26.04.2022
1003 cапарлар
Қарыз алушылардың назарына: неліктен кредиттер бойынша борыш өздігінен жоқ болып кетпейді

Банктерден қаржылық қызметтерді алу кезінде, мысалы, депозитті ашқан кезде клиенттер өз қаражатының қауіпсіз болатынына сенімді болғысы келеді. Бірақ егер қаржы институты лицензиясынан айырылса немесе биыл Ресей банктерімен болғандай, АҚШ санкцияларына ұшыраса, кредиттер бойынша міндеттемелерді орындауға, салымдардан қаражаты алуға және басқа да операцияларға қатысты көптеген сұрақтар туындайды. Бұл жағдайда қарызды қайтармауға бола ма және қиындықтарға тап болған банктің шотына салынған қаражат үшін қорқу керек пе – Fingramota.kz толығырақ айтып береді.

Осындай  банктерде кредиті бар қарыз алушылар не істеуі қажет?

Кредитті төлеуді әрі қарай жалғастыра беру керек. Жоспарланған төлем мерзімін өткізіп алмағаныңыз жөн, себебі банкке қатысты санкцияларға және басқа да мән-жағдайларға қарамастан, ешкім кредиттік міндеттемелерді алып тастаған жоқ.

«Сбербанк Қазақстан» АҚ ЕБ-ні мысалға алайық. АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) осы бас банкті және оның еншілес ұйымдарын SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне қосып, Сбербанкпен мәмілелерді аяқтау мерзімін 2022 жылғы 12 шілдеге дейін ұзартты. Бұл банк пен оның еншілес ұйымдарының салынған санкцияларға байланысты тікелей шектелген контрагенттермен операцияларды және мәмілелерді аяқтау жұмысын жүргізуге уақыты болуы үшін жасалды. Мұндай операцияларға шетел валютасындағы есеп айырысулар, халықаралық төлем жүйелері арқылы аударымдар, америкалық банктердің корреспонденттік шоттарын пайдалану және т.б. жатады.

Ағымдағы жылғы 13 сәуірде Halyk Bank онымен кепілсіз кредиттер портфелін, жылжымайтын мүліктің кепілімен алынған кредиттерді, тұрғын үй сатып алуға берілген кредиттерді сатып алу туралы мәміле жасады. Банктер өз клиенттері үшін ештеңенің өзгермейтінін түсіндірді: Сбербанк Қазақстанның қолданыстағы қарыздар бойынша шарттары өзгеріссіз қалады және қарыз алушылар ешқандай күтпеген шығынға тап болмайды. Сбербанк Қазақстаннан қарыз алушылар үшін ай сайынғы өтеу күні бұрынғыдай қалады, кредиторлардың ауысуы да олардың кредиттік тарихына әсер етпейді.

Демек, кредиттік портфельді басқа банктерге беру сіздің кредитіңізді жоюды білдірмейді! Осылайша, кредиттері Халық банкке өткен Сбербанк Қазақстанның қарыз алушылары өз қарыздарын Halyk Bank арналары арқылы – банкоматтар көмегімен, бөлімшелерде немесе мобильдік немесе онлайн-банкинг арқылы төлей алады. Ең бастысы – төлем жасалғаны туралы басып шығарылған немесе электрондық түрдегі барлық түбіртектерді сақтаңыз.

Интернетте таралуы мүмкін тексерілмеген ақпаратқа сенбеңіз, онда сізді кредиттер бойынша төлемдерді тоқтата тұруға шақырады. Егер сіз мұны жасасаңыз, онда сіз төлем мерзімін өткізіп аласыз және өсімпұл есептеледі.

 Кредит – бұл қарыз алушы банктік қарыз шартына қол қою арқылы өзіне алатын үлкен жауапкершілік. Бұл құжатта қарыз бойынша төлемдерден жалтарған жағдайда кездесетін барлық салдарлар көрсетілген. Әдетте, шартта көзделген барлық айыпақы айыппұл болып табылады, яғни шығындар айыпақыдан тыс толық сомада өндіріп алынады. Қарыз алушының қарызды толық өтеу және ол бойынша сыйақыны шартта көзделген тәртіппен, мерзімде және мөлшерде төлеу міндеттері туралы бөлімді мұқият қайта оқып шығыңыз, сондай-ақ банкке өз міндеттемелерін орындамаудың нақты немесе ықтимал жағдайлары туралы уақтылы хабарлаңыз.

