Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің деректері бойынша 2024 жылдың 11 айында номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың жалпы саны 983 126 шотқа немесе 40,2%-ға ұлғайған. Бұл статистика қазақстандықтардың бағалы қағаздар нарығын белсенді игере бастағанын көрсетеді. Алайда, қор нарығында бағалы қағаздармен сауда-саттық жасамас бұрын, ойынның негізгі ережелерін білу керек. Ісін жаңадан бастаған инвесторларқандай қателіктер жіберулері мүмкін екендігі жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық!
Ойластырылмаған стратегия
Ісін жаңадан бастаған инвесторлардың басты қателіктерінің бірі — нақты стратегияның және мақсаттардың болмауы. Қор нарығында ісін жаңадан бастаушылар көп жағдайда тәуекелге бел буып, бірден көп кіріс алуды қалайды. Олар тәуекелдерге талдау жасамай, кірістілігі жоғары акциялар сатып алады. Бұл олардың бүкіл салған қаржысын жоғалтып алуына әкелуі мүмкін.
Егер сіз ұзақ мерзімге инвестиция салып, табыс тапқыңыз келсе, алдымен стратегия құрып алыңыз. Бұл ретте, сіз қандай активтермен сауда жасайтыныңызды, мәмілелерді қаншалықты жиі жасайтыныңызды және шешім қабылдау кезінде нені басшылыққа алатыныңызды білу маңызды. Қарапайым стратегиялардан бастаңыз, тәжірибе жинақтаған соң күрделіге көшіңіз.
Қысқа мерзімді көрсеткіштерді пайдалану
Ісін жаңадан бастаған инвесторда сапалы талдау болмаса, ол акцияларды оның соңғы жыл ішіндегі, ай, тіпті бір апта ішіндегі кірістілігін басшылыққа ала отырып сатып алулары мүмкін. Бұл инвестордың қысқа мерзімді көрсеткіштерді ғана болжап отырғанын білдіреді. Сондай оның шешіміне достарының, әріптестерінің, таныстарының және туысқандарының пікірлері де әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде ол мұндай акциялар жоғары кіріс әкеледі деген сеніммен жоғары бағамен акциялар сатып алу тәуекеліне барады, одан кейін оның құны күрт түсіп кеткенін көреді.
Компанияның акцияларының бағасы өзгеріп, құбылмалы болып, бағасы бір көрсеткіште тұрмайды. Тәжірибесі жоқ инвестор бір компанияның акцияларын сатып алуы мүмкін, алайда жағымсыз ішкі немесе сыртқы факторлардың салдарынан осы компанияның акцияларының құны түсіп кетуі мүмкін. Одан қорқып қалған инвестор тіпті бұл кірістен айырылып, шығынға ұшыратса да акцияларды сатып жіберуге асығады.
Ісін жаңадан бастаған инвесторлармен салыстырғанда тәжірибелі инвесторлар неғұрлым тұрақты және құбылмалылығы төмен акцияларға басымдық береді. Баға неғұрлым аз құбылып тұрса, болжам соғұрлым дәл болады. Тәжірибелі инвесторлар нәтижеге тез жетуге ұмтылу және эмоциямен жасаған әрекеттер көбінесе шығынға әкелетінін жақсы біледі.
Сондай-ақ, брокерлердің мүдделерін де ескеру маңызды. Олар мәмілелер үшін жоғары комиссия алуға мүдделі және олардың мүдделері инвесторлардың мүдделерімен сәйкес келмеуі мүмкін. Брокерлер үшін мәмілелердің жасалғаны, ал қағаздар портфельде ұзақ уақыт қалмағаны маңызды. Бұл факторды инвестициялық стратегияда ескеру қажет.
Консервативті стратегия
Тіпті бағалы қағаздарға салған кезде де ортасын сақтау маңызды, шектен тыс консервативтілік те қажет, бірақ ол оң нәтижелерге әкеле бермейді. Консервативті тәсіл биржада сауда-саттық басталған кезде өзін ақтайды. Бұл тәсіл кірістілігі төмен және тұрақты, сол сияқты тәуекелі орташа аздаған қағаздар болуы мүмкін неғұрлым теңдестірілген инвестициялық портфель туралы білімнің жетіспеуінен туындауы мүмкін. Бұл стратегияда мүмкіндікті жіберіп алмаған және бағалы қағаздарды сатуда немесе сатып алуда ұзақ күтпеген маңызды.
«Fortuna»-ға сену
Жаңадан бастаған инвесторлар көбінесе акцияларды тек сәтінің түсуіне немесе олардың қысқа мерзімді кірістеріне сүйеніп сатып алады, бұл болашақта үлкен шығындарға әкелуі мүмкін. Белгілі инвестор Уоррен Баффет айтқандай: «Түсінген нәрсеңізге инвестиция салыңыз және эмоцияңыздың шешімдеріңізді басқаруына жол бермеңіз».
Сондықтан, акцияларды сатып алмас бұрын, компанияға байыппен қаржылық талдау жүргізіп, тарихын зерттеп, жалпы көрсеткіштеріне және беделіне көңіл аудару қажет. Сонымен бірге ел экономикасындағы, нарықтағы, саладағы және жалпы әлемдегі ахуал сияқты сыртқы факторлар да бар. Компанияның бизнес-жоспарын, жылдық есептерін және даму стратегиясын мұқият зерделеу қажет. Осы деректерді зерттеу арқылы талдау жасау үшін қажетті пайдалы дағдылар мен табысты инвестордың тәжірибесін алуға болады.
Мерзімдерді дұрыс бағаламау
Жаңа инвесторлар көбіне қысқа мерзімде табыс табуға тырысады. Бұл көбіне қателіктерге әкеледі, себебі бұл тәуекелі жоғары және көп жарнама жасалған акцияларды сатып алуға итермелейді. Нәтижесі: жаңадан бастаған адам ақшасын тез жоғалтып, инвестициялаудан да көңілі қалады. Ол үшін жаңадан бастаған инвестор «лонг» және «шорт» мәмілелердің түрін мұқият зерделеуі керек. «Лонг» акцияларды ұзақ мерзімді перспективада олардың өсуіне қарай сатып алуды көздейді. Мәміленің бұл түрі көп білімді қажет етпейді, акцияларды сатып алып, өскенін күтуге болады. «Шорт» қысқа мерзімді мәмілелерді білдіреді. Бұл жағдайда трейдер акцияларды брокерден қарызға алады, оларды «сол күнгі» бағамен сатады, кейінірек айырмасын өзіне қалдырып, одан да төмен бағамен сатып алады. Бірақ мәмілелердің бұл түрі инвестордың жоғары біліктілігін талап етеді, себебі бұл – күрделі және тәуекелді процесс. Сондықтан жаңадан бастаған адамның «лонг» мәміледен бастағаны жақсы әрі жеңіл болады.
Барлық активті бір себетке
Тек бір компанияның және тек бір саланың (мұнай секторы, банк, сақтандыру және басқалары) акцияларын сатып алу арқылы сіз ақшаңызды жоғалтуыңыз мүмкін. Бұл жағынан алғанда экономиканың түрлі салаларындағы бірнеше компанияның акцияларынан қоржын құру қажет. Әртараптандырылған портфель ең қолайлы болып табылады, себебі бір компанияның акциялары төмендеген кезде, басқалардың акциялары қаражатты жоғалтпай, инвестицияларды теңестіруге көмектеседі. Мысалы, егер бір бағалы қағаз құлдыраған кезде салымыңыздың тек 10%-ын жоғалтуға әкелетін болса, екіншісі 50% кіріс алуға көмектесуі мүмкін. Сонымен бірге инвестициялаудағы сараланған тәсіл сізді бір лотқа салған салымыңыздан гөрі көбірек кіріс әкелуі мүмкін. Ірі компанияларды ғана емес, шағын және орта бизнес компанияларын да қарастырған жөн.
Қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен шығыстарды дұрыс есептемеу
Брокердің қызмет көрсетумен байланысты тіпті 2,5%-ды құрайтын комиссиясы, мысалы 10-20 жылдан кейін кем дегенде сіздің қор нарығындағы тұтастай кезеңдегі кірісіңіздің жартысын немесе одан астам мөлшерді құрауы мүмкін.
Мысалы, 2,5%-ды құрайтын комиссиямен орташа жылдық кірістілігі 10% болатын 10 000 АҚШ доллары мөлшеріндегі инвестициялар жағдайында кірістіліктің шамамен 60%-ын жұтып қояды. Сондықтан инвестор басқарумен байланысты барлық комиссияны, сондай-ақ қаражаттың енгізілуі мен шығарылуын ескеруі керек. Басқа ілеспе шығыстарды айтпағанның өзінде осылай болуы тиіс. Бұл шығыстарды алдын ала есептеген жөн.
Кірістілік кепілдігі
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында инвестициялық қызметтер көрсететін лицензияланған брокерлер мен дилерлердің тізімі бар.
Алайда, интернет арқылы жарнамалық роликтерде алаяқтықтың белгісі болып табылатын жоғары кірістілікке кепілдік беретін ұйымдар бар. Әдетте, оларда қаржы реттеушісі берген лицензия болмайды.
Инвестициялардың әрқашан тәуекелмен қатар жүретінін білу қажет, сондықтан ешкім, соның ішінде лицензиясы бар брокерлер де жоғары кірістілікке кепілдік бере алмайды.
Инвестициялаудың өзіндік тәуекелдері болады. Барлық жағымсыз сценарийлерді алдын-ала болжау, сондай-ақ алдын-ала толыққанды есептеулер жүргізу өте қиын. Сіз негізгі қажеттіліктерді анықтап және сізде кредиторлар болмайтын, кемінде бір жылға қауіпсіздік жастықшаңыз болған уақытта ғана компанияның акцияларына ақша салуға болады. Тағы бір қате әрі қауіпті қадам инвестициялар үшін алғашқы операуцияларға қарызды, оның ішінде достарыңыздан/таныстарыңыздан алған қарызды немесе кредитті, оның ішінде брокерден алған кредитті пайдалану болып табылады. Сіз сәтсәз инвестициялар нәтижесінде бұл ақшаны жоғалтып қана қоймай, банкке немесе брокерге қарыз болып қаласыз. Шығындарды азайту үшін аз мөлшердегі қаражаттан керек.
Сондай-ақ, брокерлік компаниямен инвестициялау үшін келісімге қол қоймас бұрын, оның беделін тексеру маңызды. Брокердің ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензияның бар екеніне көз жеткізіңіз. Мұны қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтынан және Қазақстан қор биржасының сайтында www.kase.kz сайтынан білуге болады. Лицензиясы жоқ брокерлермен жұмыс істеу сіздің барлық қаражатыңыздың жоғалуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан қаржы реттеушісінің сайтында қол жетімді болатын жосықсыз компаниялардың тізімін мұқият қарап шығыңыз. Инвестициялық брокерлік компанияның консультантымен шартқа қол қоймас бұрын ТАЛАПТАРМЕН МҰҚИЯТ ТАНЫСЫП ШЫҒЫҢЫЗ. Шартты заңгерге көрсетіп, сарапшылардан консультация алған дұрыс.
Есіңізде болсын, компаниялар әртүрлі себептермен жабылуы мүмкін және алдағы ұзақ мерзімді кезеңде сіздің инвестицияларыңыздың табысты болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Бағалы қағаздар мен акцияларға инвестициялар салу әрқашан тәуекелдермен байланысты. Алайда, дұрыс әрекет жасаған және нарықты үнемі зерттеп отырған жағдайда сіз бұл тәуекелдерді азайта аласыз.
Оқыңыз, дамыңыз, арнайы ақпаратты зерттеңіз және өзіңіздің қаржылық сауаттылығыңызды үнемі арттырып отырыңыз!