19.11.2026
343 cапарлар
Салық түсімдері 18,5%-ға өсті, алайда бюджеттің қарыз алу қажеттілігі сақталып отыр

ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға ҚР-ның 2026 жылғы 9 айдағы бюджет балансына шолуын ұсынады.

Кезеңнің негізгі үрдістері

  • 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша жиынтық салық түсімдері (Ұлттық қор + РБ + ЖБ) 18,5%-ға немесе ₸3,5 трлн-ға өсіп, ₸22,7 трлн-ға жетті (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш ₸19,1 трлн болған).
  • Салық жинау қарқынының жеделдеуіне негізгі үлесті салық заңнамасына енгізілген өзгерістер, әкімшілендірудің күшеюі және жекелеген шикізат нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы қосты. Бұл ретте түсімдердің өсімі бюджет жүйесінің деңгейлері арасында біркелкі бөлінген жоқ.
  • Ең үлкен өсімді республикалық бюджет қамтамасыз етті (+₸3,0 трлн немесе +30,3%). Бұл ұлғаюдың шамамен 90%-ы ҚҚС (+₸1,6 трлн), КТС (+₸636 млрд) және мұнай емес ПҚӨС (+₸480 млрд) үлесіне тиесілі болды.
  • ҚҚС өсімі мөлшерлеменің көтерілуімен, есепке қою шегінің төмендеуімен және тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу айналымдарының ұлғаюы аясында (+13,8%) номиналды салық базасының кеңеюімен байланысты. КТС бойынша түсімдер кәсіпорындардың қаржылық нәтижелерінің жақсаруымен (ірі және орта кәсіпорындардың жалпы пайдасы 2026 жылдың II тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2%-ға өсті), соның ішінде өткен кезеңдердің салық міндеттемелерін ескере отырып қолдау тапты.
  • Мұнай емес ПҚӨС-тің өсуіне металл кендерін өндірудің салыстырмалы түрде қалыпты өсімі (+1,6%) аясында металдар мен уран нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы септігін тигізді.
  • Сонымен қатар Ұлттық қорға түсетін салық түсімдері бір жыл бұрынғы 5,1%-ға төмендеуден кейін 20,6%-ға немесе ₸581 млрд-қа өсті. Негізгі өсімді мұнай секторының КТС-і (+₸506 млрд), рент салығы (+₸16 млрд) және жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері (+₸59 млрд) қамтамасыз етті, ал ПҚӨС (–₸70 млрд) және өнімді бөлу (–₸16 млрд) бойынша түсімдер қысқарды. Мұндай серпін мұнай өндіру көлемі бір мезгілде төмендегенімен (-8,3%), оның орташа бағасының өсуі (+31,5%) аясында қалыптасты.
  • РБ пен Ұлттық қордан айырмашылығы, жергілікті бюджеттердің салық түсімдері 0,8%-ға немесе ₸54 млрд-қа төмендеді. Негізгі қысқару шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін КТС (–₸157 млрд) мен әлеуметтік салықтың (–₸112 млрд) үлесіне тиесілі болды, бұл, соның ішінде, салық режимдерінің өзгеруімен және әлеуметтік салық мөлшерлемесінің 11%-дан 6%-ға дейін төмендеуімен байланысты.
  • Жартылай түспей қалған түсімдер подакцизді тауарларды салық салынатын айналымдардың ұлғаюы аясында акциздердің (+₸162 млрд) және жалақының өсуі (+8,4%) салдарынан ЖТС-тің (+₸133 млрд) өсуі есебінен өтелді.
  • Салық түсімдерінің жеделдеуі кезінде бюджет жүйесі шығыстарының өсуі баяулады. РБ пен ЖБ жиынтық шығыстары бір жыл бұрынғы 14,9%-бен салыстырғанда 10,2%-ға өсіп, ₸30,1 трлн-ға жетті.
  • Баяулау екі деңгейде де байқалды: РБ-де өсу қарқыны 14,4%-дан 8,1%-ға дейін төмендесе, ЖБ-де – 15,7%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте шығыстарды әлеуметтік міндеттемелер, қарызды өтеу және қаржылық операциялар көбірек айқындай түсіп, қаражатты басқа бағыттарға қайта бөлу мүмкіндіктерін шектеді (төменде қараңыз).
  • Салық түсімдерінің озыңқы өсуіне қарамастан, бюджеттік міндеттемелердің айтарлықтай көлемі қарыздық қаржыландыруға деген қажеттілікті қалыптастыруды жалғастыруда. 2026 жылдың 9 айында тартылған қарыздар көлемі ₸7,3 трлн-ға (+₸752 млрд немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%) өсті, ал бұрын тартылған міндеттемелерді өтеуге ₸3,9 трлн (+₸251 млрд) бағытталды.
  • Мемлекеттік борыш 8,8%-ға өсіп, ₸41,3 трлн-ға жетті, ал оған қызмет көрсету шығындары екі еседен астам жылдам – 20,6%-ға өсіп, ₸2,8 трлн-ға жетті, бұл қарыз алудың жоғары құнын көрсетіп, бюджетке түсетін пайызық төлемдердің қысымын күшейте түсуде.
  • Бір мезгілде, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер бір жыл бұрынғы ₸4,2 трлн-мен салыстырғанда (–34%) ₸2,8 трлн-ға дейін қысқарды. Қорға түскен түсімдердің (₸3,43 трлн) алынған көлемнен асып түсуі және жоғары инвестициялық табыстың ($2,2 млрд) арқасында оның активтері қазан айының басына қарай $66,7 млрд-қа дейін өсті (жыл басынан бері +$2,8 млрд).
  • Есепті кезеңде Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің қысқарғанына қарамастан, алдағы уақытта алатын қаражат көлемін ұлғайту жоспарлары және қарыз алуға деген жоғары қажеттіліктің сақталуы бюджеттің мұнай кірістері мен қарыздық қаржыландыруға тәуелділігін төмендету мүмкіндіктерінің шектеулі екенін көрсетеді.

