ҚҚҚ талдау орталығы Қазақстанның қаржы нарығындағы 2026 жылғы қаңтар — қыркүйек айларындағы пайыздық мөлшерлемелер шолуын назарларыңызға ұсынады.
Негізгі үрдістер
- ҚРҰБ базалық мөлшерлемені жылдың алғашқы айларында 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағаннан кейін, маусым айынан бастап қыркүйек айының соңына қарай ол кезең-кезеңімен 16,25%-ға дейін төмендетілді (-1,75 п.т.).
- Бұл ретте номиналды мөлшерлеменің төмендеуі әзірге нақты ақша-несие шарттарының жұмсаруымен қатар жүрген жоқ.
- Қарастырылып отырған кезеңде жылдық инфляция 12,3%-дан 9,3%-ға дейін баяулады (–3,0 п.т.), соның салдарынан нақты мөлшерлеме 5,7%-дан 6,95%-ға дейін өсіп (+1,25 п.т.), ағымдағы жылғы ең жоғары деңгейге оралды. Осылайша, базалық мөлшерлеменің төмендеу циклі басталғанына қарамастан, АНС тежеуші сипаты сақталып отыр.
- Ағымдағы инфляциялық динамика мен нақты мөлшерлеменің жоғары деңгейі ағымдағы жылдың қалған екі отырысында АНС-ті жұмсарту циклін жалғастыруға мүмкіндік қалдырады, алайда әрі қарайғы қадамдар, мүмкін, анағұрлым сақтықпен (0,25–0,50 п.т. шегінде) жүзеге асырылады.
- ҚРҰБ шешімдері ақша нарығында барынша жедел түрде көрініс табады. TONIA мөлшерлемесі пайыздық дәліздің соңынан ілесе төмендеді (төменді қараңыз) және кезеңді оның төменгі шекарасына жақындады. Бұған банк жүйесінде сақталып отырған құрылымдық өтімділік профициті ықпал етеді — ҚРҰБ ашық позициясы шамамен 7,8 трлн теңгені құрайды.
- Банк секторларында базалық мөлшерлеменің төмендеу әсері біршама баяуырақ байқалады және сегменттер бөлінісінде әр түрлі сипатқа ие. Бұл ретте банк мөлшерлемелері бойынша соңғы қолжетімді деректер қыркүйек айының басына қатысты екенін ескерген жөн.
- Корпоративтік қорландыру құнында айқынырақ трансмиссия байқалады. Заңды тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелер жыл басынан бері 1,1 п.т.-қа, ал бизнеске берілген несиелер бойынша 0,5 п.т.-қа төмендеді. Нәтижесінде, мөлшерлемелер арасындағы спрэд 3,0-ден 3,6 п.т.-қа дейін кеңейді, бұл несие өнімдерін қайта бағалаумен салыстырғанда ресурстарды тарту құнының жылдамырақ бейімделетінін көрсетеді.
- Бөлшек сегментте трансмиссия әзірге кейбір өнімдерді баға белгілеу ерекшеліктеріне байланысты әлсіздеу байқалады (төменді қараңыз). Мұндағы мөлшерлемелер динамикасы ҚРҰБ шешімдерімен қатар, кредиттеу құрылымымен, макропруденциалдық реттеумен, мемлекеттік және серіктестік бағдарламалардың шарттарымен де айқындалады. Нәтижесінде, халықтың несиелері мен депозиттері бойынша мөлшерлемелер арасындағы спрэд 7,1 п.т-тан 7,3 п.т.-қа дейін кеңейді.
- Корпоративтік облигациялар нарығында базалық мөлшерлеменің төмендеуіне реакция әзірге ұстамды күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері KASE_BMY корпоративтік облигациялардың кірістілік индексі 16,44%-дан 16,31%-ға дейін төмендеді (–0,13 п.т.). Бұл тек базалық мөлшерлеменің ғана емес, сонымен қатар несие тәуекелінің, құралдардың өтелу мерзімділігі мен нарық өтімділігінің ықпалымен қалыптасатын корпоративтік борыштың салыстырмалы түрде жоғары талап етілетін кірістілігі сақталғанын көрсетеді.
- МБҚ нарығында базалық мөлшерлеменің төмендеуі әзірге құралдардың тиімді кірістілігінің салыстырмалы түрде төмендеуімен қатар жүрмеді (төменді қараңыз). Бұл пайыздық трансмиссияның біркелкі еместігін көрсетеді, өйткені ұзақ мерзімді құралдардың кірістілігі ағымдағы базалық мөлшерлемеге ғана емес, сонымен бірге оның әрі қарайғы траекториясына қатысты күтулерге, бағалы қағаздар ұсынысына және мерзім үшін сыйлықақыға да тәуелді болады.




Резюме
2026 жылдың тоғыз айының қорытындылары басталған базалық мөлшерлеменің төмендеу циклі әзірге елдегі нақты ақша-несие шарттарының жұмсаруына әкеп соқпағанын көрсетті. Инфляцияның базалық мөлшерлеменің төмендеуімен салыстырғанда жылдамырақ баяулауы нақты мөлшерлеменің 6,95%-ға дейін өсуіне себеп болды, бұл АНС-тің тежеуші сипаты мен теңге құралдарының жоғары тартымдылығын сақтап қалды.
Сонымен қатар, басталған мөлшерлеменің төмендеу циклі қаржыландырудың арзандауына алғышарттарды біртіндеп қалыптастырып отыр. Алайда бұл үдерістің жылдамдығы ҚРҰБ шешімдеріне ғана емес, сонымен қатар банктерді қорландыру құрылымына, ресурстар үшін бәсекелестікке, несие тәуекелдеріне және жекелеген өнімдерді баға белгілеу ерекшеліктеріне де байланысты. Сондықтан, АНС одан әрі жұмсартылған жағдайдың өзінде, түпкі қарыз алушылар үшін мөлшерлемелердің төмендеуі белгілі бір лагпен жүруі мүмкін.
Борыш нарығында базалық мөлшерлеменің болашақ траекториясына қатысты күтулер, бағалы қағаздар ұсынысының көлемдері, сондай-ақ мерзім мен тәуекел үшін сыйлықақылар маңызды рөл атқаруды жалғастырады. Бұл қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді құралдардың кірістілік динамикасындағы айырмашылықтарды түсіндіруі мүмкін.
Жыл соңына дейін базалық мөлшерлеменің төмендеу циклін жалғастыру үшін алғышарттар сақталатын болады, алайда АНС-ті жұмсарту мүмкіндігін жоғары инфляциялық күтулер, бюджеттік және квазибюджеттік ынталандырудың күшеюінің күтілімін, тарифтік реформаның әрі қарай жүзеге асырылуы, сондай-ақ сыртқы баға шоктарының, оның ішінде негізгі сауда әріптестері тарапынан болатын тәуекелдер шектейді.
Бұл жағдайларда пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі қалыпқа келтіру, шамасы, біртіндеп жүзеге асырылатын болады, ал оның орнықтылығы көбінесе дезинфляцияның орнығуымен және қорландыру құнының динамикасымен айқындалады.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

