26.02.2026
330 cапарлар
Сауда профициті ЖІӨ-нің 4,6%-ына дейін төмендеді: ағымдағы шотқа түсетін қысым күшейіп келеді

ҚҚҚ талдау орталығы назарыңызға Қазақстанның 2025 жылғы тауар айналымы бойынша шолуды ұсынады.

Негізгі үрдістер

  • 2025 жылы ҚР сыртқы саудасы айналым тұрақтылығын сақтап ($143,9 млрд-қа дейін, +1,3%), алайда теңгерім құрылымы сапалық жағынан өзгерді.
  • Экспорттың төмендеуі (−3,2%) мен импорттың жеделдеуі (+7,4%) қатар орын алып, сауда профицитінің бір жыл бұрынғы $21,3 млрд-тан $14,2 млрд-қа дейін айтарлықтай қысқаруына (−33,3%) әкеп соқты.
  • Экспорттық жеткізілімдердің қысқаруына негізгі үлес қосқан — минералдық сектор (-$3,3 млрд), ол экспорттық түсімнің басты көзі болып қала береді. Экспорттық кірістердің төмендеуі баға конъюнктурасының нашарлауымен түсіндіріледі (мәселен, 2025 жылы Brent маркалы мұнайының бағасы шамамен 20%-ға арзандады).
  • Көлік құралдары экспортының да айтарлықтай төмендеуі (−$968,7 млн) байқалады. Бұл сыртқы сұраныстың әлсіреуін және сыртқы нарықтардағы бәсекелестік қысымның күшеюін көрсетуі мүмкін.
  • Шикізат экспортының төмендеуі шикізаттық емес секторлармен салыстырғанда анағұрлым айқын болғандықтан, экспорт құрылымында шикізаттық емес компоненттің үлесі статистикалық тұрғыда өсті — 35,2%-дан 36,4%-ға дейін. Бұл өсім өңдеуші салалардың нақты дамуын емес, тек құрылымдық әсерді көрсетеді.
  • Дегенмен, жануарлар мен өсімдік текті өнімдер жеткізілімінің ұлғаюы (+$2,0 млрд: дәнді дақылдар, майлы тұқымдар, дәрілік өсімдіктер, мал азығы және т.б.) жалпы төмендеуді ішінара өтеді. Бұған азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі (ФАО индексі +4,3 п.т.) мен экспорттық тасымал көлемінің артуы (+39%) септігін тигізді.
  • Импорт құрылымындағы өсімнің негізгі драйверлері — көлік құралдары (+$3,0 млрд), жануарлар мен өсімдік текті өнімдер (+$695,4 млн: какао, майлар, сүт өнімдері, алкогольді және алкогольсіз сусындар) және химия өнеркәсібінің өнімдері (+$652,7 млн).
  • Мұндай динамика отандық шикізаттық емес өндіріс ұсынысының шектеулі күйінде қалуы аясында ішкі сұраныстың артқанын көрсетеді. Жеңіл автокөліктердің орташа бағасының төмендеуі (₸7,2 млн-нан ₸6,2 млн-ға дейін) сатып алуды ынталандырып, көлік импорты өсімінің қосымша факторына айналды.
  • Алайда басқа да негізгі тауар позицияларының көпшілігі бойынша келісімшарттық бағалардың өсуі тіркелді: шоколад пен какао өнімдері (тоннасына +₸888,2 мың), үй жиһаздары (тоннасына +₸664,1 мың), тоңазытқыш жабдықтары (тоннасына +₸296,3 мың) және т.б. қымбаттады (төменнен қараңыз).
  • Бұл ретте сауда серіктес елдеріндегі жалпы инфляция деңгейі Қазақстанға қарағанда төмен болды (төменнен қараңыз). Шетелдегі жалпы инфляцияның қалыпты болуына қарамастан, дәл осы жекелеген тауар санаттарының қымбаттауы импорт арнасы арқылы ішкі бағаларға қысым жасады.
  • Осылайша, 2025 жылы таза экспорттың қысқаруы жалпы ЖІӨ-ге теріс әсерін тигізді, валюталық түсімдердің ағысын азайтты, ағымдағы шотқа қысымды күшейтті және бағамдық күтулердің сыртқы конъюнктураға сезімталдығын арттырды.