Резюме

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша еліміздің бюджет жүйесі шығыстардың анағұрлым ұстамды өсуі жағдайында кірістер серпінінің жақсарғанын көрсетті. Шығыстар 10,2%-ға өскен кезде салық түсімдері 18,5%-ға артты. Алайда қарыз алудың бұрынғыша жоғары көлемі салық жинаудың жеделдеуі қосымша қаржыландыру көздеріне деген қажеттілікті әзірге айтарлықтай төмендетпей отырғанын байқатады.

Сонымен қатар салық түсімдерінің өсуі біркелкі емес сипатқа ие. Олардың жиынтық өсімінің 86%-дан астамын республикалық бюджет қамтамасыз етті, ал жергілікті бюджеттердің түсімдері шамалы қысқарды. Қосымша кірістердің елеулі бөлігі салық заңнамасындағы өзгерістерге, әкімшілендірудің жақсаруына және қолайлы баға конъюнктурасына байланысты. Тиісінше, қол жеткізілген нәтиженің орнықтылығы салық жинау өсімінің негізінен мөлшерлемелердің өзгеруі мен сыртқы баға факторларымен емес, экономикалық белсенділік пен салық базасының кеңеюі арқылы қаншалықты қолдау таба алатынына байланысты болады.

Шығыстардың өсу қарқынының бәсеңдеуіне қарамастан, бюджеттік маневр жасау мүмкіндіктері шектеулі күйінде қалып отыр. Шығыстардың елеулі бөлігі әлеуметтік және өзге де тұрақты міндеттемелермен айқындалады, ал мемлекеттік қарыз бойынша артып келе жатқан төлемдер қаражатты қайта бөлу мүмкіндіктерін қосымша қысқартады.

Осылайша шығыстардың өсу қарқынының бәсеңдеуі әзірге бюджет саясаты икемділігінің соған сәйкес артуымен қатар жүрмей отыр.

Қарыздық қаржыландырудың жоғары құны қосымша шектеу болып қалады. Мемлекеттік қарыз 8,8%-ға өскен кезде оған қызмет көрсету шығыстары 20,6%-ға артты.

Тоғыз айда пайыздық төлемдерге ₸2,8 трлн бағытталды — бұл Ұлттық қордан берілетін трансферттермен салыстыруға келетін сома. Бұл бюджет орнықтылығының қарыз көлеміне ғана емес, оған қызмет көрсету құнына да тәуелділігін күшейтеді.

Ұлттық қордан берілетін трансферттердің қысқаруы және оның активтерінің $66,7 млрд-қа дейін артуы есепті кезеңнің оң нәтижелері болды. Алайда алымдарды ұлғайту жоспарлары бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігінің төмендеуі әзірге орнықты сипат алмағанын көрсетеді. Сонымен қатар, жинақталған резервтерді пайдалану мен қымбат қарыздар тарту арасындағы таңдау өз өзектілігін сақтап отыр.

Осылайша салық түсімдерінің жақсаруына қарамастан, бюджет жүйесі шығыс міндеттемелері мен қарызға қызмет көрсетудің артып келе жатқан шығындары тарапынан қысым көруді жалғастыруда. Орта мерзімді перспективада мемлекеттік қаржы орнықтылығы меншікті кіріс базасын одан әрі кеңейтуге, шығыстардың тиімділігін арттыруға және қосымша қаржыландыру көздеріне деген қажеттілікті біртіндеп азайтуға байланысты болады.

Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
19.11.2026
Салық түсімдері 18,5%-ға өсті, алайда бюджеттің қарыз алу қажеттілігі сақталып отыр
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға ҚР-ның 2026 жылғы 9 айдағы бюджет балансына шолуын ұсынады.
18.11.2026
ЕО-тың үш елі Қазақстанның Еуропаға экспортының өсімінің 96,5%-ын қамтамасыз етті
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 8 айдағы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымына шолуын ұсынады.
17.11.2026
ӨСК сыйлықақыларындағы зейнетақы аннуитеттерінің үлесі 66%-ға өсті
ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына шолуын ұсынады.
16.11.2026
Автосақтандыру сыйлықақылардың 19%-ын құрайды, бірақ сақтандырушылар төлемдерінің 41%-ы соның үлесіне тиесілі
ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылдың 9 айындағы қазақстандық жалпы сақтандыру нарығына шолуды назарларыңызға ұсынады.
13.11.2026
Бизнес бөлшек қарыздардың қысқаруы аясында банктердің жаңа несиелерінің барлық өсімін қамтамасыз етті
ҚҚҚ талдау орталығы Қазақстанның банк секторының 2026 жылғы 9 айдағы шолуын назарларыңызға ұсынады.
12.11.2026
Нарық желтоқсанда мөлшерлеменің сақталуын және 2027 жылы АНС анағұрлым сақтықпен жұмсартылуын күтуде
ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылғы қараша айындағы кейбір көрсеткіштерге қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында өткізілген кезекті сауалнаманың нәтижелерін назарларыңызға ұсынады.