Бүгінгі таңда кредит алу қалыпты жағдай болып отыр. Адамдар тұрмыстық мәселені шешу үшін де кредиттік ұйымдарға жиі жүгіне бастады. Алайда, әлеуетті қарыз алушылар көбінесе банктер мен микрокредиттік ұйымдардан бөліп төлеуге немесе кредит алуға берген өтініштеріне бас тартулар алуда. Өтінімді қарау кезінде кредиттік ұйымдар жеке тұлғаның кредиттік тарихында көрсетілген мәліметтерді басшылыққа алады. Осылайша, қарызды ресімдеу барысында қарыз алушының кредиттік тарихы маңызды рөл атқарады. Fingramota.kz кредиттік тарих не үшін қажет екенін, оның қалай қалыптасатынын және оған не әсер етуі мүмкін екенін анықтауға көмектеседі.
Кредиттік тарих дегеніміз не және ол қалай қалыптасады
Кредиттік тарих — бұл қарыз алушының кредиттер немесе бөліп төлеуге неше өтінім бергенін, қандай кредиттік ұйымдарға жүгінгенін, кредиттік міндеттемелер бойынша мерзімі кешіктірілген төлемдер санын, кепілгер немесе қоса қарыз алушы ретінде әрекет еткенін және кредиттік ұйымдар үшін маңызды болуы мүмкін басқа мәліметтерді көрсететін есеп.
Кредиттік тарихты қарыз алушы өтінімді жіберген, ай сайынғы төлем жасаған, қарызды мерзімінен бұрын немесе келісілген мерзімде өтеген сайын толықтырылады. Кредиттік ұйымдар қарыз алушы бойынша барлық ақпаратты жинайды және оны «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» заңға сәйкес кредиттік тарих субъектісі туралы соңғы деректерді алған сәттен бастап 10 жыл бойы сақтайтын кредиттік бюроларға жібереді.
Сондықтан кредиттік тарихыңызды бақылап отырыңыз, себебі кредиттік тарих нашар болған жағдайда бөліп төлеуге немесе кредит беруден бас тарту аласыз.
Бұдан басқа, кредиттік тарихтың болмауы да кредиттік өнімді алу мүмкіндігін төмендетуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн.
Кредиттік тарихыңызды қалай білуге болады?
Жеке кредиттік есепті алудың әртүрлі жолдары бар. Мұны интернетте немесе мобильді қосымша арқылы, кредиттік бюролардың кеңселерінде, ХҚКО-да немесе «Қазпошта» арқылы жасауға болады. «Мемлекеттік кредитік бюродан» кредиттік тарихты алу үшін сізге жеке куәлік пен толтырылған өтініш қажет. Есепті бір күн ішінде аласыз.
«Бірінші кредиттік бюро» АҚ-тан (БКБ) кредиттік тарихты бірнеше жолмен алуға болады.
1. БКБ кеңсесінде жеке немесе заңды тұлғаға кредиттік есепті алуға болады. Жеке куәлікті немесе заңды тұлғаға құжаттарды көрсетіп, кредиттік есепті алыңыз.
2. БКБ сайтында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кредиттік тарихты ала аласыз.
3. БКБ мобильді қосымшасының көмегімен – 1CB.kz кредиттік есепті ұялы телефоннан алуға болады. Бұл үшін сізге ұялы телефонға жүктелген электрондық цифрлық қолтаңба және төлем картасы қажет.
4. Egov.kz порталы арқылы электрондық үкімет порталында «Салықтар және қаржы» бөлімінен дербес кредиттік есепті алыңыз. Өтінімді интернет арқылы толтырыңыз, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойыңыз және нәтижені «Жеке кабинетте» көре аласыз.
5. ХҚКО-да кредиттік есепті бүкіл Қазақстан бойынша ХҚКО-ның 80 бөлімшесінен алуға болады. Ол үшін сізге жеке куәлік қажет.