Кредитті төлемеудің аяғы неге әкеледі?

Біріншіден, кредитор міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроға жіберуге тиіс. Сонымен қатар, осы ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда да көрсетілетін болады.

Екіншіден, кредитор төлем талабын бере алады (егер бұл шара шартта келісілген болса) және борышкердің қосымша келісімінсіз белгілі бір сома банктік шоттан алынады. Мысалы, бұл жалақы болуы мүмкін. Бірақ бұл ретте жеке тұлғаның ағымдағы шотында сақталатын ақша сомасы заңнамалық тәртіппен белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Үшіншіден, кредитор берешекті сотқа дейін өндіріп алу мен реттеуді коллекторлық агенттікке бере алады.

Төртіншіден, егер кредит кепілмен қамтамасыз етілген болса, онда борышкердің кепіл мүлкі сот арқылы немесе сотқа дейінгі тәртіппен сатылуы мүмкін.

Берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге қарыз шартында қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген кезде қаржы ұйымының коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде жол беріледі.

Кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Сот барлық мән-жайларды, оның ішінде банк пен қарыз алушының берешекті реттеу бойынша барлық шараларды қолданған-қолданбағанын да ескеретін болады.

Бесіншіден, борышкер елден шыға алмайды. Ол сот орындаушысының қаулысы бойынша шетелге шығуы шектелген азаматтардың тізіміне енгізілуі  мүмкін. Осы борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қою туралы қаулы соттың санкциялауына жатады.

Сот санкциялағаннан кейін борышкер қаулының көшірмесін алады. Сондай-ақ, қаулы көшірмесін шекара қызметі де алады, ол борышкерді базада қарыздың өтелгені  расталғанға дейін шетелге шығармайды.

Сондықтан, істі сотқа жеткізбеу үшін қарыздарыңызды әрдайым уақытында жауып, айыппұлдарды, баж салықтарын, алименттерді және коммуналдық төлемдерді төлеген дұрыс.

Кредит бойынша міндеттемелерді орындамау тең қарыз алушыны,  кепіл болушыны және кепілгерді айтарлықтай сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін, өйткені олар да қарыз алушы сияқты қаржы ұйымдарының алдында  жауап береді. Банктің қандай жағдайда екені, оған қандай да бір санкцияның енгізілгені немесе лицензиядан айырылғаны маңызды емес.

Ал салымшылар не істейді?

Сбербанк Қазақстан салымшылары, мәселен, Қазақстандағы ресейлік банктердің, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар және біздің елде өз қызметін іске асыратын банктердің басқа да еншілес банктері сияқты уайымдамауларына болады: олардың теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттері, сондай-ақ төлем карточкалары мен банктік шоттардағы ақшалары «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың (бұдан әрі – ҚДКҚ) кепілдігінде.

ҚДКҚ қаражатынан өндіріп алуға жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің құқығы бар.

Естеріңізге сала кетейік, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қорғауына тек банк салымдары ғана жатпайды. ҚДКҚ жеке тұлғалардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлердің төлем карточкаларын қоса алғанда, барлық ағымдағы шоттарындағы ақшаға барынша кепілдендірілген сома шегінде кепілдік береді. Депозиттер бойынша есептелген де, капиталдандырылып қойған пайыздар да кепілдікке кіретінін, бірақ кепілдіктің ең жоғарғы сомасы шегінде кіретінін атап өткен жөн.

Жеке адамдардың металл шоттарында сақталатын қаражат, банктік ұяшықтарда орналастырылған ақша мен құндылықтар, депозиттік сертификаттарға кепілдік берілмейді.

Кепілдіктердің ең жоғары сомалары қандай?

