15.10.2026
144 cапарлар
Бизнесті кредиттеудің өсімін негізінен қолданыстағы қарыз алушылар қамтамасыз етіп отыр

ҚҚҚ талдау орталығы Қазақстан экономикасы салаларын кредиттеудің 2026 жылғы 9 айдағы шолуын назарларыңызға ұсынады.

Негізгі үрдістер

  • Ағымдағы жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша несие алуға ниет білдірген кәсіпорындардың үлесі іс жүзінде өзгерген жоқ — 2025 жылғы орташа көрсеткіш 14,9%-ды құраса, биыл 14,7%-ды құрады. Бұл ретте, тұрақты жиынтық көрсеткіш жекелеген салалар арасындағы кредиттеу сұранысының айтарлықтай қайта бөлінуін жасырып тұр.
  • Ең айқын төмендеу тау-кен өндіру өнеркәсібінде (–4,8 п.т.) және көлік саласында (–1,4 п.т.) байқалады, ал ауыл шаруашылығы мен құрылыста әлеуетті қарыз алушылардың үлесі тиісінше 4,3 және 1,1 п.т.-қа өсті. Мұндай динамика салалық белсенділіктегі, инвестициялық жоспарлардағы және несиелік ресурстардың қолжетімділігіндегі айырмашылықтарға байланысты бизнестің қарыздық қаржыландыруға деген қажеттіліктерінің біртекті емес екенін көрсетеді.
  • Несиеге деген сұраныстың ұстамды динамикасына қарамастан, 2026 жылғы 8 айда бизнеске нақты берілген несиелер көлемі жылдық мәнде 19,6%-ға өсіп, ₸15,8 трлн теңгені құрады. Өсімнің шамамен 42%-ын өнеркәсіп, 31%-ын сауда және 12%-ын құрылыс қамтамасыз етті. Осылайша, жаңадан берілген несиелер көлемі өсімінің 85%-ы осы үш секторға тиесілі болды.
  • Несие тартуды жоспарлап отырған кәсіпорындардың үлесі іс жүзінде өзгермегені мен берілген несиелердің екі таңбалы өсімі арасындағы алшақтық нарықтың кеңеюі әлеуетті қарыз алушылар ауқымының айтарлықтай кеңеюі есебінен емес, негізінен қаржыландырудың нақты көлемдерін ұлғайту есебінен жүріп жатқанын білдіруі мүмкін.
  • Бизнестің несие портфелі де ұлғаюын жалғастырып жатыр, алайда бәсеңдеу қарқынмен — 6,1%-ға, ₸19,6 трлн-ға дейін өсті, бұл өтеліп жатқан сомалардың айтарлықтай көлемін және корпоративтік кредиттеудің жоғары айналымдылығын көрсетеді.
  • Бұл ретте ЕДБ бизнесті қаржыландырудың негізгі көзі болып қала береді. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша кеңейтілген анықтамадағы бизнеске берілген ₸25,3 трлн несиенің ₸16,4 трлн немесе 65%-ы ЕДБ-ге тиесілі. Тағы 13%-ын ҚДБ, ал шамамен 22%-ын «Бәйтерек» ҰИХ»-ның басқа да еншілес ұйымдары мен МҚҰ қамтамасыз етеді.
  • Кредиттеудің бағалық шарттары да салалар бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Базалық мөлшерлеменің төмендеу циклі басталғаннан бері орташа өлшенген мөлшерлемелер қарастырылып отырған сегменттердің көпшілігінде, ал ең елеулі түрде байланыста (–6,7 п.т.), құрылыста (–2,8 п.т.) және өнеркәсіпте (–1,6 п.т.) төмендеді. Бұл аталмыш салаларда қаржыландыруды тарту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасайды.
  • Мерзімі өткен берешек динамикасы да секторлар бойынша әртүрлі. Қарастырылып отырған салалар бойынша оның үлесі орта есеппен 2,1%-дан 2,8%-ға дейін өсті, алайда портфельдің кеңеюі барлық жағдайда бірдей төлем тәртібінің нашарлауымен қатар жүрмейді: құрылыста мерзімі өткен берешек үлесі 2,4%-дан 2,2%-ға дейін, байланыста 0,5%-дан 0,4%-ға дейін төмендеді. Мерзімі өткен берешектің негізгі өсімі, ₸85,4 млрд, сауда саласына тиесілі — мұнда оның үлесі 3,8%-дан 5,8%-ға дейін ұлғайды.
  • Сонымен қатар корпоративтік кредиттеудің шоғырлануы біртіндеп төмендеуін жалғастыруда: үш ең ірі банктің үлесі 72,4%-дан 70,2%-ға дейін азайды. Бұл басқа ЕДБ-нің бизнеске қаржыландыру беруге қатысуы кеңейіп келе жатқанын және корпоративтік сегменттегі бәсекелестіктің күшейгенін көрсетеді.
  • IV тоқсанда бизнеске берілетін несиелер көлемінің әрі қарай өсуіне алғышарттар сақталып отыр. Ағымдағы динамика екі таңбалы күйінде қалып отыр (+19,6% ж/ж), ал жыл соңы дәстүрлі түрде жоғары несиелік белсенділікпен сипатталады. Базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі, іске асырылып жатқан инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырылуы қосымша қолдау көрсетуі мүмкін.

