22.05.2026
194 cапарлар
Ішкі салықтар бюджет кірістері өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналуда

ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы ҚР бюджет теңгерімінің шолуын ұсынады.

Кезеңнің негізгі үрдістері

  • Экономикалық белсенділіктің баяулауына (өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі 5,6%-дан 3,0%-ға дейін) және теңге бағамының анағұрлым нығаюына (5,5%-ға нығайды) қарамастан, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жиынтық салық түсімдері (Ұлттық қор + ЖБ + РБ) екі таңбалы өсім көрсетті.
  • 2026 жылдың 3 айында ел бойынша ₸7,0 трлн салық жиналды, бұл 2025 жылдың 3 айындағы ₸5,8 трлн-мен салыстырғанда (+20,5% немесе ₸1,2 трлн). Бұл ретте өсім бюджет жүйесінің деңгейлері бойынша біркелкі болған жоқ.
  • Бюджеттің кіріс бөлігін қолдауға ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі, салық базасының кеңеюі, жоғары инфляция, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендірудің күшейтілуі ықпал етті. Осылайша, салық түсімдерінің жеделдеуі экономиканың өсім қарқынынан айтарлықтай озды. Бұл фискалдық әкімшілендірудің күшеюін де, бизнес пен тұтынуға түсетін нақты салық жүктемесінің біртіндеп артуын да көрсетеді.
  • Салық түсімдерінің ең көп өсімі республикалық бюджетке тиесілі болды (+31,5% немесе +₸976 млрд), бұл негізінен ҚҚС (+₸642 млрд) және КТС (+₸172 млрд) бойынша алымдардың артуымен байланысты.
  • Мұндай динамика мөлшерлемелерді өсірудің, жекелеген салықтық жеңілдіктерді қысқартудың, әкімшілендіруді күшейтудің, бизнес айналымы өсімінің және кәсіпорындардың корпоративтік пайдасы артуының жиынтық әсерін көрсетеді (олардың 2025 жылғы жалпы пайдасы 19,7%-ға өсті). Құрылыстағы (+14,8%), көліктегі (+12,8%), өңдеу өнеркәсібіндегі (+8,5%) және саудадағы (+4,8%) іскерлік белсенділіктің жеделдеуі қосымша фактор болды.
  • Ұлттық қорға түсетін салық түсімдері де айтарлықтай өсті (+26,1% немесе +₸162 млрд), бұл негізінен мұнай бағасының жоғарылауы жағдайында ПҚӨС (+₸141 млрд) және КТС (+₸64 млрд) бойынша алымдардың артуымен түсіндіріледі.
  • Республикалық бюджет және Ұлттық қордан айтарлықтай ерекшелігі, жергілікті бюджеттер анағұрлым қалыпты динамика көрсетті (+2,5% немесе +₸52 млрд).
  • Жұмыспен қамтудың, жалақының және тұтынудың артуы аясында ЖТС, акциздер және әлеуметтік салық (төменді қараңыз) бойынша түсімдердің жалғасып жатқан өсіміне қарамастан, КТС бойынша түсімдер төмендеді. Бұл жағдайда тіркеу шегі төмендегеннен кейін ШОБ-тың бір бөлігінің ҚҚС төлеушілер санатына өтуі, сондай-ақ ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында шағын бизнестің жабылуы мен қызметін тоқтата тұруы санының артуы (-208 мың) ықпал етуі мүмкін.
  • Осылайша, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында салық жинау бойынша жылдық жоспардың орындалуы 21,2%-ға дейін жақсарды, бұл жыл басында бюджеттің кіріс бөлігінің анағұрлым сенімді атқарылуын көрсетеді.
  • Шығыс бөлігінде республикалық бюджеттегі өсімнің 3,4%-ға немесе +₸223 млрд-қа дейін баяулауы байқалады (2025 жылдың 3 айында +3,8% немесе +₸238 млрд болған). Негізгі үлес борышқа қызмет көрсетуге (+₸288 млрд), әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға (+₸197 млрд) және қорғанысқа (+₸138 млрд) тиесілі болды. Бұл ретте шығыстар баптарының жартысы бойынша олардың төмендеуі байқалды (төменді қараңыз).
  • Жергілікті бюджеттердің шығыстары анағұрлым жоғары қарқынмен өсті — 10,7%-ға немесе +₸338 млрд-қа (2025 жылдың 3 айында +21,4% немесе +₸555 млрд болған), мұнда негізгі үлесті ауыл шаруашылығы (+₸108 млрд), қарыздарды өтеу (+₸91 млрд) және ТҮКШ (+₸90 млрд) қосты, бұл өңірлік экономика мен инфрақұрылымды қолдаудағы мемлекеттің жоғары рөлінің сақталуын көрсетеді.
  • Жиынтық шығыстар кіріс бөлігінен ₸1,2 трлн-ға асып түсті (төменді қараңыз).
  • Бюджет тапшылығын қаржыландыру және қарыздарға қызмет көрсету үшін (₸0,8 трлн-ға өтелді) мемлекет ₸1,5 трлн-ға (-12 млрд) жаңа қарыздар тартты, бұл ретте тартудың жылдық жоспары ₸9,0 трлн-ды (+291 млрд) құрайды. Осылайша, жылдық жоспар 16,4%-ға орындалды (2025 жылдың 1-тоқсанында 17,8% болған), бұл қалған үш тоқсанда орналастырудың жеделдеуін көрсетуі мүмкін. 

