18.02.2026
273 cапарлар
Өңірлер бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің ену деңгейі теңесіп келеді

ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылға арналған банк карталары арқылы жүргізілген қолма-қол ақшасыз операциялар статистикасына шолуын ұсынады.

Резюме

  • Қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығы кемелдену кезеңіне өтті: транзакциялардың абсолюттік көлемінің өсімі сақталып отырғанымен, ел бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың жалпы үлесінің артуы мардымсыз болып қалуда.
  • 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі қолма-қол ақшасыз карталық транзакциялар көлемі ₸186 трлн-ға жетті (+13% ж/ж), бұл ЖІӨ-нің 187%-ына тең.
  • Қолма-қол ақшасыз есеп айырысулардың өсуі макроэкономикалық және құрылымдық факторлар жиынтығының әсерінен қалыптасты. Бөлшек (+7,5% — ₸26,4 трлн-ға дейін) және көтерме сауда (+9,5% — ₸53,5 трлн-ға дейін) көлемінің артуы онлайн-банкинг пайдаланушылары санының өсуімен (25,9-дан 34,3 млн-ға дейін) және сауда кәсіпорындары санының көбеюімен (886,6 мыңнан 944,9 мыңға дейін) ұласты, бұл қолма-қол ақшасыз есеп айырысулардың одан әрі тереңдеуіне ықпал етті.
  • Бұл ретте қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі бір жыл бұрынғы 86,7%-бен салыстырғанда небәрі 87,2%-ға дейін өсті. Бұл жоғары база әсерімен (ірі қалалар мен облыстарда қолма-қол ақшасыз төлемдер қанығу деңгейіне жақын), сондай-ақ қолма-қол ақшаға деген тұрақты сұраныстың сақталуымен түсіндірілуі мүмкін.
  • Елдегі қолма-қол ақша көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша ₸4,4 трлн болған көрсеткішпен салыстырғанда ₸4,7 трлн-ға дейін өсті (+8,6%). Бұл экономиканың жекелеген сегменттерінде (шағын бизнес пен қызмет көрсету саласында) қолма-қол ақшаны пайдаланудың жалғасуымен түсіндіріледі.
  • Осылайша, қолма-қол ақшасыз төлемдер қолма-қол ақшаны айналымнан ығыстырып шығару есебінен емес, негізінен экономиканың жалпы айналымының артуы мен номиналды шығыстардың ұлғаюы есебінен өсіп отыр.
  • Орта есеппен әр қазақстандыққа шаққанда қолма-қол ақша көлемі бір жыл бұрынғы ₸216 мыңмен салыстырғанда ₸232 мыңды құрады. Бұл ретте, 2025 жылы қазақстандықтар банкоматтар арқылы ₸27,3 трлн қолма-қол ақша алды, бұл 2024 жылғы ₸25,4 трлн-мен салыстырғанда 8%-ға артық. Бұл экономикада қолма-қол ақшаға деген жоғары сұраныстың сақталып отырғанын көрсетеді.
  • Өсімнің 83%-ын ақша қаражатының жалпы айналымы мен күнделікті есеп айырысу қарқындылығы дәстүрлі түрде жоғары болып келетін Алматы (+₸1,2 трлн), Астана (+₸217 млрд) және Шымкент (+₸154 млрд) қалалары қамтамасыз етті.
  • 2025 жылғы қолма-қол ақшасыз төлемдердің құрылымы QR-төлемдер жағына қарай сәл ығысты: олардың үлесі 9,8%-дан 10,3%-ға дейін өсті. POS-терминалдар арқылы жасалатын төлемдердің үлесі іс жүзінде өзгерген жоқ (9,5%-дан 9,6%-ға дейін), ал интернет-төлемдердің үлесі 80,7%-дан 80,0%-ға дейін сәл төмендеді.
  • QR-төлемдердің таралуына олардың бизнес үшін үнемділігі, пайдаланушылар үшін ыңғайлылығы мен жылдамдығы, сондай-ақ қабылдау желісінің кеңеюі және мобильді банктік сервистердің белсенді дамуы ықпал етті.
  • POS-терминалдар арқылы жасалатын төлемдер үлесі сақталғанымен, әртүрлі факторлардың, соның ішінде төлемдердің бір бөлігінің біртіндеп QR-төлемдер жағына қарай ығысуының әсерінен POS-терминалдар желісі тарылып келеді (1,4-тен 1,3 млн бірлікке дейін).
  • 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті жүйелердің төлем карталарының саны 28,0 млн-ға дейін (+4,9%), ал халықаралық жүйелердікі — 56,5 млн-ға дейін (+3,5%) өсті. Бұл сыртқы төлем жүйелеріне тәуелділікті азайтуға және операцияларды жүргізу шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін жергілікті төлем инфрақұрылымы рөлінің күшеюін көрсетеді.

