ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылғы 1-ші жартыжылдықтағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына шолуды назарларыңызға ұсынады.
Кезеңнің негізгі үрдістері:
- Жылдың бірінші жартыжылдығында нақты ақша-несие шарттарының қатаңдағанына қарамастан, ішкі капитал нарығы тұрақты оң серпінді сақтап қалды. Акциялар, мемлекеттік және корпоративтік облигациялар нарығы капиталдандыруының өсуі қаржылық активтерге деген жоғары сұраныстың сақталғанын және ішкі капитал нарығының біртіндеп кеңейіп жатқанын айғақтайды.
- Елдің қор индекстері ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығын екі таңбалы өсіммен аяқтады: KASE индексі 10%-ға, AIXQI 13%-ға өсті (салыстыру үшін, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіштер сәйкесінше 7,9% және 0,8%-ды құрады).
- Сонымен қатар, акциялар нарығының капиталдандырылуы бір жыл бұрынғы 8,7%-бен салыстырғанда 18,8%-ға өсті. Бұл жергілікті сұраныстың күшейгенін және ірі эмитенттердің қайта бағалануы неғұрлым қолайлы болғанын көрсетеді.
- «Көгілдір фишкалардағы» өзгерістер әр бағытта қалыптасты: жергілікті инвесторлар тарапынан тауар-шикізат нарығының өкілдеріне деген сұраныс жоғары болды — ҚМГ (+56%), CORE (+29%), «Қазатомпром» (+22%) және «ҚазТрансОйл» (+19%). Бұл қолайлы баға конъюнктурасының, дивидендтік күтулер мен ақша ағындары болжамдарының жақсаруының үйлесімін көрсетеді.
- Сонымен қатар, жекелеген бағалы қағаздардың теріс серпіні (төменде қараңыз) өсудің жалпы нарықтық емес, шоғырланған сипаттағы екенін көрсетеді және бұл корпоративтік факторлардың, дивидендтік күтулердің қайта қаралуының және капиталдың жоғары құны аясында жекелеген эмитенттердің әлсіздеу перспективаларының үйлесіміне байланысты болуы мүмкін.
- Жыл басынан бері МБҚ-ға деген тұрақты сұраныстың, бейрезиденттер қатысуының артуы мен инфляциялық күтулердің жақсаруы аясында тәуекелсіз қисық орта және ұзақ мерзімді сегменттерде төмендеді (төменде қараңыз). Бұл ретте қысқа учаскедегі кірістілік ҚРҰБ ноттары бойынша жоғары мөлшерлемелердің ықпалымен жоғары күйінде сақталды.
- Қарыз нарығында МБҚ-ға деген жоғары сұраныс сақталды, бұған тартымды нақты пайыздық мөлшерлемелер (5,7–7,4% шегінде) мен ақша-несие саясатының біртіндеп жұмсаруына деген күтулер ықпал етті.
- Айналымдағы МБҚ көлемі 11,2%-ға, ал бейрезиденттердің мемлекеттік облигацияларға салған инвестициялары 28,3%-ға өсіп, ₸2,5 трлн-ға жетті. МБҚ-дағы бейрезиденттердің үлесі 6,2%-дан 6,9%-ға дейін өсті, ал бастапқы нарықтағы орналастыру көлемі 4,9%-ға ұлғайды. Бұл мемлекет үшін тұрақты қарыз алу жағдайларын қамтамасыз етіп, бір мезгілде нарықта қосымша шетел валютасы ұсынысын қалыптастырды.
- Корпоративтік борыш нарығы да кеңейді: айналымдағы облигациялар көлемі 15,8%-ға өсті. Бұл ретте KASE_BMY кірістілік индексі шамамен өзгеріссіз қалып, 16,5%-ды құрады. Бұл нарықтық қорландырудың жоғары құны сақталғанын көрсетеді.
- Екі биржаның да дамуы қаржы құралдары ұсынысының кеңеюімен қатар жүрді: KASE 29 жаңа эмитентпен және 174 жаңа құралмен толықты, ал AIX-те жарты жыл ішінде 53 эмитенттен 74 жаңа листинг тіркелді. Бұл казақстандық капитал нарығының әрі қарай тереңдей түскені мен әртараптанғанын көрсетеді.




Резюме
Қазақстанның капитал нарығы жоғары нақты пайыздық мөлшерлемелер жағдайында тұрақтылығын сақтап, қаржы жүйесіндегі рөлін күшейте түсті. 2026 жылдың ортасына қарай акциялар нарығының капиталдандыруы ЖІӨ-нің шамамен 31%-ына, МБҚ көлемі 22%-ына, ал корпоративтік борыштың 20%-ына жақындады. Бұл ішкі нарықтың біртіндеп тереңдеуін және оның экономиканы қаржыландыру көзі ретіндегі маңыздылығының артқанын көрсетеді.
Тәуекелсіз кірістілік қисығының өзгеруі және МБҚ-ға деген жоғары сұраныс нарық қатысушыларының орта және ұзақ мерзімді күтулерінің жақсарғанын көрсетеді. Бұл ұзақ мерзімді шығарылымдарды орналастыру үшін неғұрлым қолайлы бағдарлар қалыптастырып, қарыздық қаржыландыру мүмкіндіктерін біртіндеп кеңейтеді. Бұл ретте қысқа мерзімді және корпоративтік құралдардың жоғары кірістілігі эмитенттер үшін капитал тарту құны әзірге жоғары күйінде қалып отырғанына қарамастан, нарықтың инвесторлар үшін тартымдылығын қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Сонымен қатар, екі биржа алаңының өзара толықтырушы моделі қалыптасуда. KASE ішкі өтімділікті қамтамасыз етуде және теңгемен қаржыландыруды тартуда негізгі рөл атқаруды жалғастырса, AIX қазақстандық эмитенттердің халықаралық қарыз нарықтарына, соның ішінде еурооблигацияларға және ел үшін жаңа құралдар – панда-облигацияларға қолжетімділігін кеңейтеді. Айта кету керек, екі алаңда да биржалық белсенділік артты: KASE-дегі жиынтық сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 48,8%-ға, ал AIX-те 48,7%-ға өсті. Эмитенттер, листингтер және айналымдағы құралдар санының өсуі нарықтық инфрақұрылым мен қаржы өнімдері ұсынысының кеңейгенін айғақтайды.
Сонымен бірге, нарықтың одан әрі тереңдеуі сапалы жекеменшік құралдары ұсынысының артуына, ұжымдық инвестициялардың дамуына және ұзақ мерзімді институционалдық сұраныстың кеңеюіне байланысты болады. Бұл факторлар өтімділіктің акциялар, мемлекеттік және корпоративтік борыш арасында неғұрлым біркелкі бөлінуіне ықпал ете алады.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

