03.06.2026
145 cапарлар
Бөлшек нарықтың баяулауы жағдайында несиелерге негізгі сұранысты бизнес қалыптастырып отыр

ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу шолуын ұсынады.

Негізгі үрдістер

  • 2026 жылдың 1-тоқсанында бөлшек сауда сегментінің бәсеңдеуі (-4,4%) жағдайында бизнесті несиелеу несиелік белсенділіктің негізгі драйверіне айналды (+23,3%). Нәтижесінде, экономика субъектілеріне жаңа несиелер берудің жалпы көлеміндегі корпоративтік сегменттің үлесі 49,3%-дан 55,6%-ға дейін өсуін жалғастырды, бұл несиелік сұраныс пен ұсыныс құрылымының бизнес пайдасына қарай өзгергенін көрсетеді.
  • Корпоративтік сұраныстың жоғары серпіні қорландырудың баламалы көздері құнының жоғары болуы жағдайында компаниялардың маусымдық, операциялық және инвестициялық шығыстарды қарыздық қаржыландыруға деген қажеттілігінің артқанын көрсетеді. ҚРҰБ сауалнамасына сәйкес, банктер өтінімдердің өсуін, ең алдымен, кәсіпорындардың ағымдағы қажеттіліктерін қаржыландырумен, сондай-ақ ірі стратегиялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырумен байланыстырады.
  • Жеңілдікті қаржыландыру бағдарламалары, кепілдік беру тетіктері және даму институтдарының қатысуы корпоративтік несиелеуге қосымша қолдау көрсетуде.
    Корпоративтік қарыздар берудің жеделдеуі барлық сегменттерде байқалды: шағын бизнеске (+14,1%), орта (+65,4%) және ірі бизнеске (+20,5%). Орта бизнестегі ең жоғары өсім көбіне төмен база әсерімен және жекелеген банктердің цифрлық несиелік өнімдерін белсенді дамытуымен байланысты.
  • Бағалық шарттар тоқсан ішінде барлық сегменттерде біртіндеп жақсарды (төменде қараңыз), бірақ жоғары базалық мөлшерлеме мен қорландыру құны өсуінің жедел қарқыны салдарынан орташа есеппен өткен жылғы деңгейден жоғары болды. Екінші жартыжылдықта инфляциялық қысымның тұрақтануы ықпалымен монетарлық саясаттың ықтимал жұмсаруы олардың одан әрі төмендеуіне әкелуі мүмкін.
  • Жаңадан берілген несиелердің жоғары көлеміне қарамастан, бизнеске арналған жиынтық несие қоржыны 18,3 трлн теңгеге дейін шамалы қысқарды (-1,0%). Бұл төмендеу көбіне жекелеген ірі қарыз алушылардың несиені маусымдық өтеуімен, клиенттердің бизнес сегменттері арасында қайта жіктелуімен, сондай-ақ қоржынның таза өсімін шектейтін қысқа мерзімді несиелеудің жоғары үлесімен байланысты.
  • Корпоративтік сегментте жаңа қарыздардың 68%-ы бір жылға дейінгі мерзімге берілген несиелерге тиесілі, ал ірі бизнесте бұл көрсеткіш ең жоғары – 85%-ға дейін жетеді. Бұл ұзақ мерзімді инвестицияларға қарағанда, ағымдағы операциялық қажеттіліктерді қаржыландырудың басым екенін айғақтайды.
  • Нәтижесінде, жаңадан берілген несиелердің елеулі бөлігі тез өтеліп, несие қоржынының өсімін шектейді.
  • Айналым қаражатын қаржыландырудың үстемдігіне (берілген несиелердің 62,4%-ы) қарамастан, негізгі қорларды сатып алуға арналған несиелеу ең жоғары өсу қарқынын көрсетті (+82,1%). Бұл негізінен қысқа мерзімді несиелеу кезеңінен кейін бизнестің инвестициялық белсенділігінің біртіндеп қалпына келе бастағанын көрсетуі мүмкін.
  • Өтінімдер ағынының сапасы тұрақты деңгейде қалып отыр. Кәсіпкерлердің өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі бір жыл бұрынғы 41,8%-бен салыстырғанда, негізінен шағын (35,8%-дан 37,4%-ға дейін) және орта (35,8%-дан 37,4%-ға дейін) бизнес сегменттері есебінен 42,4%-ға дейін шамалы жақсарды. Бұл цифрлық несиелік өнімдер мен скорингтік модельдердің дамуы арқасында тәуекел-менеджмент рәсімдері тиімділігінің артуын және қарыз алушылардың несие қабілеттілігін дәлірек бағалауды көрсетуі мүмкін.
  • 2026 жылдың 2-тоқсанында корпоративтік несиелеу, үлкен ықтималдылықпен, ірі бизнес тарапынан сұраныстың күтілетін артуы (берілген несиелердің 46% үлесі) және инфрақұрылымдық жобалардың жалғасып жатқан іске асырылуы есебінен екі таңбалы өсу қарқынын сақтап қалады.