Кезеңнің қысқаша қорытындылары

Төлем жүйесінің қарқынды дамуы нарық қатысушылары арасындағы бәсекелестіктің күшеюі, цифрлық инфрақұрылым мен сервистерге салынған ауқымды инвестициялар, сондай-ақ технологиялық трендтер мен қаржылық қызметтердің жедел цифрландырылуы негізінде қалыптасқан тұтынушылық мінез-құлықтағы өзгерістер есебінен жалғасуда.

Сонымен қатар, елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығы қарқынды өсу кезеңінен кемелдену кезеңіне біртіндеп көшіп жатыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі «қолма-қол ақшасыз» төлемдердің ену деңгейі 87,2%-ға (+0,5 пайыздық тармақ) жетті, бұл нарықтың пайдаланушыларды қамту және инфрақұрылымды кеңейту есебінен өсудің табиғи шегіне жақындағанын көрсетеді.

Өңірлік бөліністе 2025 жылы қолма-қол ақшасыз транзакциялар үлесінің өсуі бойынша Ұлытау (+3,4 п.т.), Ақмола облысы (+3,2 п.т.) және Жетісу (+2,7 п.т.) сияқты аймақтар көш бастады. Бұл ірі қалаларда нарық қанығу деңгейіне жақын болған тұста, ел бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің ену деңгейінің біртіндеп теңесіп келе жатқанын көрсетеді. Нәтижесінде қолма-қол ақшасыз операциялар үлесінің өсімі ел бойынша біркелкі сипатқа ие болуда, ал оның ары қарайғы кеңеюі көбінесе қалыптасқан цифрлық орта ішіндегі операциялардың жиілігі мен көлемінің артуына және жалпы экономикалық белсенділік серпініне байланысты болуы мүмкін.

Осы тұрғыда, қолайлы экономикалық болжамдар мен көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша жоспарланған ауқымды шаралар (үкіметтің жоспары бойынша 2026 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-ге шаққанда 14,5%-ға дейін) аясында 2026 жылы қолма-қол ақшасыз операциялардың абсолюттік көлемдерінің оң динамикасы сақталады деп күтілетінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, нарықтың кемелдену деңгейінің жоғары болуына байланысты, қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесінің артуы қалыпты болып қалуы ықтимал. Негізгі өзгерістер төлемдердің құрылымында орын алуы мүмкін — бұл QR-есеп айырысулардың одан әрі таралуы, мобильді сервистердің дамуы және күнделікті операцияларда қолма-қол ақшасыз құралдарды пайдаланудың тереңдеуі есебінен жүзеге аспақ.


Шолуын PDF-нұсқасы

ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.

Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

Соңғы жаңалықтар
18.02.2026
Өңірлер бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің ену деңгейі теңесіп келеді
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылға арналған банк карталары арқылы жүргізілген қолма-қол ақшасыз операциялар статистикасына шолуын ұсынады.
12.02.2026
Бюджет мұнай тәуелділігінен біртіндеп арылып келеді, бірақ борыштық жүктеменің артуына тап болуда
ҚҚҚ Талдау орталығы назарларыңызға Қазақстан Республикасының 2025 жылғы бюджет теңгеріміне қатысты шолуды ұсынады.
12.02.2026
Аннуитеттік және жинақтаушы сақтандыру өнімдері ӨСК сегментіндегі сақтандыру сыйақыларының жартысынан астамын қалыптастырады
ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына жасалған шолуды ұсынады.
11.02.2026
Бір жылдан кейінгі күтілетін инфляцияның орташа бағалауы бұған дейінгі 11,4%-дан 11,6-ға дейін өсті
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы нарықтың кәсіби қатысушылары арасында 2026 жылғы ақпанда кейбір индикаторларға қатысты жүргізілген кезекті сауалнама нәтижелерін назарларыңызға ұсынады.
05.02.2026
Банктер қымбат қаржы ресурстарына, салықтық жүктеменің артуына және реттеуші шектеулерге бейімделіп жатыр
ҚҚҚ Талдау орталығы сіздердің назарларыңызға Қазақстанның 2025 жылғы банк секторына шолуын ұсынады.
04.02.2026
Жалпы сақтандыру нарығының табыстылығы төлемдердің артуына байланысты төмендеді
ҚҚҚ талдау орталығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы сақтандыру нарығына жасалған талдауды ұсынады.