6. «Қазпошта» АҚ-тан сіз Қазақстан бойынша «Қазпошта» АҚ-тың 1688 бөлімшесінде жеке куәлікті көрсету арқылы дербес кредиттік тарихты ала аласыз. Бір жыл ішінде бірінші рет жүгінген кезде сізге тек «Қазпошта» АҚ комиссиясын төлеу қажет болады.
Қандай кредиттік тарих жақсы деп саналады
Кредиттік ұйымдар кредиттік тарихқа әртүрлі өлшемшарттар бойынша талдау жүргізеді. Мысалы, бір кредиттік ұйым соңғы жылғы қарыздар бойынша мәліметтерді тексереді, екіншісі соңғы үш жылда кредитті уақтылы өтеуіне талдау жүргізеді. Немесе: кейбір кредиттік ұйымдар төлем мерзімін бір-екі рет өткізіп алғандарға кредит бермейді, ал кейбір кредиттік ұйымдар төлем мерзімін бірнеше рет кешіктіргендерге де кредит беруге дайын тұрады.
Кредит ұйымдары мынадай кредиттік тарихты оң бағалайды:
1. Егер қарыз алушының кредиттік тарихында көбірек жазбалар болса бұл кредиттік қабілеттілікті сапалы бағалауға көмектеседі.
2. Егер қарыз алушы кредиттік міндеттемелер мерзімін өткізіп алмаған болса.
3. Егер қарыз алушының әртүрлі мақсаттарға арналған кредиттері: қолма-қол кредит, бөліп төлеу арқылы тауарлар алу, кредиттік карталар, ипотека және олар сәтті өтелген болса, бұл адамның әртүрлі кредит түрлері мен сомалары үшін ақша қаражатын ұтымды жоспарлай алатындығын көрсетеді.
Қандай кредиттік тарих нашар деп саналады
Кредиттік тарихтың нашар екендігінің негізгі көрсеткіштері – төлем мерзімінің өтуі және кредиттік жүктеменің жоғары болуы. Әсіресе кредиттің коллекторларға сатылуы, қарыз алушының сотқа тартылуы немесе кредиттің мүлдем төленбеуі теріс көрсеткішке алып келеді. Мұндай жағдайларда банк кредит беруден бас тартады.
Барлық басқа көрсеткіштер қосалқы болып табылады. Мысалы, Сіз кредитке жиі өтінімдер жібердіңіз немесе олар бойынша шешім қабылдау бір банк үшін маңызды болып табылса, ал екіншісі бұл ақпаратқа неғұрлым түсіністікпен қарайды.
Жекелеген банктер кредиттік тарихы жоқ қарыз алушыларға сақтықпен қарауы мүмкін. Өйткені адамның бұған дейін кредитті қалай төлегені туралы ақпарат жоқ, оның кредитті қалай төлейтіні түсініксіз: уақтылы өтей ме, алдын ала жаба ма не мүлдем төлемей қоя ма.
Кредиттік тарих қашан жаңартылады
1 қазаннан бастап қаржы институттары үшін берілген жаңа қарыздарды кредиттік бюроға міндетті түрде күн сайын түсіру туралы талап күшіне енді. Қарыз беру туралы ақпарат жұмыс күнінің соңында бюроға беріледі. Егер кредит демалыс немесе мереке күндері берілсе, ақпарат келесі күнгі жұмыс күні жаңартылады.
Қазіргі уақытта бір күн режимінде қаржы нарығын және қарыз алушыларды берілген қарыз туралы жедел хабардар ету үшін, берілген кредиттер ғана жаңартылады. Кредит беретін қаржы ұйымдары кредит алуға берілген өтінімді қарау кезінде қарыз алушының борыш жүктемесі туралы толық көріністі көре алады, қарыз алушы әрдайым өзінің кредиттік тарихы туралы өзекті ақпаратқа ие болады. 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап барлық басқа жаңартулар шыққан күнінен бастап 10 күн ішінде (бұрынғыдай 15 күннің орнына) беріледі. Іс жүзінде қаржы ұйымдары ақпаратты 10 жұмыс күнінен қысқа мерзімде жаңартады.
