26.03.2026
345 cапарлар
Қытаймен өзара тауар айналымы $34,1 млрд деңгейіне жетіп, жалпы сыртқы сауданың ширек бөлігіне жуықтады

ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға Қазақстан мен Қытай арасындағы 2025 жылғы тауар айналымы бойынша сараптамалық шолуды ұсынады.

Негізгі үрдістер

  • 2025 жылы Қазақстанның Қытаймен сауда-экономикалық байланысы одан әрі тереңдей түсті. Бұл тауар айналымының өсуімен және ҚР-ға бағытталған сыртқы жеткізілімдердегі ҚХР рөлінің артуымен расталады.
  • Жиынтық тауар айналымы $34,1 млрд-қа жетіп (+13,2%), Қытайдың Қазақстанның сыртқы саудасындағы үлесі жалпы көлемнің ширек бөлігіне жуықтады (бір жыл бұрынғы 21,2%-бен салыстырғанда 23,7%-ға жетті).
  • Екіжақты сауданың өсуі негізінен импорт есебінен қамтамасыз етілді. Оның көлемі $18,9 млрд-қа (+23,6%) немесе елімізге келген барлық жеткізілімдердің 29,2%-ына (бұрын – 25,3%) жетті.
  • Импорт құрылымы дайын өнім мен өндірістік мақсаттағы тауарлар жеткізілімінің өскенін көрсетеді. Бұл өсімге негізгі үлесті көлік құралдары (+$3,4 млрд), металдар (+$645 млн) және химия өнімдері (+$412 млн) қосты. Бұл еліміздегі инвестициялық белсенділіктің, инфрақұрылымдық жобалар мен тұтынушылық сұраныстың кеңейгенін айғақтайды.
  • ҚХР-ға бағытталған экспорт өнеркәсіптік мақсаттағы аралық тауарлар мен аграрлық өнімдер пайдасына қайта бөліну аясында шамалы өсім (+2,1%, $15,2 млрд-қа дейін) көрсетті.
  • ҚХР-ға бағытталған экспорт құрылымында жануарлар мен өсімдік тектес өнімдердің (+$394 млн) және химия өнеркәсібінің (+$345 млн) үлесі өсті, ал металдар (-$605 млн) мен минералды өнімдердің (-$112 млн) үлесі қысқарды.
  • Өзгерістер ҚХР-дағы өнеркәсіптік сұраныстың бәсеңдеуін, шикізат тауарларына әлемдік бағаның төмендеуін және жеке өндірістің кеңеюін айғақтауы мүмкін.
  • Импорттың озу қарқынымен өсуі нәтижесінде Қазақстанның Қытаймен сауда теңгерімі айтарлықтай нашарлады: тапшылық $0,37 млн-нан $3,7 млрд-қа дейін, яғни 10 есе ұлғайды.
  • Өзгерістер есеп айырысудың валюталық құрылымын да айналып өтпеді (төменнен қараңыз). Валюталық есеп айырысуларды әртараптандыру, юань өтімділігінің артуы (KASE-де CNYKZT жұбы бойынша сауда-саттық көлемі 240%-ға өсті) және компаниялардың транзакциялық шығындарды азайтуға ұмтылысы аясында, ең алдымен, импорттық операцияларда қытай юанін пайдаланудың біртіндеп кеңеюі байқалады.
  • Салалық бөліністе юаньды ең көп пайдалану өңдеу өнеркәсібінде, тау-кен өндірісі және саудада тіркеледі.
  • Бұл ретте Қытайдан импортталатын тауарлар бағасының динамикасы негізінен төмендеу сипатына ие болды: тауар позицияларының көпшілігі бойынша құнның төмендеуі байқалды (төменнен қараңыз). Бұл ҚХР-дағы инфляцияның әлсіздігін және сыртқы нарықтардағы қытайлық өндірушілер арасында баға бәсекелестігінің күшейгенін көрсетеді.
  • Бұл Қазақстандағы ішкі инфляцияға тежеуші әсер етіп, тарифтер, ішкі сұраныс және бюджет шығыстары тарапынан болатын инфляциялық факторлардың орнын ішінара толтырады.
  • Осылайша, жалпы алғанда Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі ғана емес, сонымен қатар еліміздің экономикасындағы ішкі сұраныстың, инвестициялық белсенділіктің және баға процестерінің қалыптасуына әсер ететін маңызды сыртқы фактор болып саналады.
  • Жақын арадағы перспективада Қытайдан келетін импорт екіжақты сауданың негізгі драйвері болып қалуы ықтимал, ал экспорттық түсімдер шикізат тауарларының бағасына және ҚХР-дағы өнеркәсіптік сұранысқа байланысты болады.

Резюме

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытаймен екіжақты сауда $34,1 млрд-қа жетті, бұл Қазақстан ЖІӨ-нің шамамен 11,2%-ына тең және Қытайдың елдің сыртқы экономикалық қызметіндегі маңызды рөлін айқындайды. Бұл ретте сауда динамикасы дайын өнімдер мен өңдеу деңгейі жоғары тауарлардың импорттық жеткізілімдерімен көбірек анықталып, ішкі нарықтың сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігін күшейте түсуде.

Қазақстан экспортының шикізат тауарларына бағдарлануының сақталуы экспорттық түсімдерді баға конъюнктурасы мен өнеркәсіптік циклге неғұрлым сезімтал етеді, ал импорт үй шаруашылықтары, бизнес және мемлекет тарапынан болатын тұрақты ішкі сұраныс есебінен қалыптасады. Нәтижесінде сауда-саттық өзара іс-қимылы экономикалар құрылымындағы және бәсекеге қабілеттілік деңгейіндегі айырмашылықтарды көрсете отырып, айқын теңгерімсіздікке (-$3,4 млрд) ие болады.

Сонымен қатар, мұнайдың жоғары бағасы (барреліне $100-ден жоғары) ҚР экспорттық кірістерін айтарлықтай арттыруға қауқарлы, өйткені шикізат тауарлары еліміздің экспорттық түсімдерінің шамамен үштен екісін құрайды. Бұл Қытаймен өзара саудадағы тапшылықты уақытша азайтуы мүмкін, алайда мұндай жақсару негізінен құндық сипатқа ие болады және сауда құрылымының өзгеруіне әкелуі екіталай.

Жеткізілімдер номенклатурасы бұрынғысынша шикізат тауарларына бағдарланған күйінде қалып отыр, ал импорт дайын өнімдер мен технологиялық компоненттерден тұрады. Нәтижесінде, тіпті қолайлы сыртқы конъюнктура кезінде де импортқа тәуелділік сақталуы мүмкін. Бұл баға факторының экономиканың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігіне әсерін шектейді және қосылған құны жоғары өнім экспортын дамыту қажеттілігін айқындайды.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
26.03.2026
Қытаймен өзара тауар айналымы $34,1 млрд деңгейіне жетіп, жалпы сыртқы сауданың ширек бөлігіне жуықтады
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға Қазақстан мен Қытай арасындағы 2025 жылғы тауар айналымы бойынша сараптамалық шолуды ұсынады.
20.03.2026
Автонесиелеу көлемі бойынша ипотекалық нарық деңгейіне жетті
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы Қазақстанның автонесиелеу нарығы бойынша шолуды ұсынады.
16.03.2026
Ипотекалық несиелеу нарықтық жағдайлардан оқшау, автономды түрде дамып келеді
ҚҚҚ талдау орталығы Қазақстанның 2025 жылғы ипотека нарығына жасалған сараптамалық шолуды ұсынады.
06.03.2026
Сарапшылар екі таңбалы инфляцияны және қатаң ақша-несие саясатының сақталуын болжайды
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2026 жылғы наурыздағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген кезекті сауалнама қорытындыларын ұсынады.
26.02.2026
Сауда профициті ЖІӨ-нің 4,6%-ына дейін төмендеді: ағымдағы шотқа түсетін қысым күшейіп келеді
ҚҚҚ талдау орталығы назарыңызға Қазақстанның 2025 жылғы тауар айналымы бойынша шолуды ұсынады.
18.02.2026
Өңірлер бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің ену деңгейі теңесіп келеді
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылға арналған банк карталары арқылы жүргізілген қолма-қол ақшасыз операциялар статистикасына шолуын ұсынады.