ҚҚҚ талдау орталығы назарларыңызға 2025 жылғы Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығына жасалған шолуды ұсынады.
Кезеңнің негізгі үрдістері
- Өмірді сақтандыру нарығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштердің өсу қарқыны жағынан көшбасшылығын сақтап, қаржы нарығындағы ең қарқынды дамып келе жатқан сегменттердің бірі деген мәртебесін тағы да растады.
- Өмірді сақтандыру компанияларының (ӨСК) активтері ₸2,2 трлн-ға дейін өсіп, 565 млрд теңге немесе +33,7%) артты және сақтандыру нарығының 57,3%-ын (2024 жылы – 53,7%) құрады. Бұл өнім желісінің кеңеюі және жинақтаушы мен инвестициялық өнімдерге сұраныстың артуымен байланысты.
- 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша активтер құрылымының 84%-ы немесе ₸1,9 трлн қор нарығындағы қолайлы динамика аясында бағалы қағаздарға тиесілі болды (+₸457 млрд). Одан кейін ақшалай қаражат пен орналастырылған салымдар – 8% немесе ₸178 млрд (+₸84 млрд), сондай-ақ кері РЕПО операциялары – 5% немесе ₸115 млрд (+₸23 млрд) тұр. Бұл бағыттардың өсуі жүйедегі пайыздық мөлшерлемелердің артуымен және «қысқа мерзімді» өтімділікті басқару мен ағымдағы қызметті қолдау қажеттілігімен байланысты болды.
- Активтердің өсуі сақтандыру міндеттемелерінің ₸1,7 трлн-ға дейін (+₸412 млрд немесе 33,3%) ұлғаюымен қатар жүрді. Бұған күтілетін ақшалай ағындардың ең үздік бағалауының артуы (+₸311 млрд немесе 42,2%) және сақтандыру шартында көзделген қызметтер үшін маржаның өсуі (+₸68 млрд немесе 14,4%) негізгі фактор болды. Бұл көрсеткіштер шарттар портфелінің кеңеюін (+6,1%, 564 мың бірлікке дейін) және сақтандыру компаниялары міндеттемелерінің орташа мерзімділігі біртіндеп ұзарып жатқанын көрсетеді.
- Осы тұрғыда сектор ұзақ мерзімді ресурстарды жинақтау және оларды бағалы қағаздар нарығы арқылы қаржы жүйесіне қайта бөлу жолымен институттық инвестор функциясын орындауды жалғастыруда.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру міндеттемелерінің активтерге қатысы 75,3%-ды құрады (бұған дейін – 76,4%). Бұл теңгерімді баланс құрылымының, өтімділіктің қолайлы деңгейінің және сектор тұрақтылығының сақталуын көрсетеді.
- Сонымен қатар, 2025 жылдағы сақтандыру сыйақыларының көлемі қалыпты өсім (+₸104 млрд немесе 10,7%) көрсетті. Бұған негізінен жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша сыйқақылар көлемінің азаюы (-26% немесе -₸35 млрд) себеп болды. Бұл, ықтимал түрде, өткен жылғы жоғары база әсерімен және бөлшек несиелеу белсенділігінің айтарлықтай баяулауымен байланысты.
- Алайда, аннуитеттік сақтандыру бойынша сыйақылардың өсуі (+15% немесе ₸67 млрд), бірлескен аннуитетті енгізу және оны жеке категориядағы тұлғалар үшін қолжетімділікті арттырумен байланысты, сондай-ақ өмірді сақтандыру бойынша сыйақылардың өсуі (+24% немесе ₸57 млрд) клиенттерді қамтудың артуы және өнімді белсенді насихаттау нәтижесінде жалпы жинақтарды қолдап отырды.
- Сақтандыру төлемдері қарқынды өсім көрсетті (+40% немесе +₸44,5 млрд), бұл жинақтаушы және аннуитеттік өнімдер портфелінің табиғи кемелденуімен, сондай-ақ орын алған сақтандыру жағдайлары санының артуымен байланысты. Төлемдердің негізгі драйверлері ретінде аннуитеттік сақтандыру (+₸36 млрд), өмірді сақтандыру (+₸7,0 млрд) және жазатайым оқиғалардан сақтандыру (+₸1,3 млрд) қалып отыр.
- Төлемдердің озу қарқынымен өсуіне қарамастан, таза пайда 44%-ға ұлғайып, ₸209 млрд-қа жетті. Бұған сақтандыру түсімінің өсуі (+₸25 млрд), инвестициялық кірістің (+₸23 млрд) және қаржылық активтермен операциялардың (+₸9 млрд) оң динамикасы, сондай-ақ операциялық шығыстарды (аквизициялық, жалпы және әкімшілік шығыстарды) оңтайландыру ықпал етті.
- Нәтижесінде өмірді сақтандыру компанияларының (ӨСК) жиынтық капиталы ₸355 млрд-қа (+₸56 млрд) дейін өсті, ал сектор табыстылығы 31,5%-ға дейін жақсарды (2024 жылдың қорытындысы бойынша 28,2% болған).







Кезеңнің қысқаша қорытындылары
2025 жылдың қорытындысы бойынша өмірді сақтандыру секторы тұрақты екі таңбалы оң динамиканың сақталғанын көрсетті, алайда өсу құрылымы біртіндеп өзгеруде.
Активтердің кеңеюі (+34%), сақтандыру міндеттемелерінің ұлғаюы (+33%) және пайданың артуы (+44%) сыйақылар өсімі қарқынының баяулауымен (+11%) және сақтандыру төлемдері өсімінің озыңқы болуымен (+40%) қатар жүрді. Бұл нарықтың бұрын қалыптасқан ұзақмерзімді шарттар портфелінің біртіндеп кемелдену кезеңіне өткенін көрсетеді.
Соған қарамастан, аннуитеттік және ұзақмерзімді жинақтаушы өнімдердің ӨСК саласының негізгі драйвері ретінде біртіндеп орнығуы сақтандыру компанияларының институционалдық инвестор ретіндегі рөлін және қаржы жүйесі үшін ұзақмерзімді ресурстар көзі ретіндегі маңызын арттыра түседі.
2025 жылы ӨСК нарығындағы сақтандыру сыйақыларының жартысынан астамы ұзақмерзімді сақтандыру бағдарламаларына тиесілі болды. Атап айтқанда, ӨСК нарығындағы сақтандыру сыйақыларының 48,3%-ы зейнетақы аннуитеттері қалыптастырса, ал 9,2%-ы өмірді ерікті жинақтаушы сақтандыруға тиесілі болды.
Бұл нарық құрылымының ақша ағындары неғұрлым болжамды және инвестициялық көкжиегі ұзақ болатын мерзімді өнімдерге қарай одан әрі ығысып жатқанын көрсетеді. Мұндай жағдайда сектордың қаржылық нәтижелері үшін активтерді басқару тиімділігі және инвестициялық стратегиялардың теңгерімділігінің маңызы арта түседі.
Қазіргі серпін активтерді басқарудың тиімділігі сақталып отырғанын көрсетеді. Бұл сектор табыстылығының бір жыл бұрынғы 28,2%-бен салыстырғанда 31,5%-ға дейін өсуімен дәлелденеді. Бұл ретте барлық өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) жылды оң қаржылық нәтижемен аяқтады.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.

