07.04.2026
258 cапарлар
Экономикадағы жаңадан берілген несиелердің 50%-дан астамы корпоративтік секторға тиесілі

ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуге қатысты шолуды ұсынады.

Негізгі үрдістер

  • Бөлшек несиелеу сегментінің өсу қарқыны баяулағанына қарамастан (21,9%-дан 8,7%-ға дейін), корпоративтік несиелеу 2025 жылы тұрақты оң динамиканы сақтап, банк портфелі өсімінің негізгі драйверіне айналды.
  • Ақша-несие шарттарының қатаңдатылғанына қарамастан, жаңа корпоративтік қарыздарды беру өсімі өткен жылғы деңгейге жақын сақталды (18,5%-ға қарсы 17,9%). Бұл ретте беру көлемі ₸22,3 трлн деңгейіне жетіп (+₸3,4 трлн), экономиканы несиелеудің жалпы көлеміндегі өз үлесін 53,3%-ға дейін (бір жыл бұрын 51,3%) ұлғайтты.
  • Мұндай айтарлықтай өсім, ең алдымен, ірі бизнеске несие беру динамикасымен (+31,0%) негізделген, бұл инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың іске асырылуы, өтінімдер конверсиясының едәуір жақсаруы (51%-дан 58%-ға дейін) және олардың орташа мөлшерінің артуы (₸8,8 млрд-тан ₸10,5 млрд-қа дейін) аясында орын алды. Сондай-ақ қарыз алушылардың несиелік сапасының жақсарғанын көрсетеді. Қосымша түрде бұл өсім ірі компаниялардың қаржыландырудың әртүрлі көздеріне, соның ішінде валюталық несиелерге кеңінен қол жеткізуімен, сондай-ақ олардың даму институттары тартылған жобаларға қатысуымен қолдау тапты.
  • Орта (+16,7%) және шағын бизнес (+5,2%) сегментінде несие беру динамикасы қарыз алушылардың несиелік сапа деңгейіндегі айырмашылықтарды (мақұлдау деңгейі іс жүзінде өзгерген жоқ) және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тартылу дәрежесін көрсете отырып, анағұрлым ұстамды болды.
  • Несие ресурстарына деген сұраныс динамикасы жыл бойы құбылмалы деңгейде сақталды (төменді қараңыз): тұтастай алғанда нарық бойынша сұраныс 10,7% өсті, бұл ретте негізгі үлесті ірі бизнес сегменті (+14,1%) қамтамасыз етті.
  • Бұл ретте бағалық шарттар базалық мөлшерлеменің өсуі (+275 б.т.) мен қорландырудың қымбаттауына байланысты барлық сегменттерде (төменді қараңыз) қатаңдатылды.
  • Несие берудің салалық құрылымы ағымдағы циклдің инвестициялық сипатын растайды. Ірі бизнес сегментінде өнеркәсіп (+74,2%), құрылыс (+59,9%) және көлік (+23,2%) негізгі драйверлерге айналды, бұл экономиканың өндірістік секторының жеделдеуіне (ЖІӨ-нің 6,5% деңгейіндегі жалпы өсімі кезінде 8,7%-ға дейін) және инфрақұрылымдық инвестициялардың артуына сәйкес келеді.
  • Айналым қаражатын несиелеудің басымдығы (бұрынғы 64%-ға қарсы 61%) сақталғанына қарамастан, 2025 жылы күрделі шығындар мен инвестицияларды қаржыландыруға деген сұраныс күшейді, бұл беру көлеміндегі ұзақ мерзімді несиелер үлесінің артуынан көрініс тапты. Ол барлық сегменттер бойынша бір мезгілде өсті: ірі бизнесте – 19% (2024 жылы 14%), орта бизнесте – 31% (24%), шағын бизнесте – 61% (52%).
  • Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша корпоративтік несиелеу циклі белсенділіктің неғұрлым ірі қарыз алушылар мен инвестициялық жобалар жағына қарай ығысуымен сипатталады. Бұл банктердің неғұрлым қатаң ақша-несие шарттарына бейімделуін, сондай-ақ несие ағындарын қайта бөлудегі мемлекеттік құралдар мен саясат рөлінің күшейгенін көрсетеді.
  • 2026 жылдың басында қарыздарға деген тұрақты сұраныстың сақталуы күтіледі, бұл ретте оның құрылымы базалық мөлшерлеме өзгермеген жағдайда инвестицияға бағытталған салалар мен неғұрлым ірі қарыз алушыларға басымдық беруін сақтап қалуы ықтимал.
    Салалар бөлінісінде 2026 жылдың бірінші тоқсанында несие алуға ниетті кәсіпорындардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібіне (21,5%), ауыл шаруашылығына (18,1%), саудаға (14,2%) және құрылысқа (14,0%) тиесілі.