Кредиттік тарихты «тазарту» мүмкін бе?
Қарыз алушы кредиттік тарихты қалай өзгерте алады? Бұл сұрақты кредиттік тарихы нашар қарыз алушылар жиі қояды.
Кредиттік тарихты түзетуге, тазартуға немесе жоюға болмайтынын естен шығармау керек. Жалғыз жолы – оны жақсарту.
Біріншіден, кредиттік тарихты жақсарту үшін бар берешекті өтеу қажет, ол жағдайдың жақсаруына септігін тигізеді. Берешек өтелген болса, кредиттік ұйымдар жаңа қарыз ресімдеу мүмкіндігін қарастыра алады.
Екінші – депозит ашу керек. Бұл фактор кредиттік міндеттемелердің тарихына тікелей әсер етпейді, бірақ Сіздің пайдаңызға жарауы мүмкін. Өйткені кредитке берілген өтінімді қарау кезінде банк депозиттің бар-жоғын назарға алады. Ал егер, үнемі толықтырып тұрсаңыз, бұл төлем қабілеттілігін көрсететін жақсы нышан.
Кредиттік тарихты жақсарту – уақытты талап ететін процесс. Бірақ онсыз кезекті кредит немесе бөліп төлеу мүмкіндігін ала алмайтынымызды түсіну қажет.
Кредиттік тарихты даулау
Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулау – БКБ онлайн режимінде тегін ұсынатын қызмет.
Егер Сіз дербес кредиттік есептегі (ДКЕ қандай да бір ақпаратпен келіспейтін болсаңыз, Сіздің ақпаратты даулау туралы өтінішпен БКБ-ға жүгінуге құқығыңыз бар. БКБ Сіздің жолданымыңызды қарайды және ақпаратты берушіге – кредиттер беретін ұйымдарға (банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және т.б.) сұрату жібереді. Ақпарат беруші сұратуды қарап, БКБ-ға жауап береді. Ақпарат берушіден алынған ақпараттың негізінде Сізге БКБ-дан тиісті нәтиже жіберіледі. Ақпарат берушілер түзетулер енгізген жағдайда, Сізге түзетілген ДКЕ ұсынылады. Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулау туралы Сіздің өтінішіңіздің мәртебесін БКБ-ның www.1cb.kz порталында қадағалап отыру қажет.
Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулау үшін не қажет? Сіздің 10 күн бұрын алған өзекті кредиттік есебіңіз болуы керек. ЭЦҚ болған кезде ДКЕ-ні www.1cb.kz сайтынан онлайн алуға болады. Жүріп-тұра алатын азаматтар (ЖТА) базасында тіркелген қолданыстағы телефон нөмірі.
Кредиттік рейтинг
Заңнамаға сәйкес кредиттік бюролар тек кредиттік есепті ғана емес, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін дербес кредиттік рейтингті де бере алады.
Дербес кредиттік рейтинг – бұл кредиттік тарихтың жазбалары негізінде автоматты түре есептелетін балл. Әрбір қарыз алушы өзінің дербес кредиттік рейтингін біле алады.
Кредиттік рейтингтің деңгейіне мерзімді кешіктіру, қолданыстағы кредиттердің саны, коллекторларға сатылған борыштардың болуы сияқты және басқа да факторлар ықпал етеді.
Қарыз алушының өзінің рейтингіне жауапты қарауға тиіс. өйткені ол кезекті кредитті ресімдеу кезінде ғана емес, сондай-ақ басқа да жағдайларда қажет болуы мүмкін. мысалы, жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде кредиттік тарихтың ақпаратын есепке алады. Яғни, егер төленбеген кредиттер немесе кредиттерді төлеумен байланысты проблемалар болатын болса, жұмыс беруші жұмысқа қабылдаудан бас тарта алады.
Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды қадағалап отырыңыз және Fingramota. kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!