Резюме

2026 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша салық түсімдерінің жедел өсуі және Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемінің айтарлықтай қысқаруы есебінен мемлекеттің фискалдық позициясы айтарлықтай жақсарды.

Соңғыларының есепті кезеңде республикалық бюджетке түскен көлемі тек ₸800 млрд-ты (-₸650 млрд) немесе жылдық жоспардың 28,9%-ын ғана құрады, ал жыл қорытындысы бойынша алынатын трансферттердің жоспарлы көлемі 2025 жылғы ₸5,25 трлн-ға қарсы ₸2,77 трлн-ға дейін — шамамен екі есе төмендеуі мүмкін. Егер осындай динамика сақталса, бюджеттің Ұлттық қор қаражатына тәуелділігі соңғы жылдары алғаш рет біртіндеп төмендеуі мүмкін.

Экономикалық белсенділіктің баяулауына және теңге курсының нығаюына қарамастан, бюджеттің кіріс бөлігі негізінен мұнайлық емес көздер — ҚҚС, КТС, ЖТС және салықтық әкімшілендіруді күшейту есебінен кеңеюін жалғастырды. Бұл ішкі салық базасының біртіндеп кеңеюін және мемлекеттік қаржы құрылымында шикізаттық емес түсімдер рөлінің артқанын көрсетеді.

Қосымша қолдауды мұнайдың жоғары бағалары (+34%) қамтамасыз етті, ал мұнай секторының үлесі тұтастай алғанда мұнай өндірудің қысқаруы (-19,8%) аясында шектеулі болып қалды. Осылайша, бюджеттің кіріс бөлігінің жақсаруы жалпы экономикалық өсімнен (ЖІӨ – 3,0%) гөрі, көбірек дәрежеде салықтық және бағалық факторлар есебінен қалыптасады.

Бір уақытта шығыс бөлігінде бюджет құрылымының ағымдағы міндеттемелер жағына қарай біртіндеп ығысуы сақталуда. Шығыстардың негізгі өсімін бұрынғыша мемлекеттік борышқа қызмет көрсету, әлеуметтік міндеттемелер және өңірлерді қолдау қамтамасыз етуде, ал бюджеттің инвестициялық құрамдас бөлігі шектеулі күйде қалып отыр. Ал, ағымдағы шығындардың үлесі бір жыл бұрынғы 90,1% көрсеткішпен салыстырғанда 91,2%-ға дейін өсті. Шығыстардың мұндай құрылымы бюджет саясатының икемділігін біртіндеп төмендетеді, өйткені шығыстардың барған сайын көп бөлігі міндетті және әлсіз икемді сипатқа ие.

Сонымен бірге өтеудің жоғары көлеміне және теңгенің нығаюы салдарынан валюталық қайта бағалауға байланысты мемлекеттік борыш 1-тоқсанда салыстырмалы түрде қалыпты өсім көрсетті — ₸36,8 трлн-ға (+1,1%) дейін. Бұл ретте мемлекеттік қаржыға қысым жасаудың негізгі факторы бірте-бірте мемлекеттік борыштың өз көлемі емес, ішкі нарықтағы жоғары мөлшерлемелердің сақталуы аясында оған қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстардың жеделдеп отырған өсіміне айналып отыр.

Осылайша, елдің бюджет жүйесі ауқымды «мұнай» трансферттеріне негізделген модельден ішкі салық көздері мен борыш нарығы есебінен қаржыландыру моделіне біртіндеп ығысуда. Дегенмен, бұл модельдің тұрақтылығы көбінесе экономиканың салық жүктемесі мен борыштық қысымды бұдан әрі арттырмай, салық базасының кеңеюін қамтамасыз ету қабілетіне байланысты болады.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
22.05.2026
Ішкі салықтар бюджет кірістері өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналуда
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы ҚР бюджет теңгерімінің шолуын ұсынады.
19.05.2026
Жалпы сақтандыру компанияларының сыйақылары 2,9%-ға төмендеді, ал төлемдер 24,2%-ға өсті
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы Қазақстанның жалпы сақтандыру нарығына арналған шолуды ұсынады.
19.05.2026
Активтердің өсуі нәтижесінде өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) ірі институтционалдық инвесторлардың рөлін күшейтіп келеді
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына шолуды ұсынады.
18.05.2026
Мұнай бағасының жоғарылауы аясында сарапшылар ЖІӨ өсімі бойынша болжамды 5% деңгейінде сақтап қалды
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылғы мамырдағы жекелеген индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген кезекті сауалнама нәтижелерін ұсынады.
13.05.2026
Резервтердің әлеуеті жоғары болғанымен, іргелі ағындардың әлсіреуі байқалады
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға Қазақстанның 2025 жылғы сыртқы сектор шолуын ұсынады.
12.05.2026
Пайда мен пайыздық спрэдтің азаюына қарамастан банктер несие беруді үдетіп жатыр
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға Қазақстанның банк секторы бойынша 2026 жылдың 1-тоқсанына арналған шолуды ұсынады.