Резюме

2025 жылы корпоративтік несиелеу барлық негізгі көрсеткіштер бойынша бір мезгілде екі таңбалы өсім көрсетті: бизнес-қарыздарға өтінімдер саны 10,7%-ға, жаңадан берілген несиелер көлемі 17,9%-ға, несие қоржыны 21,2%-ға өсті. Бұл экономиканың өсу қарқынынан (2025 жылғы ЖІӨ 6,5%-ға өсті) айтарлықтай асып түседі және бизнестің несиелік белсенділігінің озу динамикасын көрсетеді.

Бұл ретте экономика субъектілеріне берілген жаңа несиелердің жалпы көлеміндегі корпоративтік сегменттің үлесі 53,3%-ға (бұрын 51,3%), ал жиынтық несие қоржынында 42,8%-ға (бұрын 42,5%) жетті.

Өсім негізінен ірі бизнес сегменті есебінен қамтамасыз етілді, ал шағын және орта бизнестің қосқан үлесі анағұрлым бірқалыпты деңгейде қалыптасты.
Мұндай динамика несиелік белсенділіктің қаржылық тұрғыдан неғұрлым орнықты қарыз алушылар мен «ірі чекті», оның ішінде инвестициялық және инфрақұрылымдық бастамалар шеңберінде іске асырылатын жобалар жағына қарай ығысқанын көрсетеді.

Сонымен қатар несиелеудің инвестициялық сипаты күшейді: ұзақ мерзімді қарыздар үлесінің артуы және несиелік белсенділіктің өнеркәсіп, құрылыс пен көлік салаларында шоғырлануы несиелік циклдің қысқа мерзімді айналым қаражатын қаржыландырудан инвестициялық модельге қарай біртіндеп бағытталуын көрсетеді.

2026 жылы мұндай үрдіс бірқатар салалардағы жоғары инвестициялық сұраныстың сақталуы, инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларының іске асырылуы, сондай-ақ екінші жартыжылдықта ақша-несие шарттарының ықтимал жұмсаруы ықпалымен жалғасуы мүмкін.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
07.04.2026
Экономикадағы жаңадан берілген несиелердің 50%-дан астамы корпоративтік секторға тиесілі
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуге қатысты шолуды ұсынады.
26.03.2026
Қытаймен өзара тауар айналымы $34,1 млрд деңгейіне жетіп, жалпы сыртқы сауданың ширек бөлігіне жуықтады
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға Қазақстан мен Қытай арасындағы 2025 жылғы тауар айналымы бойынша сараптамалық шолуды ұсынады.
20.03.2026
Автонесиелеу көлемі бойынша ипотекалық нарық деңгейіне жетті
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы Қазақстанның автонесиелеу нарығы бойынша шолуды ұсынады.
16.03.2026
Ипотекалық несиелеу нарықтық жағдайлардан оқшау, автономды түрде дамып келеді
ҚҚҚ талдау орталығы Қазақстанның 2025 жылғы ипотека нарығына жасалған сараптамалық шолуды ұсынады.
06.03.2026
Сарапшылар екі таңбалы инфляцияны және қатаң ақша-несие саясатының сақталуын болжайды
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылғы наурыздағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген кезекті сауалнама қорытындыларын ұсынады.
26.02.2026
Сауда профициті ЖІӨ-нің 4,6%-ына дейін төмендеді: ағымдағы шотқа түсетін қысым күшейіп келеді
ҚҚҚ талдау орталығы назарыңызға Қазақстанның 2025 жылғы тауар айналымы бойынша шолуды ұсынады.