Резюме

2026 жылдың бірінші тоқсанында корпоративтік несиелеу іс жүзінде банк секторындағы несиелік белсенділік өсімінің бірден-бір көзіне айналды. Бұл ретте, жаңадан берілген несиелер құрылымындағы бизнес үлесінің артуы (55,6%-ға дейін) несиелік белсенділіктің корпоративтік секторға қарай ығысқанын айғақтайды, ал жалпы динамиканы қалыптастырудағы бөлшек несиелеудің рөлі айтарлықтай төмендеп келеді.

Бұл ретте, бизнестің жоғары несиелік белсенділігі әзірге несие қоржынының кеңеюіне ішінара ғана трансформациялануда. Жаңадан берілген несиелердің елеулі бөлігі негізінен компаниялардың айналым капиталы мен ағымдағы қажеттіліктерін қаржыландыруға пайдаланылатын қысқа мерзімді қарыздарға тиесілі. Бұл несиелердің тезірек өтелуіне әкеледі және берешектің таза өсімін шектейді. Нәтижесінде, жаңадан берілген несиелер серпіні мен қоржындық көрсеткіштер әртүрлі бағытта қалып отыр.

Сонымен бірге, корпоративтік сұраныс құрылымы біртіндеп жақсарып келеді. ЖІӨ өсімінің 3,0%-ға дейін (2026 жылдың 3 айында 5,6%) баяулауы аясында, тұтынушылық несиелеудің төмендеуі жағдайында инвестициялық үдерістерді және банктік қаржыландыруға деген сұранысты қолдай отырып, дәл осы корпоративтік сектор экономикалық белсенділіктің негізгі көздерінің бірі болып қалуда. Операциялық қаржыландырудың үстемдігіне қарамастан, негізгі құралдарды сатып алуға арналған несиелеудің озумен өсуі бизнестің инвестициялық белсенділігінің қалпына келу белгілерін көрсетеді. Инфрақұрылымдық және стратегиялық жобаларды іске асырып жатқан ірі кәсіпорындар тарапынан сақталып отырған жоғары сұраныс бұған қосымша дәлел болады.

Сонымен қатар, корпоративтік несие нарығының сапасы тұрақты болып қалуда – нарық бойынша мерзімі өткен берешек деңгейі 2,9% қалыпты көрсеткіште сақталып отыр, ал мақұлдау үлесінің шамалы жақсаруы қарыз алушыларды бағалау мен тәуекел-менеджмент үдерістері тиімділігінің артқанын көрсетуі мүмкін.

Нәтижесінде, корпоративтік сектор бөлшек несиелеудің қысқаруын өтей отырып және несиелік ресурстардың бизнес пайдасына қарай одан ары қайта бөлінісін қамтамасыз ете отырып, несие нарығын қолдаудың негізгі көзі және экономикалық белсенділікті қаржыландырудың басты арналарының бірі болып қала береді.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
03.06.2026
Бөлшек нарықтың баяулауы жағдайында несиелерге негізгі сұранысты бизнес қалыптастырып отыр
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу шолуын ұсынады.
26.05.2026
Соңғы жылдарда алғаш рет банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алу көлемінің төмендеуі тіркелді
ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылдың 1-тоқсанындағы қолма-қол ақшасыз карточкалық операциялар статистикасына қатысты шолуды назарларыңызға ұсынады.
22.05.2026
Ішкі салықтар бюджет кірістері өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналуда
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы ҚР бюджет теңгерімінің шолуын ұсынады.
19.05.2026
Жалпы сақтандыру компанияларының сыйақылары 2,9%-ға төмендеді, ал төлемдер 24,2%-ға өсті
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы Қазақстанның жалпы сақтандыру нарығына арналған шолуды ұсынады.
19.05.2026
Активтердің өсуі нәтижесінде өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) ірі институтционалдық инвесторлардың рөлін күшейтіп келеді
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылдың 1-тоқсанындағы Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына шолуды ұсынады.
18.05.2026
Мұнай бағасының жоғарылауы аясында сарапшылар ЖІӨ өсімі бойынша болжамды 5% деңгейінде сақтап қалды
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылғы мамырдағы жекелеген индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген кезекті сауалнама нәтижелерін ұсынады.