ҚҚҚ талдау орталығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы сақтандыру нарығына жасалған талдауды ұсынады.
Негізгі үрдістер
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сақтандыру компанияларының (ЖСК) активтері өткен жылғы 5,2%-дық баяу өсіммен салыстырғанда 15,2%-ға ұлғайды. Мұндай серпін, ең алдымен, операциялық факторлардың әсерінен қалыптасты: сақтандыру сыйлықақыларының өсуі (+160 млрд теңге) және сақтандыру қызметі нәтижесінің едәуір жақсаруымен (+154 млрд теңге) қамтамасыз етілді.
- Активтер құрылымы нарықтың өзгермелі макроортаға бейімделуін көрсетеді. Негізгі өсім жергілікті және шетелдік қор нарықтарының қолайлы серпіні аясында бағалы қағаздарға (+92 млрд теңге), сондай-ақ жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында банктік салымдарға (+49 млрд теңге) тиесілі болды. Бұл портфельдің өтімділігі мен табыстылығын сақтау үшін пайыздық циклдің неғұрлым белсенді қолданылғанын көрсетеді.
- Активтер өсімінің жеделдегеніне қарамастан, сақтандыру нарығының жиынтық активтеріндегі жалпы сақтандыру компанияларының (ЖСК) үлесі бір жыл бұрынғы 46%-бен салыстырғанда 43%-ға дейін төмендеді. Бұл өнімдер желісінің кеңеюі және жинақтаушы әрі инвестициялық өнімдерге деген сұраныстың артуы нәтижесінде нарықтағы позициясы нығайған өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) активтерінің озық қарқынмен өсуін көрсетеді.
- Сонымен қатар, сегмент ішіндегі шоғырлану деңгейі артты: ауқым тиімділігінің оң әсері мен тұрақты қаржылық нәтижелер аясында сегменттегі сегіз ірі ойыншының үлесі жалпы сақтандыру компаниялары активтерінің 92,3%-ына жетті.
- Сектордың міндеттемелері 9,9%-ға артты, бұл 2024 жылдағы өсім қарқынымен (+16,7%) салыстырғанда айтарлықтай баяу. Міндеттемелердің негізгі өсімі ең үздік бағалау әдісі бойынша күтілетін ақша ағындарына қатысты міндеттемелердің ұлғаюы (+28,8 млрд теңге), сондай-ақ орын алған шығындар бойынша міндеттемелердің артуы (+10,6 млрд теңге) есебінен қалыптасты. Бұл сақтандыру қамтуының кеңеюін, сақтандыру сыйлықақылары көлемінің өсуін және іскерлік белсенділіктің жандануы аясында сақтандырылатын активтер құнының қымбаттауын көрсетеді.
- Міндеттемелер өсімінің баяулауы нәтижесінде олардың активтерге қатысты арақатынасы, яғни сақтандыру шарттары бойынша алдағы төлемдердің көрсеткіші 41,8%-ға дейін жақсарды (бұған дейін – 43,8%). Бұл сектордағы өтімділік пен қаржылық тұрақтылықтың қолайлы деңгейде сақталғанын көрсетеді. Сонымен қатар, 2025 жылы сақтандыру сыйлықақылары 22,8%-ға ұлғайып, өткен жылғы 3,0% өсіммен салыстырғанда айтарлықтай жеделдеді, бұл нарықтың белсенді кеңею кезеңіне өткенін білдіреді.
- Нарық өсімінің негізгі драйверлері ретінде мүлікті сақтандыру сегменті (+73 млрд теңге) ерекшеленді, бұл ипотекалық несиелер берудің күрт артуы (+337 млрд теңге) және тұрғын үй бағасының екі таңбалы өсімі аясында қалыптасты. Сондай-ақ, автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (+20 млрд теңге) икемді тарифтеу жүйесінің енгізілуі мен жаңа автокөліктер сатылымының өсуі (+14,4%) есебінен ұлғайды. Бұдан бөлек, жазатайым оқиғалардан сақтандыру (+11 млрд теңге) қамтудың кеңеюі, жұмыспен қамтудың артуы (+96 мың адам) және қызметкерлерді сақтандыру полистеріне корпоративтік сұраныстың күшеюі нәтижесінде өсті.
- Сақтандыру төлемдерінің өсуі салыстырмалы түрде сыйлықақыларының өсімінен айтарлықтай асып түсті (12 п.т.-қа): олардың көлемі өткен жылғы 9,2% өсіммен салыстырғанда 34,6%-ға ұлғайды. Мұндай серпін мүлікті зақымданудан сақтандыру бойынша төлемдердің артуымен (+29 млрд теңге), автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру (+26 млрд теңге) және ауру жағдайынан сақтандыру (+9 млрд теңге) сегменттеріндегі төлемдердің өсуімен қамтамасыз етілді.