Резюме

2026 жылы корпоративтік кредиттеу кәсіпорындардың қарыздық қаржыландыруға деген мәлімделген сұранысының өзгеруіне қарағанда айтарлықтай жылдам кеңеюін жалғастыруда. Несие алуға ниет білдірген компаниялардың үлесі іс жүзінде тұрақты болғанымен, нақты берілетін несиелер екі таңбалы өсу қарқынын сақтап отыр. Бұл қаржыландыру көлемдерінің ұлғаюы несие тартатын компаниялар ауқымының айтарлықтай кеңеюімен емес, көбінесе қолданыстағы қарыз алушылардың қажеттіліктерімен және жекелеген ірі жобалардың іске асырылуымен байланысты деп болжауға мүмкіндік береді.

Берілетін несиелердің құрылымы жалпы алғанда экономикалық белсенділік құрылымына сәйкес келеді: қаржыландырудың негізгі өсімін өнеркәсіп, сауда және құрылыс қамтамасыз етеді. Бұл ретте сауда мен өнеркәсіптің маңызды рөлі осы салалардың айналым капиталын тұрақты түрде қаржыландыруға деген жоғары қажеттілігін көрсетеді. Сондықтан берілетін несиелердің жылдам өсуі несие портфелінің соған сәйкес келетін өсіміне ұласпайды – жаңа қарыздардың айтарлықтай бөлігі бір мезгілде өтеліп жатқан берешекті алмастырады және ағымдағы өндірістік пен сауда циклін қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда берілетін несиелермен салыстырғанда қалдықтардың ұстамдырақ динамикасы корпоративтік кредиттеудің табиғи ерекшелігі болып табылады.

Банк секторы бұл қажеттілікті қамтамасыз етіп отыруда маңызды рөл атқарады – кеңейтілген анықтамадағы бизнеске берілетін 65% кредиттеу ЕДБ-нің үлесіне тиесілі. Тағы 13%-ын ҚДБ, ал шамамен 22%-ын «Бәйтерек» ҰИХ»-ның басқа да еншілес ұйымдары мен МҚҰ қамтамасыз етеді. Мұндай құрылым кәсіпорындардың ағымдағы қажеттіліктеріне де бағдарланған нарықтық банктік кредиттеуді капиталды қажет ететін және ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландырудың неғұрлым мамандандырылған құралдарымен үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұл ретте несиелік өсімнің тұрақтылығын бағалау үшін нақты сектордың жағдайын ескеру аса маңызды. Қарастырылып отырған салалар ЖІӨ-нің 62%-ын қалыптастырады, алайда олардың қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай ерекшеленеді: рентабельділік, залал шеккен кәсіпорындардың үлесі және төлем тәртібі біртекті емес күйінде қалып отыр. Сондықтан кредиттеудің ұлғаюы өздігінен соған сәйкес келетін макроэкономикалық әсерге кепілдік бермейді – бұл қарыз ресурстарының кәсіпорындардың шығарылымы, өнімділігі мен тұрақты ақша ағындарының өсуіне қаншалықты трансформацияланатынына байланысты болады.