Резюме

2025 жылы экономикалық өсімнің жеделдеуіне қарамастан, сыртқы сауда динамикасы құрылымдық әлсіреу белгілерін көрсетіп отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша импорт $64,8 млрд (+4,4 млрд доллар), ал экспорт – $79,0 млрд (-2,6 млрд доллар) деңгейінде қалыптасты. Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосының үштен бірге (+$14,2 млрд-қа дейін) қысқаруына және экспорттық сектордың ЖІӨ өсіміне қосқан үлесінің әлсіреуіне әкеп соқты. Сауда балансының профициті өткен жылғы ЖІӨ-ге шаққандағы 7,3%-бен салыстырғанда 4,6%-ға дейін төмендеді.

Осылайша, экономикалық өсімнің құрылымы ішкі сұраныс пен инвестициялар жағына қарай ойысуда, ал сыртқы сектордың рөлі біртіндеп төмендеп келеді. Бұл макроэкономикалық тұрақтылық теңгерімін өзгертеді.

Экспорттың шикізаттық шоғырлануы жоғары және жекелеген секторлардың импортқа тәуелділігі жағдайында бұл экономиканың сыртқы бағалық және бағамдық шоктарға сезімталдығын арттырады. Сонымен қатар, экономиканың тұрақты ұзақ мерзімді өсімінің негізгі шарты ретінде экспортты әртараптандыруды жеделдету мен импортқа тәуелділікті төмендетудің маңыздылығын күшейтеді.

Үкіметтің болжамы бойынша, 2026 жылы экспорт $77,1 млрд-қа дейін азаюы мүмкін, ал импорт, керісінше, $67,7 млрд-қа дейін артады. Бұл жағдайда сауда балансының профициті $9,4 млрд-қа дейін төмендейді, бұл оның 2025 жылғы деңгеймен салыстырғанда тағы үштен бірге қысқаруын білдіреді. Мұндай траектория сыртқы позицияның одан әрі әлсірейтінін, валюта нарығына қысымның артатынын және қолайсыз сыртқы конъюнктура жағдайында Ұлттық Банктің халықаралық резервтеріне түсетін салмақтың әлеуетті өсуін көрсетеді.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
26.02.2026
Сауда профициті ЖІӨ-нің 4,6%-ына дейін төмендеді: ағымдағы шотқа түсетін қысым күшейіп келеді
ҚҚҚ талдау орталығы назарыңызға Қазақстанның 2025 жылғы тауар айналымы бойынша шолуды ұсынады.
18.02.2026
Өңірлер бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің ену деңгейі теңесіп келеді
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылға арналған банк карталары арқылы жүргізілген қолма-қол ақшасыз операциялар статистикасына шолуын ұсынады.
12.02.2026
Бюджет мұнай тәуелділігінен біртіндеп арылып келеді, бірақ борыштық жүктеменің артуына тап болуда
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға Қазақстан Республикасының 2025 жылғы бюджет теңгеріміне қатысты шолуды ұсынады.
12.02.2026
Аннуитеттік және жинақтаушы сақтандыру өнімдері ӨСК сегментіндегі сақтандыру сыйақыларының жартысынан астамын қалыптастырады
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына жасалған шолуды ұсынады.
11.02.2026
Бір жылдан кейінгі күтілетін инфляцияның орташа бағалауы бұған дейінгі 11,4%-дан 11,6-ға дейін өсті
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы нарықтың кәсіби қатысушылары арасында 2026 жылғы ақпанда кейбір индикаторларға қатысты жүргізілген кезекті сауалнама нәтижелерін назарларыңызға ұсынады.
05.02.2026
Банктер қымбат қаржы ресурстарына, салықтық жүктеменің артуына және реттеуші шектеулерге бейімделіп жатыр
ҚҚҚ Талдау орталығы сіздердің назарларыңызға Қазақстанның 2025 жылғы банк секторына шолуын ұсынады.