13.04.2023
404 cапарлар
Қалай инвестор болуға болады: биржаға жаңадан келген адамға неге инвестициялау керек

Инвестициялау – бұл сіздің ресурстарыңызды капиталды ұлғайту мақсатында пайдалану. Инвестициялау негіздерін үйрену арқылы сіз ақша табуды бастай аласыз, бірақ қаржылық еркіндікке апаратын жолдың басында жиі кездесетін қателіктерден аулақ болғаныңыз жөн. Мұны қалай жасау керектігін Fingramota.kz айтып береді.

Инвестор болу үшін брокерден — нарыққа кәсіби қатысушыдан шот ашу немесе әр түрлі активтер қоржыны болып табылатын пай қорларының пайларын сатып алу қажет. Брокерде шот ашқан жағдайда инвестор қаржы активтерін белсенді түрде сатумен өз бетінше айналысады. Пайларды сатып алу кезінде инвестор басқарушы компанияға өз ақшасын береді және одан әрі инвестициялық шешімдерді басқарушы компания қабылдайды. Брокерлік қызмет көрсететін компаниялардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қатаң реттеледі.

Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыру үшін брокерде міндетті түрде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) лицензиясы  болуға тиіс және ол қор биржасына тікелей қатысушы болуы керек. Қаржы реттеушісі осы компаниялардың қызметін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады және инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етеді.

Назар аударыңыз! Лицензияланған брокерлердің тізімі Агенттіктің www.gov.kz ресми сайтында орналастырылған.

Fingramota.kz-тен бес пайдалы ұсыныс

Инвестор болуды көбінесе өмір бойы үйрену қажет, өйткені әдетте, нарық туралы көбірек білу және жаңа инвестициялық стратегияларды табу қажет болады. Енді ғана алғашқы қадамын жасап жатқандарға:

1. Бар тәуекелдерді түсініп алу

Егер сіз қор нарығына инвестиция салғыңыз келсе, алдымен мынаны мойындауыңыз керек: біріншіден, тәуекелдерді дұрыс бағалау өте маңызды, екіншіден, инвестициялау әрқашан шығындар қаупін тудырады. Биржаға жаңадан келгендердің көпшілігі ойланып шешім қабылдау және нарықтық үрдістерді қадағалау арқылы өз байлығын арттыруға болады деп қуанады. Бірақ сіз өз дағдыларыңыздың деңгейін дұрыс бағалауыңыз керек: логикалық ойлауды үйреніңіз, инвестицияның ықтимал пайдасы туралы ғана емес, сонымен қатар ықтимал тәуекелдер туралы ойланыңыз, шешім қабылдау процесінде эмоцияларға жол бермеңіз. Қор нарығын әрқашан болжап отыру мүмкін емес және онда секунд сайын болып отыратын оқиғаларға импульсивті түрде қарамау керек, бұл тек шығынға әкелуі мүмкін.

Табысты инвесторлар акциялар, облигациялар немесе басқа нәрсе болсын, өздері инвестиция салатын қор нарығын түсінеді. Олар пайда табу үшін алдымен саралап алып шешім қабылдау қажет екенін біледі және сынақтар мен қателіктер арқылы ондай дағдыларды үздіксіз үйренеді.

2. Бір нәрсеге ғана назар аудару

Көптеген инвестициялық құралдар бар, оның ішінде:

  • Акциялар
  • Облигациялар
  • Туынды қаржы құралдары
  • Венчурлік инвестициялар және басқа.

Активтерді әртараптандыру, яғни капиталды әр түрлі инвестиция түрлеріне бөлу процесі әрқашан құпталады, алайда бастапқы кезеңде инвестицияның бір түріне көңіл бөлген дұрыс. Бұл инвестициялардың әрбір түрі тәуекелдің түрлі деңгейі жағдайында және пайда табу мүмкіндігі кезінде жұмыс істей алуымен байланысты. Мысалы, облигациялар, әдетте,  акцияларға немесе фьючерстерге қарағанда қауіпсіз болады және аз да болса сенімді кіріспен қамтамасыз ете алады. Дегенмен де, акциялар барынша  қауіпті инвестиция түрі болып табылады, бірақ көптеген жағдайларда олар жоғары және жылдам пайда әкелуі мүмкін.