 Қазіргі күні кепілдіктің ең жоғары сомасы:

  • ұлттық валютадағы жинақ салымдары (депозиттер) бойынша 20 млн теңге;
  • ұлттық валютадағы карточкалар, шоттар мен басқа да депозиттер бойынша 10 млн теңге;
  • шетел валютасындағы (қатысушы банкті лицензиядан айыру күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша баламада) карточкалар, шоттар мен депозиттер бойынша 5 млн теңгені құрайды.

Кепілдіктің әрбір жекелеген адамға емес, оның ақшасы сақталатын әрбір банкке қатысты қолданылатынын ескеру маңызды. Яғни, егер сізде  бір банкте бірнеше депозит ашылған болса, банктік/ағымдағы шоттарда ақша, шетел валютасында депозит қалса – бұл банк таратылған кезде барлық салым жинақталады (барлық депозиттер бойынша сыйақымен бірге) және кепілдік берілген өтемақының жиынтық сомасы – депозиттің әрбір түрі бойынша шектерді ескере отырып, 20 млн теңгеден аспайтын сома төленеді.

Салымшының шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКҚ банк лицензиядан айрылған күндегі валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша өтемақы төлейді. Кепілдік берілетін өтемақы сомасынан асатын депозиттер бойынша қалдықты банктің мәжбүрлі тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген уақыттан бастап тағайындалатын тарату комиссиясы таратылатын банктің кредиторлары тізілімінің талаптарын қанағаттандырудың кезектілігіне сәйкес өтейтін болады.

Кепілдік өтемақының мөлшеріне тек депозиттер мен шоттардағы ақшалар ғана емес, сондай-ақ егер бар болса, салымшының қарызға алынған қаражаты да әсер етеді. Мысалы, салымшының 10 000 000 теңге көлемінде жинақ депозиті бар, ағымдағы шоттарында 500 000 теңге ақша қалды, сонымен қатар оның 2 500 000 теңге көлемінде өтелмеген кредиті бар. Бұл жағдайда ең алдымен берешек өтеледі де, содан кейін ғана кепілдік өтемақы сомасы өзара есепке жатқызу арқылы қалыптастырылады. Осылайша, өтемақы сомасы 8 000 000 теңгеге тең болады.

Бұл банктердегі жағдайды қалай және қайдан білуге болады?

Тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіздер. Ақпаратты тексерудің ең тиімді орындары – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің http://www.gov.kz/ сайты, http://www.fingramota.kz қаржылық сауаттылықты арттырудың бірыңғай медиапорталы, сонымен қатар «Fingramota Online» мобильдік қосымшасының таспасы, оны мына сілтемелер арқылы тегін жүктеп алуға болады:

          Осы тақырып бойынша сұрақтарыңыз болса, консультация алу үшін Агенттіктің Call-орталығына мына телефон нөмірі бойынша хабарласа аласыз: +7 (727) 237 1000 (жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін).

Қаржылық сауаттылығыңызды бізбен бірге арттырыңыз!

Соңғы жаңалықтар
21.11.2024
Елдегі төлем карталарының саны 80 миллион бірлікке жетті
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы қолма-қол ақшасыз карточкалық операциялар бойынша статистикаға шолу ұсынады.
18.11.2024
Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі өтті
15 қарашада Алматыда қазақстандық қаржы нарығы мамандарының дәстүрлі жыл сайынғы кездесуі өтті. ҚҚҚ, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұйымдастырған қаржыгерлердің он екінші Конгресі Қаржы секторын ырықтандыру және дамыту тақырыбына арналды.
13.11.2024
Сарапшылар USD KZT бағамын бір жылдан кейін бір доллар үшін 507 теңге деңгейінде күтеді
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылғы қарашадағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынады.
12.11.2024
Қаржы секторы құрылыс, байланыс және ауыл шаруашылығы салалары біріктірілгендей көп салық төлейді
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы Қазақстанның банк секторына шолу ұсынады.
28.10.2024
Корпоративтік облигацияларды орналастыру жыл басынан бері 3 трлн теңгеден асты
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылдың 9 айындағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына шолу ұсынады.
13.10.2024
Сарапшылардың төрттен үш бөлігі базалық мөлшерлеменің ішкі инфляциялық факторлар аясында сақталуын күтуде
ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2024 жылғы қазандағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынады.