ҚҚҚ талдау орталығы 2026 жылдың 7 айындағы Қазақстанның тауар айналымы бойынша шолуын назарларыңызға ұсынады.
Негізгі үрдістер
- Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында ҚР сыртқы сауда айналымы ж/ж 10,7%-ға өсіп, $87,7 млрд-ты құрады. Экспорт 15,8%-ға ұлғайып, $50,9 млрд-ты, ал импорт 4,3%-ға ұлғайып, $36,9 млрд-ты құрады.
- Нәтижесінде сауда балансының профициті 2025 жылдың қорытындысы бойынша үштен бірге қысқарғаннан кейін, 63,4%-ға кеңейіп, $14,0 млрд-ты құрады. Осылайша, ағымдағы жылы экономиканың сыртқы сауда позициясы едәуір жақсарды.
- Экспорттың өсуіне негізгі үлесті экспорттық түсімнің негізгі көзі болып қала беретін минералды өнімдер (+$2,9 млрд) қосты.
- Теңіздегі өндірістік шектеулер мен КҚК арқылы жөнелтудің іркілістеріне байланысты шикі мұнайдың физикалық жеткізілімдерінің төмендеуіне (-5,8%) қарамастан, оның құндық көлемі орташа экспорттық бағаның 14,2%-ға өсуі арқасында 7,6%-ға ұлғайды.
- Бұл ретте өсім тек мұнай сектормен шектеліп қалған жоқ: шикі мұнайды есепке алмағандағы тауарлар экспорты 24,6%-ға ұлғайып, $26,4 млрд-қа жетті және экспорттық түсімнің жалпы өсімінің шамамен үш ширегін қамтамасыз етті. Алайда мұнда да, әсіресе металлургия саласында, баға конъюнктурасы маңызды рөл атқарды.
- Металдар және олардан жасалған бұйымдар экспорты 20,2%-ға өсіп, $7,1 млрд-қа жетті, бұл ретте өсімнің 93%-ын тазартылған мыс қамтамасыз етті. Оның жеткізілім құны физикалық көлемнің небәрі 9,3%-ға өсуі аясында 49,1%-ға ұлғайды.
- Физикалық жеткізілімдердің айтарлықтай ұлғаюы аграрлық экспорттан көрініс тапты. Жануарлар және өсімдік тектес өнімдердің экспорты 33,6%-ға өсіп, $5,0 млрд-қа жетті. Заттай көлемде мал азығы жеткізілімі 49,7%-ға, күнбағыс майы — 36,4%-ға, ұн — 22,2%-ға, бидай — 12,8%-ға өсті. Бұл аграрлық сегментті экспорт көлемінің физикалық тұрғыдан артуының басты көздерінің біріне айналдырады.
- Шикізаттық емес экспорт тұтастай алғанда 19,5%-ға өсіп, $18,6 млрд-қа жетті, ал оның үлесі 35,4%-дан 36,5%-ға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, өсімнің шамамен 81%-ын тазартылған мыс, уран, алтын және күміс қамтамасыз етті.
- Шикізаттық емес экспорт үлесінің артуы тереңірек өңделген өнім жеткізілімдерінің кеңеюін тек ішінара көрсетеді және едәуір дәрежеде жекелеген биржалық тауарлардың динамикасына тәуелді.
- Импорт салыстырмалы түрде қалыпты қарқынмен — 4,3%-ға өсті, бұл ретте оның құрылымы өндірістік қажеттіліктерге қарай ауысты. Негізгі өсім машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарына (+$846,9 млн) және минералды өнімдерге (+$815,7 млн) тиесілі болды.
- Төлем балансының деректері бойынша, бірінші жартыжылдықта аралық тауарлар импорты 13,8%-ға, инвестициялық тауарлар импорты 7,9%-ға өсті, ал тұтынушылық азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты 11,2%-ға төмендеді. Бұл импорт өсімінің неғұрлым айқын инвестициялық-өндірістік сипатқа ие екенін көрсетеді.
- Теңгенің нығаюы (2026 жылдың 7 айында 11%-ға) импорттың бағалық жағдайларын қосымша жақсартты, бұл қолайлы сыртқы баға аясымен (төменде қараңыз) бірлесіп, импортталатын инфляцияның ішкі нарыққа таралуын шектеді.
- Сауданың жақсаруы сыртқы сектордың анағұрлым кең көрсеткіштерінен көрініс тапты. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы шоты бір жыл бұрынғы $3,6 млрд тапшылықтан $2,4 млрд профицитке шықты. Естеріңізге сала кетсек, жыл қорытындысы бойынша ҚРҰБ ағымдағы шоттың $0,9 млрд деңгейіндегі тапшылығын күтуде.
- Сонымен қатар, экспорттық түсімнің өсуіндегі баға факторының елеулі рөлі сыртқы позицияның әлемдік шикізат баға конъюнктурасына тәуелділігін сақтап отыр. Бағалар ағымдағы жоғары деңгейлерден қалыпқа келген жағдайда, баға факторының экспорттық түсімдердің өсуіне қосар үлесі әлсіреуі мүмкін.




Резюме
2026 жылдың алғашқы жеті айының нәтижелері Қазақстанның сыртқы сауда позициясының өткен жылғы әлсіреуін іс жүзінде өтеді. Сауда профициті әлдеқашан 14,0 миллиард долларға жетті — бұл 2025 жылдың соңындағы $14,2 млрд деңгейімен бірдей. Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықтағы төлем балансының ағымдағы шоты бірден $6,0 млрд-қа жақсарды: $3,6 млрд тапшылықтан $2,4 млрд профицитке дейін өсті. Бұл аса тұрақты сыртқы теңгерімді және валюта нарығы үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.
Сонымен қатар жақсарудың сапасы біртекті емес күйінде қалып отыр. Экспорттың өсуі мұнай секторынан тыс кеңейді, алайда жеткізілімдердің қосымша құнының едәуір бөлігі мұнайға да, металдарға да қатысты жоғары әлемдік бағалардың арқасында қалыптасты. Сәйкесінше, сыртқы позицияның ағымдағы нығаюы әзірге шикізат конъюнктурасына деген жоғары сезімталдығын сақтап отыр және экспорттың физикалық көлемінің ұлғаюын толық көлемде көрсетпейді.
Импорт құрылымында анағұрлым сындарлы өзгерістер байқалады. Оның салыстырмалы түрде қалыпты өсуі сұраныстың жабдықтар, аралық және инвестициялық тауарлар пайдасына қарай ығысуымен ұштасып отыр. Бұл импорттық сұраныстың бір бөлігі соңғы тұтынумен емес, өндірістік базаны кеңейтумен байланысты екенін білдіреді. Егер жабдықтар мен аралық өнімдерді әкелудің өсуі жаңа қуаттарды іске қосумен қатар жүретін болса, бұл ішкі ұсыныс пен экспорттық әлеуетті қолдауға қабілетті.
Осылайша, 2026 жылы сыртқы сауда бір жыл бұрын көрсеткіштердің айтарлықтай нашарлауынан кейін макроэкономикалық тұрақтылық факторына қайта айналды. Бұл ретте ағымдағы жақсарудың тұрақтылығы экспорттың өсуі негізінен баға сипатынан физикалық жеткізілімдердің айқынырақ кеңеюіне қаншалықты ауыса алатынына байланысты болады. Шикізат бағасының қалыпқа келуі ағымдағы серпінді әлсіретуі мүмкін, ал өндірістік қуаттардың және тереңірек өңделген өнім экспортының ұлғаюы сыртқы баланстың жақсару үдерісін тұрақты ете түседі.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