Біраз тәжірибе жинақтаған соң, әрине, өз активтеріңізді әртараптандыру қажет. Әртараптандыру көптеген артықшылықтар береді, және де оның ішіндегі ең тартымдысы – ол инвестициялаудан болатын тәуекелдерді азайтады. Егер бір адам құны төмендеген  инвестицияның бір түріне үлкен сома құйған болса, ол үлкен шығынға ұшырауы мүмкін. Егер де оның орнына сіз түрлі нарықтық күштер әсер ететін бірнеше құралға капиталыңызды салсаңыз, мұндай шығындарға ұшырау тәуекелі айтарлықтай аз болады.

3. Таңдап алған бағытты зерделеу

Қалауыңызды жасағаннан кейін сіз инвестициялық құралды мұқият зерттеңіз. Ешқандай хабарыңыз жоқ құралға ақша салмаңыз!

Өзіңіз «кіруге» бел буған «аяны» бүге-шігесіне дейін зерттеу маңызды, себебі бұл сізге дұрыс бастапқы инвестиция жасауға көмек береді. Бұл ретте, түрлі стратегиялардың тәуекелдерін талдайтын сарапшылардың пікірлеріне назар аударыңыз, өз ақшаңыздың салып отырған инвестициялық активтің құнына  нелердің әсер ететінін нақтылаңыз.

4. Пайыммен және ретімен инвестициялау

Инвестициялаудың алғашқы кезеңдері әртүрлі активтердің тәуекелдері мен әлеуетін түсіну үшін негіздерді оқып-зерттеумен байланысты болса, бұдан кейінгі кезеңдер тәжірибе мен капиталды жинақтауға бағытталған. Ақшалай қорыңызды көбейту үшін инвестициялаудың маңызды бөліктерінің бірі – әрекеттердің реттілігі. Алға мақсат қоймай нәтижеге жету өте қиын және қауіпті.

Инвестициялаудағы мақсатыңызды тұжырымдап алыңыз, ол қор нарығындағы іс-қимыл стратегиясын және сіздің инвестициялық портфеліңіздің құрамын анықтауға көмек береді.  Мақсат нақты және белгілі бір мерзімге қойылуға тиіс – 3 жылға немесе одан да көп мерзім құпталады. Инвестициялау мерзімі неғұрлым ұзақ болса, тәуекелдер соғұрлым аз болады.

5. Аз нәрседен бастау

Көптеген жағдайда ақшаны аз мөлшерде салудан бастаған дұрыс. Бұл бос қаражат болуы тиіс, ешбір жағдайда ол қарызға алынған және сіздің соңғы жинақтарыңыз болмауға тиіс! Инвестицияларды қосымша табыс көзі ретінде қарастырыңыз.

Инвестициялауда алғашқы қадамдар жасай отырып, қателіктер жіберу заңдылық, себебі сіз енді үйреніп жатырсыз, алайда қателіктер сіздің капиталыңызға айтарлықтай әсер етпеуі керек. Неғұрлым көп тәжірибе жинақтап, өз орныңызды жетік білетін болсаңыз, соғұрлым көп ақша инвестициялай аласыз.

 

Инвесторлардың құқықтары қалай қорғалады? 

Халықтың инвестициялық өнімдерге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді және бұл көбіне технологиялардың дамуына және азаматтарға брокерлік шоттарды оңай ашуға мүмкіндік беретін рәсімдердің жеңілдеуіне байланысты.

Орталық бағалы қағаздар депозитарийінің (KCSD) деректері бойынша 2022 жылы Қазақстан қор нарығының бүкіл тарихында инвесторлардың рекордтық өсуі тіркелді. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың 99%-ы – қазақстандықтар. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша инвесторлардың KCSD-дегі шоттарының (қосалқы шоттарының) жалпы саны 2022 жылы 149,3%-ға өсіп, 550,2 мыңды құрады. Оның ішінде жеке тұлғалар шоттарының саны 547,1 мыңды, заңды тұлғалар шоттарының саны 3,1 мыңды құрады.

