Кредит бойынша кепілгер болу бір қарағанда формальды немесе жақын адамға көмектесу тәсілі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда,іс жүзінде бұл көптеген тәуекелдері бар нақты қаржылық жауапкершілік. Кепілгер болуды сұраған кезде неге назар аудару керек және қандай жағдайларда бас тартқан дұрыс, бұл жөнінде Fingramota.kz-тің. жаңа материалында айтамыз.

Кепілгер деген кім
ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес - кепілгерборышкердің банк алдында кредит бойынша мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенетін адам. Яғни, егер қарыз алушы қарызды өтей алмаса, онда банк кепілгерге талап қояды және оның бас тартуға құқығы болмайды. Өз кезегінде, қосалқы жауапкершілік кепілгерден өсімпұлдар, айыппұлдар мен комиссиялар төлеуді талап ете алмайтынын білдіреді, өйткені ол кепілгерлікте көрсетілген сома шегінде ғана борышкерге жауап береді.
Сондай-ақ, банктің кепілгерге қарызды өтеуге бірден жүгінуге құқығы жоқ: кодексте көрсетілгендей, ең алдымен кредитор «борышкердің осы талапты қанағаттандыруы үшін ақылға қонымды шаралар қолдануға тиіс». Басқаша айтқанда, банк қарыз алушы кредитті төлеуі үшін барлық заңды мүмкіндіктерді пайдалануға, содан кейін ғана кепілгерден талап етуге міндетті. Кепілгер кез келген адам қарыз алушының танысы да, жақын туысы да бола алады. Ең бастысы - ол Қазақстанның азаматы болуға немесе тұруға ықтиярхаты болуға, сондай-ақ қажетті құжаттарды ұсына алуға тиіс.
Сонымен қатар, кепілгерді кепіл болушымен және қоса қарыз алушымен шатастырмау маңызды. Кепiл болушы қарыз алушымен бiрлесiп жауап бередi: мерзiмi өткен кезде ол кредитті өтеп қана қоймай, банкке комиссия, тұрақсыздық айыбы мен сот шығындарын өтеуге мiндеттi. Бұл ретте оның табысы қарыздың ең жоғары сомасын айқындау кезінде ескерілмейді.
Бірақ қоса қарыз алушы кредит шартының толыққанды қатысушысы болып табылады. Ол кредиттің өтелуіне бірдей жауап беріп қана қоймайды – оның кірісі қарыз алушының кірісіне қосылады, сол арқылы кредит сомасының мөлшері ұлғаяды. Осыған байланысты кепілгердің кепіл берушімен және қоса қарыз алушымен салыстырғанда міндеттемелері аз деп айтуға болады, бірақ келісім бермес бұрын жақсы ойлану керек.
Кепілгерлік кезіндегі негізгі тәуекелдер
Сізге кепілгер болуға өтініш жасалған кезде мынаны түсіну маңызды: банк қарыз алушының төлем қабілеттілігі жеткіліксіз деп санаса немесе кредиттік тарихы нашар болса, кепілгер табуды сұрайды. Егер сіз оны алдын ала талқыламасаңыз және кредит, мысалы, отбасы үшін ипотека жарнасы қажет болса, әйелі немесе күйеуі сақтық үшін ата-анасының біреуінің кепілгер болуын өтінсе, бұл алаңдаушылық туындатуы керек. Басқа жағдайларда біз жақсы және жаман жақтарын мұқият бағамдауды сұраймыз.
Әрине, егер қарыз алушы кредитті уақытылы төлесе, онда кепілгерде ешқандай проблема болмайды. Бірақ егер борышкердің табысы төмендеп, төлеу мерзімі өтіп кетсе және т.б. болса, онда банк кредит бойынша қарыздың қалған бөлігін өтеуді талап етіп, кепілгерге жүгінеді. Сонымен қатар банк кепілгерден берешекті сот тәртібімен өндіріп ала алады, демек кез-келген жағдайда төлеуге тура келеді.
