ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы екінші деңгейлі банктердің бөлшек несиелеу нарығына шолуды ұсынады.
Негізгі үрдістер
- 2025 жылы бөлшек несиелеу динамикасы халық тарапынан сұраныстың бәсеңдеуі аясында қалыптасты. Бұл төмендеу өтінімдердің негізгі үлесін (91%) құрайтын кепілсіз қарыздар сегментіндегі белсенділіктің құлдырауына (ж/ж -16,9%) байланысты болды.
- Қазақстандықтар тарапынан түскен несиелік өтінімдердің жалпы саны өткен жылғы 13,8% өсімнен кейін 13,7%-ға қысқарды. Бұл нарықтағы сұраныс динамикасының кері бағытқа бет алғанын көрсетеді.
- Сонымен қатар, ипотека (ж/ж +9,2%), автонесиелеу (ж/ж +41,8%) және кепілді тұтынушылық қарыздар (ж/ж +77,1%) сияқты өзге сегменттерде оң динамика сақталды. Бұл нарықтағы сұраныстың қамтамасыз етілген өнімдер пайдасына қайта бөлінгенін айқын көрсетеді.
- Кепілсіз қарыздар сегментіндегі сұраныстың бәсеңдеуі бірқатар факторлар жиынтығымен, соның ішінде ақша-несие шарттарының қатаюымен, халықтың нақты табысының төмендеуімен және нарықтың қанығу әсерімен байланысты болды.
- Кепілсіз қарыздар сегментіндегі сұраныс бәсеңдеуінің қосымша дәлелі — бірегей қарыз алушылар санының азаюы (2025 жылы -57 мың адам). Бұл халықтың несие алуда сақтық танытуын және клиенттік базаны кеңейту әлеуетінің таусылғанын көрсетеді. Сонымен қатар өзге сегменттерде, өтінімдер динамикасына ұқсас, қарыз алушылар санының өсімі байқалады (төменде қараңыз).
- Халыққа берілген жаңа қарыздардың жиынтық көлемі өткен жылғы 21,9%-дан ж/ж 8,7%-ға дейін баяулады, ал несие портфелінің өсімі 19,8%-ды (бұған дейін 23,9%) көрсетті. Қазіргі таңда несиелеу нарығында портфелдің өсуін қамтамасыз ететін, сомасы қомақты әрі мерзімі ұзақ кепілді қарыздар жағына қарай ауысу байқалады.
- Қаржылық шарттардың қатаюы аясында бөлшек несиелердің құны артты: орташа өлшемді мөлшерлемелер 18,2%-ға (+1,4 п.т.) жетті. Ең жоғары өсім автонесиелеу мен тұтынушылық сегментте тіркелсе, ипотека нарығындағы мөлшерлемелер жеңілдікті бағдарламалардың есебінен салыстырмалы түрде тұрақты сақталды (төменде қараңыз).
- Нарық бойынша өтінімдерді мақұлдау деңгейі орташа есеппен 29,2%-дан 26,2%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткішке негізінен кепілді тұтынушылық қарыздар (34,8%-дан 31,4%-ға дейін) мен ипотека (37,2%-дан 24,5%-ға дейін) сегменттері әсер етті. Мұндай динамика базалық мөлшерлеменің өсуі, макропруденциялық реттеудің қатаюы, сондай-ақ жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемені (ЖТСМ) төмендету талпыныстары аясында қарыз алушыларға қойылатын талаптардың күшеюімен байланысты. Бұл факторлар банк талаптарына сәйкес келетін қарыз алушылар шеңберінің тарылуына әкеп соқты.
- Нарық бойынша мерзімі өткен берешек үлесі негізінен тұтынушылық сегмент есебінен 2,9%-дан 4,0%-ға дейін бірқалыпты өсті. Бұл ішінара проблемалық берешекті сатуға қойылған шектеулермен және халықтың нақты табысының төмендеуімен байланысты.
- Осы жағдайларды ескере келе, 2026 жылы ақша-несие шарттарының қатаң сақталуы және бұған дейін қабылданған реттеуші шаралардың кешіктірілген әсері аясында бөлшек сауда нарығының одан әрі бәсеңдеуі күтілуде.
- Сонымен қатар, нарық қазірдің өзінде түзету кезеңінде тұр (2026 жылдың 2 айында жаңа берілімдер -5,9%-ға азайды). Мұндай жағдайда өсім қарқынын тежеу үшін макропруденциялық шарттарды қосымша қатайтудың қажеттілігі жоқ.






Резюме
Бөлшек несиелеу нарығы 2025 жылы белсенді өсім кезеңінен кейін баяулау фазасына өтті. Несие алуға берілген өтінімдер саны ж/ж 13,7%-ға қысқарды, жаңа клиенттердің келуі (өткен жылғы 487 мыңға қарсы 163 мың) үш есеге жуық баяулады, ал жаңа қарыздарды беру қарқыны 2,5 есеге, яғни 21,9%-дан 8,7%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, портфельдің өсу қарқыны да баяулады, бірақ екі таңбалы деңгейде қалды (23,9%-ға қарсы 19,8%). Мұндай динамика өсу моделінің ауысқанын — кепілсіз несиелеу есебінен кеңеюден, қамтамасыз етілген қарыздарға негізделген неғұрлым байсалды өсімге көшкенін көрсетеді.
Бір мезгілде несиелеу шарттары қатайды. Базалық мөлшерлеменің өсуі, макропруденциялық шаралардың қатаңдатылуы және ЖТСМ-ді реттеу аясында пайыздық мөлшерлемелер көтеріліп, мақұлдау деңгейі төмендеді әрі қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейді. Бұл әлеуетті клиенттер шеңберінің тарылуына және сұраныстың неғұрлым тұрақты сегменттер пайдасына қайта бөлінуіне әкеп соқты.
2026 жылдың басында нарық қазірдің өзінде түзету белгілерін көрсетіп отыр (қаңтар-ақпан айларында берілген қарыздар көлемі 5,9%-ға азайды). Ақша-несие шарттарының қатаң сақталуын және бұған дейін қабылданған реттеуші шаралардың әсерін ескере отырып, бөлшек несиелеудің одан әрі баяулауы күтіледі. Бұл үй шаруашылықтары шығыстарының неғұрлым тежелуіне және экономикалық динамикаға несиелік импульс үлесінің төмендеуіне ықпал етеді.
Осы жағдайларда өсім қарқынын тежеуге бағытталған макропруденциялық реттеуді қосымша қатайту проциклдік сипатқа ие болуы және нарықтағы қазіргі байқалып отырған бәсеңдеуді күшейтуі мүмкін.
Негізгі сегменттің, әсіресе кепілсіз несиелеудің, белсенділігі қазірдің өзінде төмендеу үрдісін көрсетіп отырғанын ескерсек, қосымша шектеулер сұраныстың шамадан тыс тарылуына және бөлшек несиелеу нарығындағы төмендеу динамикасының күшеюіне әкелуі мүмкін.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