Корпоративтік кредиттеуді одан әрі кеңейтуге қосымша алғышарттар пайыздық мөлшерлемелер ортасының өзгеруімен қалыптасуда. Базалық мөлшерлемені төмендету циклінің басталуы біртіндеп қорландыру құны мен кредиттік ресурстардың құнына әсер етуде. IV тоқсанда іскерлік белсенділіктің дәстүрлі түрде маусымдық артуын ескере отырып, бұл жыл соңына дейін несие беру көлемінің ұлғаюына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, алдағы кезеңдегі динамика енді тек ақшаның құнына ғана емес, экономикалық тұрғыдан орнықты жобалардың жеткілікті көлемде пайда болуына және бизнес тарапынан ұзақ мерзімді инвестициялық сұраныстың қалыптасуына да байланысты болады.

Осылайша, корпоративтік кредиттеуді дамытудың келесі кезеңі жалпы берілетін сомалардың одан әрі жеделдеуімен емес, көбінесе қарыз ресурстарына деген сұраныс сапасының өзгеруімен байланысты. Қаржылық жағдайлардың жақсаруына қарай жаңғыртуды, өндірістік қуаттарды кеңейтуді және жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыру елеулі рөл атқара бастауы мүмкін. Бұл жағдайда кредиттеудің өсуі несие портфельдерінің тұрақтылығын сақтай отырып, экономиканың өндірістік әлеуетінің кеңеюіне көбірек трансформацияланатын болады.

Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
15.10.2026
Бизнесті кредиттеудің өсімін негізінен қолданыстағы қарыз алушылар қамтамасыз етіп отыр
ҚҚҚ талдау орталығы Қазақстан экономикасы салаларын кредиттеудің 2026 жылғы 9 айдағы шолуын назарларыңызға ұсынады.
08.10.2026
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі нақты ақша-несие шарттарының қатаңдауымен қатар жүреді
ҚҚҚ талдау орталығы Қазақстанның қаржы нарығындағы 2026 жылғы қаңтар — қыркүйек айларындағы пайыздық мөлшерлемелер шолуын назарларыңызға ұсынады.
02.10.2026
Қаржы омбудсманы қызметінің негізгі басшылары сайланды
Қаржы омбудсманы қызметі (ҚОҚ) Кеңесінің шешімімен қаржы нарығының барлық сегментінде қаржы қызметтерін тұтынушылардың проблемалық мәселелерін сотқа дейін реттеу қызметін жүзеге асыратын ҚОҚ-тың негізгі басшылары сайланды. Қаржы омбудсманы қызметінің бас омбудсманы лауазымына Мария Хаджиева сайланды. Банк секторындағы қаржы омбудсманы болып Руслан Ибрагимов, сақтандыру қызметі саласында — Қанат Әліғұлов, ал микроқаржы саласында — Назгүл Естеусізова сайланды.
21.09.2026
Шағын бизнес жаңа берілген несиелердің 41%-ын сақтап, несие портфелінің 47%-ын қалыптастырып отыр
ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылдың 1-жартыжылдығындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу шолуын назарларыңызға ұсынады.
16.09.2026
Орта бизнес корпоративтік кредиттеудің басты қозғаушы күшіне айналып отыр
ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылдың І жартыжылдығындағы орта кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу шолуын назарларыңызға ұсынады.
16.09.2026
Ірі бизнес өтінімдердің 60,5%-ы мақұлданады, ал жалпы нарықта бұл көрсеткіш – 44,1%
ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылғы I жартыжылдықтағы ірі кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу шолуын назарларыңызға ұсынады.