Бірақ ерекше жағдайлар да болады: банк кредит сомасын немесе пайыздық мөлшерлемені өсірген кезде; кредит кепілгерді ескертпестен және басқа қарыз алушыға келісімінсіз қайта ресімделсе; банк кепілгерге кешіктірудің басталғаны туралы уақытылы хабарламаса – бұл бір жылдан кешіктірмей жасалуы керек. Кепілдік мерзімі аяқталып не қарыз алушы бәрін өзі төлесе, бірақ банк әлі де кредит бойынша төлемді талап етсе, бұл жағдайда сіз заңгерлерді тартып, мәселені сотта шеше аласыз.
Сонымен бірге кепілгерлік қосымша кредиттік жүктеме болып саналатынын есте ұстаған жөн. Егер кепілгердің өзіне қажет болған кезде оған қарыз берілмеуі де мүмкін. Ал егер қарыз алушы немесе кепілгер кредит бойынша қарызды өтей алмаса, бұл кепілгердің кредиттік тарихын бұзады және оны қалпына келтіру үшін жылдар қажет болады.
Кепілгер бола отырып, нені есте сақтау қажет
Кепілгер бола отырып, сіз өзіңізге бөтен қарыз үшін қаржылық жауапкершілікті аласыз, сондықтан бұл мәселеге барыншабайыпты қарау керек. Сондықтан бірнеше қарапайым ережелерді сақтаңыз.
- Қарыз алушының сенімділігін тексеріп, оның қаржылық жағдайын бағалаңыз: жалақы, қосымша жұмыс туралы анықтамаларды сұратып, барлық шығыстарды нақтылаңыз. Ренжітуден қорықпаңыз, себебі бұл орайда сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіз басты мәселе, ал егер қарыз алушы бас тартса немесе сізге қысым жасаса, онда бұл бас тартуға себеп болады — демек, ол кредит бойынша міндеттемелерді сізге аударғысы келеді. Жауапты қарыз алушы не туралы сұрайтынын түсінеді және барлық қажетті құжаттар мен дәлелдемелерді өзі ұсынады.
- Барлық тәуекелдерді, артықшылықтары мен кемшіліктерін мұқиятсаралап алыңыз, егер қарыз алушы төлей алмаса, кредит бойынша төлеуге қаржылық мүмкіндігіңіз бар ма? Өз кірістеріңізді, шығыстарыңызды бағалап, отбасылық бюджетті зерделеп, барлық төтенше жағдайларды ескеруге тырысыңыз: банк күтпейді, ол ақша алуға мүдделі және сіздің жағдайыңызды түсінуге міндетті емес.
- Кепілгерлік туралы шартқа қол қоймас бұрын құжатты мұқият қарап шығыңыз және мүмкіндігінше ойлануға уақыт сұраңыз. Егер шарттың талаптарына күмәндансаңыз, заңгерге жүгіну қажет: осылайша сіз өзіңізді қорғайсыз және не істеп жатқаныңызды жақсы түсінесіз. Шартта кредиттің мөлшері ғана емес, сонымен бірге мерзімі, ай сайынғы төлемі, мөлшерлемесі, өтеу кестесі және банк кепілгерге жүгіне алатын талаптар көрсетілген барлық міндеттемелер бар екенін мұқият тексеріңіз.
- Қарыз алушының кредитті төлегенін тұрақты түрде растау үшін онымен келісіңіз. Осылайша сіз банк сізден ақша талап еткен кезде емес, төлем мерзімінің өткені туралы уақтылы білесіз. Бұл уағдаластықты заңды түрде растаған дұрыс: мысалы, негізгі кепілгерлік шартына толықтыру ретінде.
- Қысым жасалған кезде ешқандай жағдайда келіспеңіз. Егер сізді асықтыратын болса, сізге кінә артса немесе «бұл жай ғана формальды жағдай», «біз бір отбасымыз ғой», «сен мені жерге қаратайын деп тұрсың» десе, одан бас тартқан жөн. Кепілгерлік – бұл салдары болмайтын шартты жағдай емес, ол – нақты қаржылық міндеттеме. Шын мәнінде жақын адамдар мұны жақсы түсінеді және бас тартуға ренжімейді.
Өзіңізді, ақшаңызды сақтаңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

