03.07.2021
4438 cапарлар
«Ең маңызды» тақырып: балаларымызды алаяқтардан қалай сақтауға болады

Жазғы демалыс қызу үстінде, бұл балалар үшін де, олардың ата-аналары үшін де көптен күткен шақ екені сөзсіз. Үй тапсырмасын жасаудың, «ата-аналар чатын» қараудың қажеті жоқ. Енді ата-аналар өздеріне және шаруаларына көбірек көңіл бөле бастайды. Дегенмен, жазғы демалыс кезінде балаларға көбірек көңіл бөлу қажет, себебі олар бос уақыттарының көбісін интернетте өткізеді.

Балалар қандай «онлайн-қармақтарға» түсіп қалуы мүмкін және оларды кибералаяқтардан қалай сақтауға болады – осы мәселелерді Fingramota.kz-пен бірге талқылайық.

Зиянды коды бар ойын қосымшалары

Қазіргі заманғы балаларға қатысты қаржылық алаяқтықтың көпшілігі әдетте мобильдік және компьютер ойындарын сатып алу кезінде орын алады. Көптеген онлайн-ойындарда пайдаланушыларға керек-жарақ, ең жоғары деңгейге дейін «сатып алу» үшін ойын бонустарын сатып алу, қандай да бір жаңа локацияларды оқшаулау ұсынылады. Қандай да бір ойынға керекті затты жеңілдікпен сатып алу не жарнамасы жоқ ойынды төмен бағамен алу бас тарта қоймайтын ұсыныс. Алайда мұндай сатып алғанның бәрі бірдей зиянсыз емес. Алаяқтар осылайша зиянды қосымшаларды таратуы мүмкін. Белгісіз сату көзінен «жеңілдікпен» ойын алғанша, гаджетке вирусы бар бағдарламаны кіргізіп жіберуге болады. Егер бала қосымшаларды ата-анасының банктің мобильдік қосымшасы бар телефонына жүктейтін болса, ол бағдарлама банктік карталар мен шоттар туралы дербес деректер мен мәліметтерді жинап алады. Нәтижесінде осындай конфиденциалды ақпаратқа ие болған алаяқтар шотыңызды еш қиындықсыз «тазартады». Егер телефоныңыз банк карточкасына, әсіресе жалақы картаңызға байланыстырылған немесе басқа маңызды ақпарат сақталған болса, балаларыңызға ол телефонды ойнауға бермегеніңіз дұрыс. Сонымен бірге телефондардан сатып алуға шектеу қойып, кішкентай бала байқамай ресімдеп жіберуі мүмкін ақылы жазылымдарды үнемі тексеріп отырыңыз.

Ата-анасы өз «пластигін» ресімдеп берген және өздерінің гаджеті бар ересек балаларға күмәнді қосымшаларды жүктеудің қандай салдары боларын түсіндіріп беру қажет. Егер сіз балаңызбен бірге онлайн-сатып алғыңыз келсе, онда мұндай мақсаттарда жұмсағыңыз келген сома ғана аударылған виртуалды карточканы пайдаланған жөн.

 

Кеңес: Барлық онлайн-сатып алуды жалақы картасымен байланыстырылмаған, жеке төлем картасының көмегімен жүргізген және сенімді сайттардан сатып алған, ал қосымшаларды ресми дүкендерден ғана жүктеген дұрыс.

 

Ақпарат «жинағыш»

Геодеректер мен өзге де дербес мәліметтерді жинақтап, сол арқылы сіздің әрекеттеріңізді қадағалап отыратын «ақылды» қосымшалар бар. Балалар қаннен-қаперсіз осындай қосымшаларды өздерінің немесе ата-анасының телефонына жүктеп алуы мүмкін. Мұндай конфиденциалды ақпарат «жинағыштар» қайда тұрып, қайда жұмыс істейтініңізді, балаңыздың қайда оқитынын, уақытыңыздың көп бөлігін қайда өткізетініңізді, қалай демалатыныңызды, онлайн-сатып алуды қай жерде жүргізетініңізді және т.б. оп-оңай білуге мүмкіндік береді. Осылайша, алаяқтар сіздің барлық қызығушылықтарыңызды және балаларыңыздың ермегін оп-оңай біліп алады. Ал кейбір қосымшалар пошта сервистеріне, әлеуметтік желілерге кибералаяқтардың кіруіне мүмкіндік береді, бұл өте қауіпті. Сондықтан да гаджетіңізге түрлі қосымшаны орнатпас бұрын сақ болыңыз.

Айтпақшы, қосымшаның орналасқан жеріңізді бақылайтынын білу сонша қиындық туғызбайды. Оны телефоныңыздың теңшеуінен тексеруге болады. IOS-та «Теңшеулер» бөліміне кіріңіз, одан «Конфиденциалдылық», одан әрі «Геолокация қызметтері». Android-та «Теңшеулерді» ашып, «Орналасқан жер», одан әрі «Қосымшалардың геодеректерге қол жеткізуін» табыңыз. Барлық қосымшалар үшін геолокация қызметін ажыратып тастаңыз, ал күмәнділерін мүлдем алып тастаңыз.

 

Кеңес: Өз гаджетіңізге және балаңыздың гаджетіне вирусқа қарсы бағдарламалар орнатып, оларды үнемі жаңартып отырыңыз. Қосымшалар мен бағдарламаларды орнатпас бұрын оларда вирус бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз. Суреттерде, қосымшаларда және әлеуметтік желілерде посттар жариялау кезінде орналасқан жеріңіз туралы мәліметтерді ажыратып тастаңыз.

 

Жалған профиль

Алаяқтар көбінесе профильдерін әлеуметтік желілерде, форумдарда немесе онлайн-ойындарда баланың аккаунты ретінде жасырады. Сіздің балаңыз өзімен жасты балалармен араласып жүрмін деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл ересек адам немесе алаяқ болуы мүмкін. Мұндай виртуалды «достардың» баланы суретке түсіруге және өздеріне ата-анасының төлем картасын жіберуге, ата-анасының телефонына келетін SMS-кодты хабарлауға немесе зиянды қосымшаны жүктеуге көндіру жағдайлары жиі кездеседі. 

 

Кеңес: Балаңызбен диалог құрыңыз, онымен виртуалды достары туралы шынайы өмірдегі достары жайлы сөйлескен сияқты сөйлесіңіз. Оған интернетте жарияланғанның бәрі жалпыға қолжетімді және бүкіләлемдік ғаламторда сақталатынын, кез келген адам осы деректерді пайдалана алатынын айтыңыз. Балаңызға неліктен бейтаныс адамдарға, әсіресе интернетте сенуге болмайтынын және қандай деректерді ашуға болмайтынын түсіндіріңіз.

 

Жылдам табыс

Көптеген балалар, ересектер сияқты сән қуады және жаңалықтарды іздеп отырады: гаджеттің соңғы моделі, қосымшалар мен блогерлерге ақылы жазылымдар, киім және т.б. Бірақ мұның бәріне ақша қажет, сондықтан балалар демалыс кезінде қосымша ақша табуға тырысады. Әрине, оңай және тез ақша табу – әр баланың арманы. Интернет жылдам табыс табу немесе әлеуметтік желілердегі ұтыс ойындары туралы хабарландыруларға толы.  Алаяқтар қарапайым операцияларды жасауды ұсынады: қосымшаларды жүктеу, белгілі бір сайттарға кіру, пікірлер қалдыру, репост жасау, бейнероликті қарап шығу, достарды шақыру және т.б. Мұндай әрекеттер үшін «жұмыс берушілер» баланың жеке кабинетінде ашылған электрондық әмиянға ақша саламыз деп қызықтырады. Алайда, тапқан ақшаны алу/шешу үшін шотта белгілі бір сома болуы керек немесе осыған ұқсас бірқатар тапсырмаларды орындау керек. Бұл сомаға қол жеткізіліп, барлық тапсырмалар орындалғаннан кейін, шот әдетте оқшауланады және қаражатты «алу» мүмкін болмайды. Нәтижесінде, бала бекерге уақыт жоғалтады, сонымен қатар маңызды жеке деректерді, мүмкін өзінің немесе ата-анасының банк картасының деректемелерін жария етеді.

«Ұтып алынған» жүлделермен жағдай басқаша. Жүлдені алу үшін алаяқтар комиссия немесе жеткізу үшін ақша төлеуді ұсынуы мүмкін. Нәтижесінде сіз жүлдесіз және ақшасыз қалуыңыз әбден мүмкін. 

 

Кеңес: Ата-аналар балаларына қосымша табыс табудың заңды жолдары туралы айтуы және оларды табуға көмектесуі керек. Мысалы, итті серуендету, үй жануарларын күту (бар болса), егер бала шет тілін, математиканы немесе басқа пәндерді жақсы білсе, репетиторлықпен айналысу, әлеуметтік желілерде «handmade»  немесе аспаздық шедеврлерді сату және тағы басқа болуы мүмкін.

 

Онлайн-алаяқтардың алдауына балалар ғана емес, сенгіш ересектер де түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан өз қаржылық сауаттылығыңызды үнемі арттырыңыз және оған балаларыңызды да баулыңыз! Сондай-ақ, балаңызбен жиі сөйлесіңіз және сіз болмаған кезде туындауы мүмкін түрлі жағдайларды бірге қарастырыңыз.

Әрбір ата-ана білуі тиіс интернет желісіндегі қауіпсіздік ережелері! 

  • Интернетте өткізілетін уақытты шектеңіз;
  • Ата-анадан басқа ешкімге өз паролін бермеу керектігін балаға түсіндіріңіз;
  • Компьютерде де, телефондарда да антивирусты қолданыңыз;
  • Электрондық пошта мен мессенджерлерге жіберілген белгісіз кірістірілген файлдарды ашпаңыз;
  • Контентті тексеріп, тазалап отырыңыз. Ол үшін тегін рекурсивті DNS-сервистерді пайдаланыңыз (мысалы: openDNS, quad9, yandex, т.б.).

 Өзіңізді, балаларыңызды қорғаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылықты арттырыңыз!

Соңғы жаңалықтар
21.11.2024
Елдегі төлем карталарының саны 80 миллион бірлікке жетті
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы қолма-қол ақшасыз карточкалық операциялар бойынша статистикаға шолу ұсынады.
18.11.2024
Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі өтті
15 қарашада Алматыда қазақстандық қаржы нарығы мамандарының дәстүрлі жыл сайынғы кездесуі өтті. ҚҚҚ, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұйымдастырған қаржыгерлердің он екінші Конгресі Қаржы секторын ырықтандыру және дамыту тақырыбына арналды.
13.11.2024
Сарапшылар USD KZT бағамын бір жылдан кейін бір доллар үшін 507 теңге деңгейінде күтеді
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылғы қарашадағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынады.
12.11.2024
Қаржы секторы құрылыс, байланыс және ауыл шаруашылығы салалары біріктірілгендей көп салық төлейді
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы Қазақстанның банк секторына шолу ұсынады.
28.10.2024
Корпоративтік облигацияларды орналастыру жыл басынан бері 3 трлн теңгеден асты
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына шолу ұсынады.
13.10.2024
Сарапшылардың төрттен үш бөлігі базалық мөлшерлеменің ішкі инфляциялық факторлар аясында сақталуын күтуде
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылғы қазандағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынады.