19.05.2026
171 cапарлар
Активтердің өсуі нәтижесінде өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) ірі институтционалдық инвесторлардың рөлін күшейтіп келеді

ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына шолуды ұсынады.

Кезеңнің негізгі үрдістері

  • Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында өмірді сақтандыру нарығының серпіні оң сипатта сақталуда. Сонымен қатар сақтандыру төлемдерінің үдеуі мен міндеттемелердің өсуі — бұған дейін қалыптасқан ұзақ мерзімді жинақтаушы және аннуитеттік өнімдер портфелінің біртіндеп кемелдену кезеңіне өткенін айғақтайды.
  • ӨСК активтері ₸2,4 трлн-ға дейін (+₸133,5 млрд немесе 6,0%) ұлғайып, жалпы сақтандыру нарығының 58,7%-ын құрады (өткен жылғы көрсеткіш — 56,5%). Осы орайда, бұл сектор елдің қаржы нарығындағы ірі институционалдық инвесторлардың бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуда.
  • Активтер құрылымындағы 82% немесе ₸1,9 трлн бағалы қағаздар үлесіне тиесілі (+₸49 млрд немесе 2,7%). Портфельдің өсуі ұзақ мерзімді жинақтаушы және аннуитеттік өнімдерге қаражаттың үздіксіз ағылуы, сондай-ақ сақтандыру резервтерін орналастыру үшін борыштық құралдардың тартымдылығын арттыратын жоғары пайыздық мөлшерлемелердің сақталуы аясында орын алды. Сонымен қатар кері РЕПО операциялары (+29,2%) мен ақшалай қаражаттың (+5,5%) ұлғаюы сектордың қысқа мерзімді өтімділікті басқаруға деген қажеттілігін көрсетуі мүмкін.
  • ӨСК сақтандыру міндеттемелері ₸1,7 трлн-ға дейін (+₸95,2 млрд немесе 5,8%) өсті. Бұл негізінен күтілетін ақша ағындарының ең үздік бағалауының (+8,4%) және сақтандыру шартында көзделген қызметтер үшін маржаның (+4,9%) артуы есебінен болды. Мұндай серпін ұзақ мерзімді жинақтаушы және аннуитеттік өнімдер портфелінің одан әрі кеңеюін, сондай-ақ бұрын жасалған өмірді сақтандыру шарттарының біртіндеп кемелденуін көрсетеді.
  • Осылайша, сақтандыру міндеттемелерінің активтерге қатынасы 75,3% (бұрын — 76,4%) қолайлы деңгейде қалды. Бұл теңгерімді баланс құрылымының сақталуын, өтімділіктің жеткілікті деңгейін және сектордың тұрақтылығын айғақтайды.
  • ӨСК сегментіндегі сақтандыру сыйақыларының серпіні оң қалыптасты (+₸37,9 млрд немесе 17,2%). Бұл ұзақ мерзімді зейнетақы өнімдеріне деген жоғары сұраныстың сақталуын, сондай-ақ жұмыскерлерді корпоративтік сақтандырудың өсуін айғақтайды.
  • Сектордағы сыйақылар өсімінің драйвері болып зейнетақы аннуитеттері бойынша жиналған сыйақылар (+₸57,1 млрд немесе 65,7%) танылды. Бұл БЗТ бойынша аударымдардың ұлғаюы (+₸42,5 млрд немесе 63,1%) мен халықтың өнімге деген қызығушылығының артуы аясында орын алды. Сондай-ақ жұмыскерлерді қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру (+₸24,1 млрд немесе 75,8%) де өсім берді. Бұл жұмыспен қамтудың өсуі (2025 ж. үшін +107 мың) мен ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы аясында жүзеге асты.
  • Ұзақ мерзімді және корпоративтік сақтандыру өнімдерінің өсуі жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша сыйақылардың азаюын (-90,2% немесе ₸38,8 млрд) өтеді. Бұл бөлшек несиелеудің бәсеңдеуімен және сақтандыру агенттерінің комиссиялық сыйақыларының шектелуімен байланысты.
  • Сонымен қатар сақтандыру төлемдері айтарлықтай жеделдеді (+48,7% немесе ₸15,7 млрд). Бұл жинақталған ұзақ мерзімді шарттар портфелінің біртіндеп кемелденуін және сақтандыру жағдайлары көлемінің артуын айғақтайды.
  • Төлемдер өсіміне негізгі үлесті аннуитеттік сақтандыру (+₸13,1 млрд) және жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру (+₸2,9 млрд) қосты. Нәтижесінде төлемдердің сыйақыларға қатынасы бір жыл бұрынғы 14,5%-бен салыстырғанда 18,4%-ға дейін өсті.
  • Сектордың таза пайдасы ₸32,4 млрд-қа (-13,9%) дейін қысқарды. Бұл сақтандыру қызметінен түсетін кірістердің төмендеуі (-₸46,9 млрд) және ұзақ мерзімді сақтандыру міндеттемелеріне қызмет көрсету құнының артуы себебінен сақтандыру бойынша қаржылық шығыстардың өсуі (+₸18,3 млрд) салдарынан орын алды. Бұл жағдай ішінара инвестициялық қызметтен түсетін кірістердің ұлғаюымен (+₸19,9 млрд) және қайта бағалаудан болатын шығындардың азаюымен (₸13,4 млрд-қа) өтелді.
  • Нәтижесінде өмірді сақтандыру компанияларының (ӨСК) жиынтық капиталы таза пайданың азаюы және сақтандыру міндеттемелерінің озық қарқынмен өсуі аясында ₸352,5 млрд-қа (-0,8%) дейін шамалы төмендеді, бұл ретте сектор капиталдандыруының жоғары деңгейі сақталды.

Кезеңнің қысқаша қорытындысы

2026 жылғы қаңтар — наурызда өмірді сақтандыру секторының өсуі зейнетақы аннуитеті (9,8-ден 15,2 мыңға дейін өсті) және жұмыскерлерді қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының белсенді жасалуының жалғасуымен негізделді. Бірінші тоқсандағы барлық жиналған сыйақылардың 55,7%-ы (бір жыл бұрын 33,4%) және 21,6%-ы (20,2%) дәл осы екі өнімге тиесілі болғанын атап өтеміз. Бұл зейнетақы аннуитеттері мен жұмыскерлерді корпоративтік сақтандырудың сектор өсімінің негізгі драйверлері ретіндегі рөлінің бір мезгілде күшейгенін айғақтайды.

Активтердің өсуі, бағалы қағаздар портфелінің кеңеюі және сақтандыру резервтерінің ұлғаюы ӨСК-нің қаржы нарығындағы ірі институционалдық инвесторлардың бірі ретіндегі рөлінің одан әрі нығаюын көрсетеді. Сақтандыру резервтерін орналастыру үшін борыштық құралдардың тартымдылығын сақтайтын және қаржылық нәтижеге оң әсер ететін жоғары пайыздық мөлшерлемелер секторға қосымша қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Сақтандыру төлемдері көлемінің жедел өсуіне байланысты (+49%, ₸32,0 млрд-тан ₸47,7 млрд-қа дейін) олардың санынан (+34%, 198,1-ден 266,0 мыңға дейін) ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы төлемдердің орташа мөлшері ₸179,3 мыңды құрады, бұл бір жыл бұрынғы ₸161,4 мың көрсеткішіне қарсы.

Сонымен қатар сақтандыру төлемдерінің жеделдеуі және сақтандыру бойынша қаржылық шығыстардың өсуі жинақталған ұзақ мерзімді міндеттемелер портфелінің біртіндеп кемелденуін айғақтайды, бұл сектор пайдасының динамикасын алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда біршама баяу етеді. Бөлшек кредит берудің бәсеңдеуі және кредиттеумен байланысты сақтандырудағы реттеушілік шектеулер жекелеген сегменттерге қосымша қысым көрсетуді жалғастырады.

Осындай жағдайларда ӨСК нарығы 2026 жылдың соңына дейін оң динамика көрсетуді жалғастыруы мүмкін, алайда сектор белсенді түрде өсу сатысынан қалыптасқан ұзақ мерзімді сақтандыру міндеттемелері портфеліне қызмет көрсету кезеңіне өткен сайын, өсім қарқыны біртіндеп қалыпқа келетін болады.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
19.05.2026
Жалпы сақтандыру компанияларының сыйақылары 2,9%-ға төмендеді, ал төлемдер 24,2%-ға өсті
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы Қазақстанның жалпы сақтандыру нарығына арналған шолуды ұсынады.
19.05.2026
Активтердің өсуі нәтижесінде өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) ірі институтционалдық инвесторлардың рөлін күшейтіп келеді
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына шолуды ұсынады.
18.05.2026
Мұнай бағасының жоғарылауы аясында сарапшылар ЖІӨ өсімі бойынша болжамды 5% деңгейінде сақтап қалды
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылғы мамырдағы жекелеген индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген кезекті сауалнама нәтижелерін ұсынады.
13.05.2026
Резервтердің әлеуеті жоғары болғанымен, іргелі ағындардың әлсіреуі байқалады
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға Қазақстанның 2025 жылғы сыртқы сектор шолуын ұсынады.
12.05.2026
Пайда мен пайыздық спрэдтің азаюына қарамастан банктер несие беруді үдетіп жатыр
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға Қазақстанның банк секторы бойынша 2026 жылдың 1-тоқсанына арналған шолуды ұсынады.
21.04.2026
2025 жылы Қазақстан импортының шамамен 30%-ын Ресей Федерациясы қамтамасыз етті
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымына жасалған шолуды ұсынады.