Төлемдердің өсуі сақтандыру қамтуының және жасалған келісім-шарттар санындағы (+759 мың) өсімді және сақтандырылатын активтердің қымбаттауын көрсетеді. Бұл орташа төлем мөлшерінің 282 мың теңгеден 373 мың теңгеге дейін (+32%) ұлғаюына әкелді. - Нәтижесінде төлемдердің сыйлықақыларға қатысты коэффициенті 33%-дан 36%-ға дейін өсті. Бұл ЖСК (жалпы сақтандыру компаниялары) портфелі шығындылығының біртіндеп артуын көрсетеді және жекелеген сегменттерде тарифтерді қайта қарауға негіз жасайды.
- ЖСК таза пайдасы 3%-дық қалыпты өсіммен ₸127,5 млрд-тан ₸131,4 млрд-қа жетті. Пайданың өсуін тежеген негізгі факторларға инвестициялық кірістің қысқаруы (-₸56 млрд), сақтандыру төлемдерінің жедел өсуі, болашақ міндеттемелерге арналған резервтердің ұлғаюы, сондай-ақ корпоративтік табыс салығының (КТС) екі есеге жуық өсуі (+₸10 млрд) жатады. Бұл факторлар сақтандыру портфелін кеңейту мен сыйлықақылар өсімінен түскен оң әсерді толықтай теңестірді.
- Нәтижесінде сақтандыру нарығының рентабельдігі 2024 жылғы 20,3%-бен салыстырғанда 17,8%-ға дейін төмендеп, сектордағы маржаның қысқарғанын көрсетеді.







Кезеңнің қысқаша қорытындылары
2025 жылы сақтандыру өнімдеріне сұраныс барлық сегменттерде екі таңбалы өсімді көрсетті: міндетті сақтандыру бойынша сыйлықақылар +16,9% немесе 22,4 млрд теңге, ерікті жеке сақтандыру бойынша +25,3% немесе 19,5 млрд теңге және ерікті мүлікті сақтандыру бойынша +24,0% немесе 118,3 млрд теңгеге ұлғайды.
Барлық сегменттердегі сыйлықақылар өсімінің екі таңбалы қарқыны экономикалық белсенділіктің жеделдеуін ғана емес, сонымен қатар халық пен бизнес үшін сақтандырудың тәуекелдерді басқару құралы ретіндегі рөлінің біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Сақтандырудың ену деңгейінің артқанын жалпы сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының айтарлықтай өсуі де дәлелдейді: 2025 жылы олардың саны 11,3 млн-ға жетіп, 759 мыңға өсті. Бұл клиенттік базаның кеңеюін және сақтандыру өнімдерімен қамту деңгейінің артқанын растайды.
Бұл ретте нарық әлі де жеке тұлғаларға басымдығын жоғалтқан жоқ, бұл корпоративтік сақтандыруды әрі қарай өсуі үшін жоғары әлеует бар екенін көрсетеді. Субъектілер бойынша негізгі көлем әлі де жеке тұлғаларға тиесілі (бір жыл бұрынғы 79% бен салыстырғанда 80%), ал заңды тұлғалардың үлесі сәл төмендеп, 21%-дан 20%-ға дейін қысқарды.
Нарық құрылымындағы өзгерістер міндетті сақтандыру үстемдігінің біртіндеп төмендеуін (шарттар үлесі 75%-дан 70%-ға дейін қысқарды) және ерікті сақтандыру түрлерінің – жеке (14%-дан 19%-ға дейін) және мүліктік сақтандырудың (11%-дан 12%-ға дейін) дамуын көрсетеді. Бұл үй шаруашылықтары тарапынан да, бизнес тарапынан да сақтандыру қорғанысына деген саналы қызығушылықтың артқанын аңғартуы мүмкін.
Алайда сақтандыру төлемдерінің қарқыны сыйлықақылардан тезірек өскендіктен, нарықтағы төлемдер мен сыйлықақылардың арақатынасы бір жыл бұрынғы 33%-дан 36%-ға дейін ұлғайды. Сегменттер бөлінісінде динамика келесідей: ерікті мүліктік сақтандыру бойынша көрсеткіш 21%-дан 24%-ға өсті, міндетті сақтандыру 63%-дан 72%-ға көтерілді, ал ерікті жеке сақтандыру бойынша 55%-тан 53%-қа төмендеді. Мұндай серпін ең алдымен міндетті сақтандыру түрлерінде шығынның артқанын көрсетіп, жекелеген нарық сегменттерінде тарифтік саясатты бейімдеуді қажет етуі мүмкін.
Экономикалық белсенділіктің күтілетін баяулауы, сондай-ақ макропруденциялық шаралардың күшеюі мен қаржылық жағдайлардың қатаңдауы салдарынан бөлшек несиелеудің өсу қарқынының төмендеуі аясында, биылғы жылы сектор неғұрлым қалыпты өсу фазасына өтуі мүмкін.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

