеге асырады.

16.9.

Тарату комиссиясы Қауымдастықтың кредиторларына ақша төлеуді оны бекіту күнінен бастап аралық тарату балансына сәйкес Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 51-бабымен белгіленген кезектілік тәртібінде жүргізеді. 

16.10.

Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін тарату комиссиясы Жалпы жиналыста бекітілетін тарату балансын жасайды.

16.11.

Кредиторлармен есеп айырысқаннан кейін Қауымдастықты тарату кезінде қалған мүлік Қауымдастық мүшелерінің, құрылтайшыларының, лауазымды тұлғаларының немесе қызметкерлерінің арасында бөлінбейді және Қауымдастықтың жарғылық мақсаттарына жіберілуі мүмкін немесе дәл сол немесе ұқсас мақсаттарды көздейтін коммерциялық емес ұйымға берілуі мүмкін.

16.12.

Ұлттық бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің тізіліміне жазба енгізілгеннен кейін Қауымдастықты тарату процесі аяқталған, ал Қауымдастық өз қызметін тоқтатқан болып саналады.

17-бап. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

17.1.

Осы Жарғыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жазбаша нысанда әзірленеді және Жалпы жиналыстың шешімі бойынша енгізіледі. 

17.2.

Осы Жарғының 12.3-тармағының (m) тармақшасына сәйкес Кеңес Төрағасы Жарғыға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірлейді және кейін осы Жарғының ережелерін сақтай отырып, Кеңестің қарауына және Жалпы жиналыстың бекітуіне шығарады.

17.3.

Жалпы жиналыс осы Жарғының 10-бабына сәйкес Жарғыға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды бекіту туралы шешім қабылдаған кезде өзгерістерге және (немесе) толықтыруларды қол қоюға құқығы бар тұлғаны анықтайды.

17.4.

Жалпы жиналыс осы Жарғыға өзгерістер мен толықтыруларды бекіткеннен кейін өзгерістердің және/немесе толықтырулардың мәтіні Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынылады.