05.02.2026
332 cапарлар
Банктер қымбат қаржы ресурстарына, салықтық жүктеменің артуына және реттеуші шектеулерге бейімделіп жатыр

ҚҚҚ Талдау орталығы сіздердің назарларыңызға Қазақстанның 2025 жылғы банк секторына шолуын ұсынады.

Кезеңнің негізгі үрдістері

  • 2025 жылы банк секторы ақша-несие саясатының қатаңдатылуы, реттеуші ортаның күшеюі және салықтық жүктеменің артуы жағдайында қызмет етті. Нәтижесінде банктердің баланс көлемінің кеңею қарқыны бәсеңдегені байқалады.
  • 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңа несиелер беру көлемінің өсімі өткен жылғы 20,1%-бен салыстырғанда 13,4%-ды көрсетті. Ең айқын баяулау бөлшек сегментте байқалды: өсім 21,9%-дан 8,7%-ға дейін төмендеді. Бұл сұраныстың әлсіреуін (ең алдымен кепілсіз қарыздар бойынша) және ұсыныстың қатаңдатылуын (жоғары мөлшерлемелер, скоринг талаптарының күшеюі және реттеушілік шектеулер) көрсетеді.
  • Корпоративтік сегментте де өсім баяулады, бірақ бұл көрсеткіш біршама қалыпты болды: несиелеу деңгейі бұрынғы 18,5%-дан 17,8%-ға дейін төмендеді. Бұған нарықтық мөлшерлемелердің жоғары болуына қарамастан, инвестициялық белсенділікті қолдаған ірі ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобалар мен жеңілдікті мемлекеттік бағдарламалардың әсері септігін тигізді.
  • Тұтынушылық сұраныстың «салқындауы» мен бөлшек саудадағы шектеулер аясында халыққа берілген несие портфелінің өсімі бәсеңдеді (23,9%-дан 19,8%-ға дейін). Ал корпоративтік сегмент, керісінше, салыстырмалы түрде жеделдеуді көрсетті (16,3%-дан 18%-ға дейін). Бұл көп жағдайда банктердің қазіргі мемлекеттік және реттеушілік саясат жағдайларына бейімделе бастағанын айқын көрсетеді.
  • Жыл бойы банк өнімдері бойынша бағалау шарттары қатаң күйінде қалды. Базалық мөлшерлеменің өсуі, ең төменгі резервтік талаптардың (ЕТР) жоғарылауы және депозиттер үшін бәсекелестіктің күшеюі банктердің ресурс базасы құнының қымбаттауына алып келді.
  • Қорландыру құны өсімінің активтер табыстылығынан озып кетуі пайыздық спрэдтің тарылуына әкеп соқты: 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш бір жыл бұрынғы 4,86%-дан 4,62%-ға дейін төмендеді (-24 б.т.).
  • Осындай жағдайда банктер портфель сапасына және тәуекелдерді анағұрлым консервативті басқаруға баса назар аударды. Проблемалық несиелер (NPL) көлемі төмен деңгейде қалып қойды — 3,6%, бұл проблемалық қарызды сату тыйымына және портфельдің екі таңбалы өсіміне қарамастан байқалды (жоғары сапалы жаңа несиелердің әсері).
  • Портфель сапасының тұрақтылығы резервтеу динамикасына да оң әсер етті. Қалыптастырылған провизиялар өсімінің төмендеуі аясында (өткен жылғы ₸172 млрд-қа қарағанда +₸61 млрд) несиелік тәуекел құны 6,11%-дан 5,69%-ға дейін төмендеді.
  • Жүйе міндеттемелері өсімінің негізгі драйвері клиенттердің салымдары (өсімнің 83%-ы) болды. Салымдардың артуына жалақының өсуі (2025 жылдың 9 айында +10%), компаниялардың қаржылық нәтижелерінің жақсаруы (кәсіпорындардың жалпы пайдасы 2025 жылдың 9 айында 24,5%-ға өсті) және пайыздарды капитализациялау әсер етті.
  • Сектордың таза пайдасының өсу қарқыны 17,0%-дан 6,7%-ға дейін, ал капиталдандыру деңгейі 29,6%-дан 19,2%-ға дейін баяулады. Бұл ресурстар құнының артуын, салық жүктемесінің көбеюін және мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтару бойынша біржолғы операцияларды көрсетеді.
  • Пайданың төмен өсіміне қарамастан, салық аударымдары 51%-ға, яғни ₸451 млрд-тан ₸682 млрд-қа дейін өсті (соның ішінде кірістің жекелеген баптарына қосарланған салық салудың нәтижесінде). Осы жағдайлардың аясында республикалық бюджетке түсетін барлық КТС (корпоративтік табыс салығы) түсімдеріндегі екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) үлесі 12,4%-дан 15,0%-ға дейін артты.

