ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 8 айдағы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымына шолуын ұсынады.
Негізгі үрдістер
- 2026 жылдың 8 айындағы Қазақстанның ЕО-мен тауар айналымы 8,2%-ға өсіп, $31,6 млрд жетті. Бұл ретте басқа серіктестермен сауданың озыңқы өсуі аясында ЕО-ның ҚР сыртқы саудасындағы үлесі бір жыл бұрынғы 32,0%-дан 30,7%-ға дейін төмендеді.
- Екіжақты сауданың өсімінің негізгі көзі экспорт болды, ол 12,2%-ға ұлғайып, $25,3 млрд-қа жетті. Алайда, абсолюттік жеткізілім көлемінің ұлғайғанына қарамастан, ЕО-ның қазақстандық экспорттағы үлесі 44,6%-дан 41,8%-ға дейін төмендеді.
- Экспорттың өсімі іс жүзінде толығымен минералдық (+$2,4 млрд) және химиялық өнімдер (+$439,4 млн) есебінен қамтамасыз етілді. Бұл өзге тауар топтарының үлесі шектеулі бола тұра, жеткізілімдердің, ең алдымен мұнай мен уран өнімінің шикізаттық бағытын сақтап отырғанын көрсетеді.
- Географиялық тұрғыдан алғанда, негізгі өсім Францияға (+$1,6 млрд), Грецияға (+$627 млн) және Испанияға (+$382 млн) тиесілі болды. Бұл елдер ЕО-қа экспорт өсімінің 96,5%-ын қамтамасыз етті, бұл жеткізілім географиясының бірқалыпты кеңеюін емес, жекелеген нарықтарда шоғырланғанын айқындайды.
- Еуропалық тауарлар импорты, керісінше, 5,4%-ға азайып, $6,4 млрд жетті. Негізгі төмендеу машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарына (–$191,5 млн), сондай-ақ химиялық өнімдерге (–$109,3 млн) тиесілі болды. Бұл ретте импорттың қысқаруы тек ішкі сұраныстың өзгеруіне ғана емес, көбінесе ірі инвестициялық сатып алулардың ерекшеліктеріне байланысты.
- Атап айтқанда, Франциядан ұшу аппараттарын жеткізу $322,7 млн-ға қысқарды, бұл жалпы импорттың айтарлықтай төмендеуін түсіндіреді. Мұндай сатып алулардың құны жоғары әрі сирек сипатта болатынын ескерсек, олардың динамикасы еуропалық жабдықтар мен технологиялық өнімдерге деген жалпы сұраныстың әлсірегенін көрсетпейді.
- Еуропалық тауарлардың ірі жеткізушілері болып Германия ($2,0 млрд), Италия ($898 млн) және Франция ($808 млн) қала береді, олар ЕО-дан келетін импорттың 57,6%-ын қамтамасыз етеді. Қытай және Ресеймен саудадан айырмашылығы, еуропалық бағыт жабдықтар мен технологиялық өнімдердің аса айқын рөлімен сипатталады, бұл импорттың инвестициялық циклдерге тәуелділігін арттырады.
- Экспорт пен импорттың әр бағытталған динамикасы ЕО-пен сауда профицитінің бір жыл бұрынғы $15,8 млрд-пен салыстырғанда $18,9 млрд-қа дейін (+19,6%) ұлғаюына ықпал етті. Осылайша, еуропалық бағыт сауда профицитінің айтарлықтай бөлігін қалыптастыруды жалғастыруда, алайда оның көлемі мұнай конъюнктурасына сезімтал күйінде қалып отыр. Еске салайық, қаңтар-тамыз айларындағы сауданың қорытынды профициті ЕО-пен көрсеткіштен төмен қалыптасып, $17,8 млрд-ты құрады.
- Теңгенің нығайғанына қарамастан, жекелеген еуропалық тауарлар қымбаттауын жалғастырды (төменді қараңыз), бұл импорттық шығындардың ішкі бағаға ауысу әлеуетін сақтап отыр. Сонымен қатар, ЕО-тың ҚР импортындағы үлесінің салыстырмалы түрде аз болуы (15,0%) тікелей инфляциялық әсердің ауқымын шектейді.
- Валюталық есеп айырысуларда еуроны экспорттаушыларға (кәсіпорындардың 30,3%-ы) қарағанда импорттаушылар (кәсіпорындардың 38,7%-ы) жиірек пайдаланады. Бұл сауданың тауарлық құрылымындағы айырмашылықтарға сәйкес келеді: шикізат экспортының басым бөлігі доллармен бағаланады және еуропалық өнімді сатып алу кезінде еуро кеңірек қолданылады.
- Жақын болашақта ЕО-пен сауда динамикасы негізінен мұнай белгіленімдері мен физикалық жеткізілім көлеміне тәуелді болады. Қол жеткізілген ең жоғары мәндерден бағаның ықтимал түзетілуі экспорттық түсім мен сауда профицитінің одан арғы өсімін шектеуге қабілетті, ал импорт экономиканың инвестициялық қажеттіліктерімен, валюта бағамымен және еуропалық өнімнің бағалық бәсекеге қабілеттілігімен айқындалатын болады.





Резюме
Еуропалық одақ ҚР сыртқы саудасы үшін стратегиялық маңызын сақтап отыр, ол экспорттық түсімнің 42%-ын және импорттың 15%-ын қамтамасыз етеді. Алайда ЕО-тың осы екі бағыттағы экономикалық функциялары айтарлықтай ерекшеленеді: ҚР үшін бұл ең алдымен шикізат ресурстарын өткізу нарығы болып табылады, ал еуропалық жеткізілімдер ҚР экономикасын құрал-жабдықтармен, технологиялармен және қосылған құны жоғары өнімдермен қамтамасыз етіп, маңызды рөл атқарады.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ЕО-пен сауданың оң сальдосы $18,9 млрд-қа жетіп, Қазақстанның жалпы сауда профицитінен ($17,8 млрд) асып түсті. Осылайша, еуропалық бағыт басқа да бірқатар серіктестермен болған теріс сальдоның орнын іс жүзінде толықтырып отыр.
Сонымен қатар экспорттың шикізат тауарлары бойынша жоғары деңгейде шоғырлануы валюталық түсімнің айтарлықтай бөлігі сыртқы баға конъюнктурасына тәуелді екенін білдіреді, ал еуропалық нарықтағы шикізаттық емес экспортты ұлғайту мүмкіндіктері әзірге шектеулі түрде пайдаланылуда. Еуропалық импорттың қысқаруын ішкі сұраныстың әлсіреуі ретінде біржақты бағалауға болмайды. Инвестициялық тауарлардың едәуір үлесі мен ірі көлемдегі сатып алулардың тұрақсыз сипаты жеткізілімдердің құбылмалылығын арттырады. Бұл ретте ҚР экономикасының ұзақ мерзімді өсуі үшін ЕО-тан келетін жиынтық импорт қарқынынан гөрі, қазақстандық кәсіпорындардың заманауи жабдықтар мен технологияларға қолжетімділігін сақтап қалуы әлдеқайда маңыздырақ.
Бұдан былай ЕО-пен сауданы сапалы түрде кеңейту мүмкіндіктері, ең алдымен, қазақстандық өндірушілердің еуропалық нарыққа тереңірек өңделген өнімдермен шығуымен байланысты болады.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