Дегенмен, инвестициялаудағы тәжірибе мен білімнің жетіспеуіне байланысты барлық бөлшек инвесторлар, мысалы, акциялар сияқты қаржы құралдарын сатып алу кезінде тәуекелді бағалай алмайды. Бөлшек инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүйелі түрде түрлі шаралар қабылдауда. Мәселен,
2022 жылы мынадай заңнамалық бастамалар қабылданды.

Біріншіден, брокердің оған инвестициялық ұсыныстар бермес бұрын бөлшек инвестордың тәуекел-бейінін бағалау міндеті енгізілді.

Бөлшек инвесторларды «білікті» немесе «білікті емес» инвесторлар деп тану үшін оларды талдау рәсімін жүргізу міндеттілігі белгіленді. Білікті инвестор басқа инвесторларға қолжетімді емес көптеген қаржы құралдарына қол жеткізе алады.

2022 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Өзгерістердің бірі жеке тұлғалар ретіндегі білікті инвесторларды тану тетігін жетілдіруге қатысты. Бөлшек инвесторды тану үшін білікті инвесторлар мына өлшемшарттардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келуі қажет: тиісті білім деңгейі, кәсіби сертификаттардың болуы (CFA, FRM, CIIA), қаржы нарығындағы жұмыс тәжірибесі, кемінде 29 млн теңге сомасында активтердің болуы. Тек осы жағдайда ғана оны білікті инвестор ретінде тануға болады.

Жеке тұлға тестілеуден сәтті өткеннен кейін ғана брокер оны білікті инвестор ретінде тануы мүмкін.

Екіншіден, қаржы құралдарына әділ баға белгілеуді қамтамасыз ету үшін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау белгілері кеңейтілді.

Мысалы, қор нарығында мониторинг және талдау жүргізу арқылы бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің және өзге де тұлғалардың қаржы құралының бағасына, оған деген сұранысқа немесе ұсынысқа қатысты жалған белгілер жасау жөніндегі күдікті мәмілелер тұрғысынан іс-әрекеттері анықталады. Егер мұндай мәміле расталған жағдайда, Агенттіктің сараптамалық комитеті тиісті әкімшілік шаралар қабылдайтын болады.

Үшіншіден, лицензиясы жоқ делдалдардан азаматтарға қор және валюта нарықтарында қызмет көрсетуге заңнамалық тұрғыдан тыйым белгіленген. Мысалы, жосықсыз компаниялар, оның ішінде шетелдік компаниялар жандана бастады, олар қаржы реттеушісінің лицензиясынсыз азаматтарға қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде беруде.

Агенттік алаяқтық фактілерін анықтаған кезде:

  • жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін құқық қорғау органдарына;
  • алаяқтардың сайттарын бұғаттау үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ақпарат береді.

Есіңізде болсын, бағалы қағаздарға инвестициялау әрдайым тәуекелмен қатар жүреді және инвесторлар өздері қабылдаған инвестициялық шешімдер үшін жауап береді.

Инвестициялық сауаттылықтарыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыздар!

Соңғы жаңалықтар
21.11.2024
Елдегі төлем карталарының саны 80 миллион бірлікке жетті
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы қолма-қол ақшасыз карточкалық операциялар бойынша статистикаға шолу ұсынады.
18.11.2024
Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі өтті
15 қарашада Алматыда қазақстандық қаржы нарығы мамандарының дәстүрлі жыл сайынғы кездесуі өтті. ҚҚҚ, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұйымдастырған қаржыгерлердің он екінші Конгресі Қаржы секторын ырықтандыру және дамыту тақырыбына арналды.
14.11.2024
Мемлекеттік қаржының тұрақтылығы үшін нысаналы трансферттерді шектеу және Ұлттық қорға мемлекеттік меншікті сату тәжірибесін тоқтату қажет
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы ҚР бюджет балансына шолу ұсынады.
13.11.2024
Сарапшылар USD KZT бағамын бір жылдан кейін бір доллар үшін 507 теңге деңгейінде күтеді
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылғы қарашадағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынады.
12.11.2024
Қаржы секторы құрылыс, байланыс және ауыл шаруашылығы салалары біріктірілгендей көп салық төлейді
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы Қазақстанның банк секторына шолу ұсынады.
28.10.2024
Корпоративтік облигацияларды орналастыру жыл басынан бері 3 трлн теңгеден асты
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына шолу ұсынады.