Резюме

Қатаң монетарлық жағдайлардың, жоғары реттеушілік талаптардың және фискалдық жүктеме өсімінің жиынтығы біршама шектеулі операциялық ортаны қалыптастырды. Мұндай жағдайда банк секторы баланстарының кеңеюі баяулап, портфель сапасына және тәуекелдерді консервативті басқаруға бағытталған назар күшейе түсті.

Қарыз алушыларды неғұрлым қатаң іріктеу банктерге проблемалық берешектің бақылаудағы төмен деңгейін сақтауға және резервтеуге деген қажеттілікті азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, несиелік белсенділіктің баяулауына, пайыздық спрэдтің тарылуына және салық жүктемесінің артуына қарамастан, қаржылық нәтижелерге түскен қысымды ішінара өтейтін неғұрлым тұрақты тәуекел-профиль қалыптасты. Бұл банк секторына берілген сыртқы бағалаудан көрініс тапты.

S&P агенттігі ҚР банк жүйесінің салалық тәуекел үрдісіне берген бағасын «тұрақтыдан» «позитивтіге» өзгертті. Бұл жүйелік тәуекелдерді қабылдаудың жақсарғанын және сектор активтерінің жоғары сапасын көрсетеді. Сондай-ақ, жыл ішінде жекелеген банктердің рейтингтері көтеріліп, бірқатар қаржы институттары бойынша болжамдар жақсарды. Бұл жалпы сектордың несие профилінің нығайғанын растайды.

Пассивтердегі оң үрдістердің бірі — «ұзақ мерзімді қаражаттар» үлесінің барлық пассивтердің 9,1%-ынан 10,3%-ына дейін өсуі: жинақ салымдары ₸1,2 трлн-ға, облигациялар ₸486 млрд-қа артты. Бұл ағымдағы жылы банктердің экономика субъектілеріне ұзақ мерзімді несиелер беру мүмкіндіктеріне оң ықпал етеді.

Дегенмен, қатаң монетарлық және реттеушілік жағдайлар сақталған жағдайда, несиелік белсенділік шектеулі күйінде қалуы мүмкін. Ал сектордың пайдасы мен капиталының динамикасы бір таңбалы көрсеткіштер деңгейінде болады деп күтілуде.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
05.02.2026
Банктер қымбат қаржы ресурстарына, салықтық жүктеменің артуына және реттеуші шектеулерге бейімделіп жатыр
ҚҚҚ Талдау орталығы сіздердің назарларыңызға Қазақстанның 2025 жылғы банк секторына шолуын ұсынады.
04.02.2026
Жалпы сақтандыру нарығының табыстылығы төлемдердің артуына байланысты төмендеді
ҚҚҚ талдау орталығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы сақтандыру нарығына жасалған талдауды ұсынады.
23.01.2026
Қор нарығының капитализациясы 46,7 трлн теңге көрсеткішке жетті, бұл ел ЖІӨ-нің 29%-ына тең
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға Қазақстанның 2025 жылғы Бағалы қағаздар нарығына шолу ұсынады.
16.01.2026
Жүйеде номиналды мөлшерлемелер өсуде, бірақ пайыздық айырма азайып жатыр
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сараптамалық орталығы сіздің назарыңызға 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның қаржы нарығындағы пайыздық мөлшерлемелерге шолуын ұсынады.
15.01.2026
Жоғары мөлшерлемелер ұзақ сақталады: қазір нарық үзіліс пен кейінірек абайлап жұмсартуды күтеді
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2025 жылғы қаңтардағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынады.
19.12.2025
Инфляция, мөлшерлеме және кредиттік цикл: Қазақстанның 2026 жылғы макроэкономикалық күн тәртібі
2026 жылы ел экономикасы қатаң ақша-несие саясаты, ауқымды бюджет-фискалдық реформалар және сыртқы конъюнктураның салыстырмалы түрде қолайсыздануы қатар әсер ететін «тар өткелден» өтуге мәжбүр болады