 
	
					ҚҚҚ талдау орталығы сіздердің назарларыңызға 2025 жылдың 9 айындағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына шолу ұсынады.
Кезеңнің негізгі үрдістері:
- Елдегі ақша-несие саясатының қатаңдатылуы, жаһандық капитал нарықтарындағы жоғары құбылмалылыққа және өңірдегі геосаяси белгісіздіктің сақталуына қарамастан, а.ж қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша AIXQI индексі 0,7%-ға, ал KASE индексі 28,2%-ға өсті.
- Жекелеген ірі компаниялардың құнды қағаздары нарыққа едәуір серпін берді: жергілікті инвесторлар тарапынан ең жоғары сұраныс БЦК (+133,7%), Solidcore Resources (+59,3%) және ҚМГ (+50,1%) акцияларына түсті. Бұл қағаздарға бизнестің әрі қарай өсуі мен қаржылық нәтижелердің жақсаруына қатысты күтулер, салалық үрдістер (мысалы, алтын бағасы 46,7%-ға қымбаттады), сондай-ақ дивидендтік фактор қолдау көрсетуі мүмкін.
- Сонымен қатар бірқатар эмитенттердің акциялары дивидендтік саясаттың қайта қаралуы, корпоративтік оқиғалар және инвесторлардың қаржылық нәтижелерге қатысты күтулерінің өзгеруі аясында қысым астында қалды (төменде келтірілген).
- Индекстік акциялардағы (AIX+KASE) өтімділік айтарлықтай артты: сауда-саттықтың жиынтық көлемі ₸217,0 млрд-қа жетіп, 51% өсті. Бұл инвесторлардың қатысуының артып келе жатқанын және нарықтық инфрақұрылымның нығаюын көрсетеді.
- Айналымның жартысынан астамын үш құнды қағаз — ҚМГ (жалпы көлемнің 20%), Халық Банкі (19%) және Қазақтелеком (13%) акциялары қамтамасыз етті. Бұл нарықтың ағымдағы құрылымын көрсетумен қатар, инвестицияларды әртараптандырудың өсуіне және эмитенттер арасындағы бәсекенің күшеюіне алғышарттар жасайды.
- Жыл басымен салыстырғанда тәуекелсіз кірістілік қисығы бойынша мөлшерлемелер айтарлықтай өсті. Бұл базалық мөлшерлеменің көтерілуі мен инфляциялық қысымның сақталуының салдары болды. Өсім орта мерзімді (1–3 жыл) және ұзақ мерзімді (3 жылдан жоғары) сегменттерде де байқалды – кірістілік 400 б.т.-тан астамға артты.
- МБҚ бойынша жоғары мөлшерлемелер бейрезидент инвесторлардың Қаржы министрлігінің облигацияларына қаражат тартуын ынталандырды: олардың инвестициялары 36,7%-ға өсіп, ₸975 млрд-тан ₸1,3 трлн-ға жетті.
- Экономикадағы ақша құнының қымбаттау үрдісіне сәйкес корпоративтік облигациялар кірістілігі де өсті: корпоративтік облигациялар кірістілігі индексі (KASE_BMY) а.ж. қаңтар–қыркүйек айларында 159 б.т.-қа өсіп, жылдық 16,09%-ға жетті. Бұл сол кезеңде базалық мөлшерлеменің 125 б.т.-қа (16,5%-ға дейін) көтерілуімен салыстырмалы деңгейде болды.
- Қатаң қаржылық жағдайларға қарамастан, корпоративтік облигациялар шығару белсенділігі артты. Бастапқы нарықтағы жалпы көлем 20,5%-ға өсіп, ₸2,5 трлн-нан ₸3,0 трлн-ға жетті. Негізгі үлесті КМС эмитенттері қамтамасыз етті: ҚТК – ₸200 млрд, Самұрық-Қазына ҰӘҚ – ₸120 млрд, ҚОҚ – ₸114 млрд, Отбасы Банк – ₸103 млрд және ҰБХ «Бәйтерек» – ₸102 млрд. Сондай-ақ жекелеген ЕДБ мен МҚҰ тарапынан да белсенділік байқалды (төменде келтірілген).
- Ақша-несие саясатының әрі қарай қатаңдатылуы, жылжымайтын мүлік бағаларының өсуі, салық салу саласындағы өзгерістер және әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық өтімділіктің ағынын шектеуі мүмкін және жылдың соңына дейін жергілікті индекстердің серпінін қалыпты деңгейде ұстап тұруы ықтимал.




Резюме
Нарық индекстерінің оң динамикасы аясында еліміздің қор нарығының капитализациясы ₸53,4 трлн-ға дейін (+23,6%), немесе ЖІӨ-нің 35,4%-ына дейін өсті. Инвестициялық портфельдерді басқарушы ұйымдардың (ИПБ) басқаруындағы активтер көлемі ₸1,8 трлн-ға дейін (+49,6%), яғни ЖІӨ-нің 1,2%-ына жетті.
Биыл нарықтағы орташа дивидендтік кірістілік екі еседен астам өсіп, 8,9%-ға жетті (өткен жылы 4,4% құраған). Есепті кезеңде акционерлеріне дивиденд төлемдерін жүзеге асырған 8 компания болды, олардың қатарында арнайы (біржолғы) дивидендтер төлеген ұйымдар да бар.
Жоғары дивидендтік кірістілік пен акция бағаларының өсуі тәуекелге шаққандағы тартымды табыстылықты қалыптастырып, елдегі инфляция деңгейінен айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Сонымен қатар өтімділіктің және сауда көлемінің шоғырлануының артуы инвесторлардың неғұрлым кәсіби көзқарасын және институционалдық қызығушылықтың күшеюін білдіреді.
МБҚ және корпоративтік бағалы қағаздар бойынша кірістіліктің артуы капиталдың қымбаттауына байланысты жалпы үрдісті көрсетеді. Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің облигацияларына бейрезидент инвесторлардың инвестицияларының өсуі ұлттық валютаның бағамдық құбылмалылығына қарамастан, теңгедегі қаржы құралдарына деген сенімнің сақталып отырғанын растайды.
Жоғары мөлшерлемелерге қарамастан корпоративтік орналастырулардың жандана түсуі жекелеген эмитенттердің қымбаттаған қаржыландыру жағдайына бейімделе алу қабілетін және инвестициялық белсенділікті сақтап отырғанын көрсетеді. Алайда ақша-кредит саясатының қатаңдатылуы, жылжымайтын мүлік бағаларының өсуі, салықтық жағдайлардың өзгеруі және әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық факторлары қор секторының өтімділік ағынын шектеуі және жыл соңына дейін нарық индекстерінің динамикасын қалыпты деңгейде ұстап тұруы мүмкін.
ҚҚҚ талдау орталығы валюта, қор, тауар нарықтарындағы экономикалық жағдай, KASE эмитенттерінің талдауы, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері, сондай-ақ елдегі ағымдағы экономикалық жағдайға әсер ететін өзге де оқиғалар туралы әртүрлі мерзімділіктегі экономикалық шолуларды үнемі дайындайды. ҚҚҚ талдау орталығының материалдарымен ҚҚҚ сайтында танысуға болады.
Талдау материалдарын кез келген пайдалануға тек afk.kz дереккөзіне гиперсілтеме болғанда ғана жол беріледі.


